«ҚАЗАҚТЕЛЕКОМ»: Қала мен даланы жалғаған «алтын көпір»

1 Жаңалықтар

Atr.kz/1 тамыз, 2019 жыл. «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы ақпарат көшінен қалмай, жаһанмен бірге жаңарып, озық отыз елмен бірге жасап келеді. Мұны жергілікті жерде атқарылып жатқан жұмыстардан да көруге болады. Өңірлерде қолға алынған байыпты бастамалар жан сүйсінтеді. Тың технология таңдай қақтырмай қоймайды.

Стандартқа сай қызмет

Бір ғана мұнайлы мекен – Атырауды алып қарайтын болсақ, қазыналы қалаға қонақтаған шетелдік инвесторлардың өздері таңқалыстарын жасырмайды. Олардың ойынша, посткеңестік мемлекеттердің экономикасы дамудың даңғыл жолына енді ғана түсіп жатыр. Соған сәйкес инфрақұрылым жүйелері де баяу жүргізіліп жатыр. Бұл – шетелдік меймандардың ойы. Ал, осында келіп жергілікті жағдайды көзбен көрген кезде көзқарастары күрт өзгергенін айтады. Сондай жандардың бірі – Австриядан келген қонақ Вольфганг Пробс. Ол «НКОК» компаниясында еңбек етеді.

– Мен көп жылдан бері Атырауда жұмыс жасап келемін. Өзіміздің Австрия болсын, басқасы болсын, қай мемлекетпен де шұғыл байланысу керек болады. Сондай кезде тың технология көмекке келеді. Соның ішінде, «Қазақтелекомның» қызметіне ерекше баға бергім келеді.

Сандық технологияның соңғы үлгісін енгізу арқылы халыққа қолжетімді қызмет ұсынып отырған мекеменің бұқарамен байланысы да жақсы жолға қойылған. Әсіресе, анықтамалық қызмет көрсетуші мамандар азаматтармен өте мәдениетті тілдеседі, сыпайы сөйлеседі. Қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап береді, – дейді В.Пробс.

Таңдай қақтырған технология

Расымен де, «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы сандық желіге ауысу жұмысын аяқтап, телекоммуникациялау бойынша ауқымды жобаны жүзеге асырғаны белгілі. Мұның бәрі де Қазақстан Үкіметі қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарына сәйкес іске асып отыр. Ең бастысы, ауыл тұрғындарының сапалы заманауи байланыс қызметіне қолы жетті.

internet veshchey1

Енді осы жасалып жатқан жұмыстар қалай бағаланып жатыр? Мәселен, жұмыс ауқымының кеңеюі өз кезегінде қызметкерлер құрамын көбейтуді талап етеді. Осы орайда, қызмет құны да қымбаттаса, таң қалмаңыз. Ал, сол тариф бағасы неден құралады? Бұл – тұтынушылар тарапынан жиі қойылатын сұрақ. Яғни, олар абоненттік төлемнен түсетін қаражат қайда жұмсалатынын білгісі келеді.

Бүгінгі заман талабына сәйкес ескі жабдықтар жаңасымен ауыстырылуы тиіс.

Сол сияқты, осыдан біраз жыл бұрын жүргізілген желілерді ауыстыру керек-ақ. Оның үстіне, аналогтық стансаларды сандық коммутациялық жабдықтармен алмастыру жұмыстары тағы бар. Міне, мұның бәріне қыруар қаржы жұмсалады. Ал, компанияға түсетін кірістің көп бөлігін тұтынушылардың төлемақысы құрайтыны айтпаса да түсінікті.

Турасын айтқанда, қосылғыштардың орнын ауыстырғанымызбен, қосынды өзгермейді. Демек, сапалы қызметтің құны да жоғары болады деген сөз. Мысал келтірсек, ғаламтор байланысының сапасы оның жылдамдығына байланысты. Сәйкесінше, абоненттік төлем мөлшері де соған шақталады.

Мүмкіндіктер мұнымен шектелмейді…

Шынымен де, аз уақытта атқарылған жұмыстың бәрін айтып тауысу мүмкін емес. Елбасының өзі бастамашыл болған алыс ауылдарды ғаламтор желісіне қосу жоспары толықтай орындалды емес пе?

Қазір еліміздің мұнайлы астанасындағы ең  шалғай жатқан Қызылқоға ауданының өзінде сымсыз байланыс орнаған.

«Қазақтелеком» акционерлік қоғамының бас техникалық директоры Александр Лезговко мүмкіндіктер мұнымен шектелмейтінін қаперге береді. Айтуынша, компанияның заманауи телекоммуникациялық инфрақұрылымын толық пайдалану керек.

– Бүгінде компания жеткен ең маңызды жетістіктердің бірі – жергілікті телефондық желілердің сандық жүйеге көшірілуі. Елдімекендерде абонентке жеткізетін мультисервистік жабдықтардың көмегімен мыңдаған бекітілген телефондық желі порттары пайдалануға берілді.

Сонымен бірге, интернет, IP-телефония, бейнеконференциялық байланыс, «виртуалдық номер» сияқты көптеген заманауи қызмет түрлерін қолдануға мүмкіндік туды. Жергілікті байланыс қызметінен бастап жоғары жылдамдықтағы ғаламтор қызметін пайдалануға және сандық теледидар көруге мүмкіндік беретін жабдықтар алдағы уақытта да орнатыла береді. Бұл жұмыстар осымен тоқтап қалады деген сөз емес, – дейді ол бізбен әңгімесінде.

Кейінге сәл шегініс жасар болсақ, байланыс қызметін сандық жүйеге көшіру жұмыстары осыдан 20-30 жыл бұрын басталып кетті десек те артық емес. 

Сөзімізге дәлел, бүгінде 100 пайыз сандық желіге бірінші болып қосылғандардың бірі Петропавл қаласындағы алғашқы «11 445» номерге арналған сандық станса (АТС).  Ол 1995 жылы пайда болған екен.

Ал, телекоммуникация желісін толықтай цифрландырған алтыншы өңір – Қостанай болып табылады. Ондағы бөлімшелер 1994 жылдың өзінде сандық желіге қосыла бастаған. Ал, 2007 жылы толықтай цифрландырылыпты. Міне, ғажап! Демек, сол сәттен бастап қостанайлықтар жүйрік ғаламтор мен сандық телевизия жемісін татып келе жатыр деген сөз ғой! 

Бұл аз десеңіз, аймақтарда талшықты-оптикалық байланыс желілері жүргізілді.

Қазір мұнымен тек ірі шаһарлар ғана емес, аудан орталықтары мен көптеген елді мекен қамтамасыз етілген. Көпшілігінде «CDMA» технологиясы бойынша сымсыз технология іске қосылған. Бұл не деген сөз? Яғни, кең жолақты интернет арқылы ой мен қыр, ауыл мен аймақ, қала мен дала арасында жіпсіз байланыс орнады.

P.R.

Осылайша, «Қазақтелеком» айнымас «алтын көпірге» айналды. Ендеше, сөз соңында «Қазақтелеком» мекемесінің ұядай ұжымына зор денсаулық, мол табыс тілейік.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз