photo 106024

ҚАРЫЗ ҚАМЫТЫ: Одан құтылатын күн бар ма?

Жаңалықтар СарапTime Экономика

Atr.kz/27 тамыз, 2019 жыл. Несиенің бірін алып, екіншісін жабатын жұрт оған кәдімгідей үйреніп алған секілді. Пайызы жоғары болса да банктерді айналшықтап жүр. «Қарыздың күліп келіп, жылап шығатынын» ескерсек, бұл әуестігіміздің құны қанша?

ТЕСПЕЙ СОРАТЫН БАНК

Атыраудағы «Сбербанктің» бөлімшесіне келгенімізде, кезектегілердің саны аз екен. Менеджерлері клиенттерді ретімен қабылдап жатыр. Біз де көп кідірмей, олардың бірінің алдынан табылдық.

– Төрт жыл мерзімге 2 млн. 600 мың теңге аласыз деп есептейік, – деді компьютерінің пернетақтасын басып жатқан қыз. – Қолыңызға 2 млн. 241 мың теңге тиеді. Ай сайынғы төлеміңіз – 79 118 теңге. – Несиенің үстіне қанша теңге қосып береміз?- дедік біз. – Артық төлеміңіз – 1 млн. 379 мың теңге, яғни, 2 млн. 600 мың теңге алып, оны 3 млн. 979 мың теңге етіп қайтарасыз, – деді банкир. «Альфа банктегі» менеджер жігіт те мән-жайды тыңғылықты түсіндіріп жатыр. «48 айға шаққанда, ай сайынғы төлем 88 мың теңге болады» деді ол.

Дегенмен, банктерге бас сұққанда жарнамаларында жарияланатын жеңілдіктерді байқамадық. Бұл жұрттың назарын аудару үшін жазылған жылтырақ сөз болып шықты. Керісінше, олардың бір тиынды үш тиын етіп қайтаруды мақсат ететіні байқалады. Несие пайызын төменірек етіп көрсеткенімен, оны комиссиялық, өзге де төлемдер бойынша еселеп қайтарып алады. Соған қарамастан қарыз алушылардың қатары азаймауда.

Ұлттық банктің Атырау филиалының мәліметінше, биылғы жарты жылда қаржы құрылымдары халыққа 190,5 млрд. теңге несие берген. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда, 22,7 пайызға немесе 35,2 млрд. теңгеге көп. – Осы ретте заңды тұлғаларға несие беру 22,8 пайызға (79,9 млрд. теңге), жеке тұлғаларға 22,7 пайызға (110,6 млрд. теңге) дейін өсті.

Биылғы жылдың қаңтармаусым айлары аралығында азаматтарға тұтыну мақсатында 94,9 млрд. теңге несие берілді. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 20,9 пайызға көп, – деді Ұлттық Банкі Атырау филиалының экономикалық талдау және статистика бөлімінің басшысы Айнагүл Аққұлова. Доллардың құбылмалығы әсер етсе керек, қазір халық қарызды ұлттық валютамен алатын болыпты. Мысалы, осы жылы теңгемен берілген несиелер 24 пайызға көбейген. Ақшаға шаққанда, 181,2 млрд. теңгеге дейін ұлғайыпты. Керісінше, шетел валютасымен алушылар 9,3 млрд. теңгеге азайып отыр.

НЕСИЕНІ НЕ ҮШІН АЛАМЫЗ?

Банкирлердің айтуынша, тұрғындар жылжымайтын және жылжымалы мүліктен өзге, үйлену тойы, құдалық, бесік той, сүндет той, тағы басқа отбасылық мерекелерді өткізу үшін көбірек несие алады. Ал, дүбірлі думан ұйымдастыру бүгінде сауықсайран бизнесіне айналып отыр. Өзара бәсекелестік, сыпсың әңгімеден қашып, жұрттың бірінен бірі қалмауы – байдың барын шашып, жоқты қарызға батыратын жағдай қалыптастырды.

Банк қарызы уақытында қайтарылуымен құнды. Облыстағы банк филиалдары берген несиелер бойынша берешектің көлемі 410,8 млрд. теңгені құрап отыр. Өткен жылмен салыстырғандағы өсім – 16 пайыз. Жеке адамдардың бережағы еселеніп өсуде.

«Мұның себебі тұрғындардың төлем қабылетінің төмендеуімен байланысты» дейді мамандар.

Немесе банктер құжат рәсімдеуде түрлі қитұрқылық жасайды. Бұдан бұрын өткен облыстық қоғамдық кеңестің отырысында мынадай мысалдар айтылды. Тұрғын (аты-жөні белгілі себептермен айтылмады) 500 мың теңге несие алып, оны үш жыл бойы төлейді. Зорға дегенде бітіп, қағаз алуға банкке барса, олар несиенің 70 пайызы ғана жабылғанын айтады. Осы себепті, қалған бөлігін төлеуді талап етеді. Байқаса, пәленің бәрі келісім-шарт жасақтаудан басталған. Оны банк қызметкері тұтынушыға жеткілікті түсіндірмеген, немесе соңғысы мәселеге терең қарамағанға ұқсайды.

Сондай-ақ, «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасы туралы да осыны айтуға болады. Мәселенің мәнін білетіндер, банктің екі асап биге шығатынын мынадай есептеулермен шығарып отыр. Егер пәтер құны 25 млн. теңге болса, алғашқы төлем 5 млн. теңгені құрайды. Сонда 25 жылға 20 млн. теңге қалады делік. 25 жыл – 300 ай десек, клиент банкіге ай сайын 140 мың теңгеден төлейді. Осы жылдар аралығында 42 млн. теңге төлем жасайды. Банкінің 7 пайыз мөлшерлік ставкасы (25 жылда 1,7 млн. теңге) қосылып, баспананың жалпы құны 43,7 млн. теңгеге бір-ақ шығады. Сонда тұрғын 18,7 млн. теңгені артық төлейді екен.

Банк пен несие төлеуші арасындағы текетіреске себепші болар өзге жағдайлар бар. Соның бастысы, қаржы құрылымының борышкердің айыппұл мен өсім мөлшерін азайту туралы өтінішін қабылдамауынан басталады. Келіспеушіліктің соңы сот алдына келуге мәжбүр етеді. Ақиқатында, банктің несие комитетінің жанжалды ушықтырмауға мүмкіндігі бар екен. Заңдылық бойынша қаржылық құрылым несие төлеушінің айыппұлын азайтуға, ауырып қалуына немесе отбасылық жағдайына байланысты айлық төлемін шегеруге көмек қолын соза алады.

Алайда, қарыз берушілер оған бас қатыра бермейді. Олар клиентті сотқа сүйреп, кепілдіктегі мүлікті, пәтер, үйді банкінің меншігіне ауыстыруды жөн көреді. Мүлікті тездетіп сату әлдеқайда оңай, әрі тиімді. Жуырда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» Жарлыққа қол қойды. Мұнда негізгі үш бағыт қамтылған болатын.

Ұлттық банк Атырау филиалы директорының орынбасары Серік Омаровтың пікірінше, берешек сомасы биылғы жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 3 млн. теңгеден аспауы тиіс. Ал, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев Қазақстанда кепілсіз несие бойынша айыппұл мен өсімпұлдарды өтеу аяқталғанын көпшілікке жеткізуде. Осы жағдай көп отбасын қаржылық тығырықтан шығарғаны анық. Дегенмен, оңды-солды несие алу тиімді ме? Міне, осы мәселе турасында ойланып көргеніміз жөн еді.

Азамат БАЗАРБАЕВ

Бір ауыз сөз

…« Менің ойымша, салтанатты той өткізу үшін қарыз алудың қажеті жоқ. Несие негізінде бизнес үшін немесе табыс түсімін қамтамасыз етуге салынуы қажет. Егер несие алсаңыз, оны жойып қойып, өзіңізді және балаларыңызды қауіпті жағдайға қалдырасыз. Бұл дұрыс емес. Бұлай жасауға болмайды. Мұндай қадамға барушылардың әрекетін сөге алмаймын, дегенмен, ол алысты ойламағандық, бір күндіктің қамы деп түсінемін. Ал, несие алсаңыз білімге, бизнес ашуға жұмсауға болады. Тек несие – тойға емес».

Әлихан СМАЙЫЛОВ,

Премьер-Министрдің орынбасары–Қаржы министрі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған