Қазақ газының қарымы
Atr.kz/18 маусым, 2019 жыл. «Көгілдір отынды» іргеден алып, күнде тұтынып отырған соң кейде оның қадірін білмей кететініміз бар. Әйтпесе, республиканың өзге өңірінде кейбір ірі елді мекендердің өздері оған қол жеткізе алмай жүр. Мәселен, Қазақстанның төрт облысының тұрғындары табиғи газды мүлдем тұтынбайды. Соның бірі – Арқа аймағы.
1.Алдыңғы кезекте – ішкі сұраныс
КӨМІРДЕН – «КӨГІЛДІР ОТЫНҒА»
Өткен жылғы шілдеде НұрСұлтанды, Жезқазғанды, Қарағанды мен Теміртауды, одан әрі Петропавловскіні табиғи газбен қамтамасыз ететін құбыр құрылысы басталды. Ұзындығы 1081 шақырымдық нысан биылғы желтоқсанда іске қосылуы керек.
Соның нәтижесінде 2 млн. 700 мың тұтынушы табылады. Жасыратыны жоқ, о баста Қазақстанның орталық бөлігін табиғи газбен қамту үшін Ресейден тұрба тарту қарастырылған.
Бұл бағытты ұсынушылар арақашықтықты қысқартуды көздегені кәміл. Әйтсе де, «жақын да болса алыс» дегендей, мұндай жағдайда өзіміздің энергетикалық дербестігіміз толық қамтамасыз етілмес еді. Қазақ «кісідегінің кілті – көкте» деп тегін айтпаса керек. Ертеңгі күні көршілеріміз тарифті көтеріп, барын боталы түйеге бұлдап жүрмесіне кім кепіл? Оның үстіне, республиканың батыс бетінде көмірсутегі шикізатының мол қоры бар емес пе? Мұнаймен бірге шығып жатқан ілеспе газдың көлемі де жеткілікті.
Міне, осындай басымдықтар құбыр құрылысын Қызылорда облысынан бастаған дұрыс екендігіне көз жеткізді. Ал, мұнда «көгілдір отын» Бейнеу-Бозой-Шымкент арқылы әкелінген.
Жалпы, бұл бағыттың тиімділігі өзін тағы көрсеткелі тұр. О баста Қытайға газ тарту мақсатында салынған құбыр бойымен бүгінде республиканың оңтүстік өңірі түгел қамтылып отыр. Құбырмен жылына 10 млрд. текше метр газ айдауға болады. Тіпті оның қуатын 15 миллиардқа жеткізуіне мүмкіндік бар. Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған мен Жаңажол секілді ірі кеніштердің өнімдері осында топтастырылған. Жобаның тағы бір тиімділігі – табиғи газды жер астында сақтауға мүмкіндік туғызылуы.
Тасымалдың қашықтығы, қыс кезінің қиындығы ескеріліп, төрт миллиард текше метрге дейін «көгілдір отынды» сақтап қоятын өзіндік қойма салынған. Ол сын сағатында оңтүстік өңірдің сұранысын толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әрине, сыртқы экономикалық саясат та ұмыт қалмаған.
Алдыңғы жылы Қытайға бастапқы бес миллиард текше метр газ жөнелту жүзеге асырылды. Келешекте оны екі есе көбейтуге келісім бар. Бұл – елімізге түсер көл-көсір табыс. Ал, Арқа аймағы «көгілдір отынды» тұтыну арқылы қоршаған ортаға қатысты күрмеулі проблеманы да шешкелі отыр.
Мамандар тымық күндері астана аспанын қара мұнар басып, тынысты тарылтатынын айтуда. Бұл – электр және жылу энергияларын шығаратын кәсіпорындардың, өзге де өндіріс ошақтарының көмірді көптеп қолдануының салдары. Енді мұндай қажеттілік азаймақшы. Бұдан Қарағанды көмірі, әрине, сұраусыз қалмас, сыртқа шығарылар. Ең басты
сы – халқымыздың табиғи байлықты барынша тиімді пайдалануына жол ашылуы.
Тәуелсіздік жылдары республикада табиғи газ өндіру жылына 8 млрд. текше метрден 52 миллиардқа жетті
ҚЫЗМЕТ САПАСЫ ҚАНДАЙ?
Сонымен қатар, компания басшылығының айтуынша, кейбір ірі кәсіпорындардың «ҚазТрансГаз» алдында 29 млрд. теңге қарызы бар екен. Тұрғындардың берешегі бес миллиард теңгеге жеткен. Шыны керек, бұл дәйектерді көргенде жағаңды ұстағандайсың.
Сонымен қатар, халыққа «көгілдір отынды» қауіпсіз жеткізуде кейбір келеңсіздіктер де бар. Газ шаруашылығы – өте жауапты нысан. Қазір «көгілдір отын» қондырғыларын қадағалау бәсекелестік ортаға шығарылып, еркіне жіберілген. «ҚазТрансГаз» компаниясы басшылығының айтуынша, олардың жұмысын тексеріп жатқан ешкім жоқ.
Шын мәнінде, үйдегі газ жабдықтарының қауіпсіздігі тұрғындардың өздеріне жүктелген. Тұтынушылар осы салада пайда болған кейбір құрылымдар қызметін тіпті түсінбейді. Міндетті түрде бір жылдық шартқа қол қойдырады, төлемін төлетеді. Бірақ, керек кезінде шақырсаң, әбден діңкелетпей келмейді. Кейде соңынан іздеп баруға тура келеді. Сонда кімге не үшін ақша аударып жүрміз?
Мамандармен сөйлесіп көрсек, осындай келісім арқылы газ жабдықтарын тегін тексертіп алуға құқылы тәріздіміз. Алайда, бүгінде ақысыз нәрсе бар ма? Сондықтан, қарапайым адамдар слесарьлардың қолына аздыкөпті теңгесін қыстырып әлек. Немесе көлденең кісінің көмегіне жүгінеді. Тосын оқиғалардың дені де содан орын алып жатады. Мәселен, алдыңғы қыс республика бойынша газды дұрыс тұтынбаудан адам өліміне ең көп жол берілген кезең ретінде аталады. Жылыту маусымы басталған сәттен 121 адам газбен уланған. Соның 52-і қаза тапқан.
Осы орайда мамандар дабыл қаққыш құралын қондыруды ұсынады. Бұл тұрбадан газ кеткенде әрі ескертеді, әрі «көгілдір отын» беруді толық тоқтатады. Бұған қосарымыз – сауда орындарында еркін сатылып жатқан жылыту қондырғыларының сапасы. Мұны тексеріп жатқан ешкім жоқ. Сатушылар тауарының өткеніне мәз. Алушының оның техникалық ахуалынан түк хабары жоқ. Бүгінде мемлекеттік газтехникалық инспекция қызметін қайта жандандыру туралы ұсыныс айтылуда.
Сайып келгенде, мұндай құрылым жұмысын текке тоқтатты. Кезінде көзіміз көрді, осы саланың тексерушілері келе жатқанда өндіріс мамандары өздерін қояр жер таппайтын. Себебі, сәл кемшілігі анықталса, қатаң жазаға тартылатынын білетін.
Бүгінде мұндай қорқыныш жоқ. Бәрі бәсекелестік ортаға берілген. Жеке құрылымдардың қожалары кез келгеннің алдында есеп беріп жатпайды. Тосын оқиға бола қалса, кінәлі де таптырмайды. Өйткені, бірі екіншісіне сілтеп, ақыры айыпты анықталмайды. Сайып келгенде, республиканың әр түкпірінде орын алып жатқан оқыс жайлар – осындай жауапсыздықтың салдары.
ШЫҒЫНҒА БАТЫРҒАН ҮШ СЕБЕП
Табиғи газ ішкі нарықта арзан отын саналғанымен, әлемдік саудадағы құны жоғары. Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2014-2018 жылдары «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамы республикадағы тұтынушыларды қамту жолында 200 млрд. теңге шамасында шығынға батыпты. Мұны қалай түсінуге болады?
Бұл жерде, біріншіден, табиғи газдың ішкі және әлемдік нарықтағы баға айырмашылығы басшылыққа алынған болуы керек. Яғни, республикадағы 8 млн. тұтынушы «көгілдір отынға» дүниежүзілік додадағы бағамен төлесе, мұндай қыруар қаражат компания қоржынында қалар еді. Бірақ, екіншіден, қатардағы көпшілік қазір әлемдік құнды көтере алмайды. Оған отбасылық бюджеті дайын емес.
Анау жылы аймақтағы кейбір елді мекенге газ құбыры жеткізіліп, оған ақша төлеуі керек екенін білгенде бірқатар бәйбіше «одан да тезек тергенім жақсы еді» депті. Сондықтан, «ҚазТрансГаз» компаниясы ел азаматтарының қалыпты тұрмысы үшін осындай құрбандыққа барып отыр.
Үшіншіден, арзан газды халықтан өзге жылу-электр орталықтары тұтынып отыр. Республика бойынша 45 мыңнан аса коммуналдықт ұ р м ы с т ы қ ж ә н е коммерциялық құрылымдар ішкі нарықтағы құны кем «көгілдір отынды» пайдаланады. Халыққа ұсынылып отырған электр және жылу энергияларының бағасы әлемдік деңгеймен бағамдағанда төмендеу екені де сондықтан. Ал, Атырауда олар республиканың өзге өңірімен салыстырғанда едәуір арзан. Қолжетімді коммуналдық қызмет осылай қалыптасып отыр.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ
Өткен жылы Атырау облысында 23,6 млрд. текше метр табиғи газ өндірілді