s1200

Таланттар тасада қалмаса…

Білім Жаңалықтар

Atr.kz/16 қазан, 2019 жыл. Атырауда ІТ-технология бағытында қабілеті бар жас дарындар жетерлік. Бірақ оларды ешкім елеп жатқан жоқ. Бүгінгі нарықта оларға сұраныс жоғары, бірақ ірі мекемелер мен кәсіпорындар тарапынан қолдау жетіспейді. Міне, осы мәселеге орай алғаш рет «АПЕК ПетроТехник» халықаралық колледжі негізінде «Atyrau HUB» жас ІТ мамандарының алаңы ашылды.

Болашағы бар бастама бірінші болып мұнайлы мекенде қолға алынып отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында өткен брифинг барысында айтылды. Аталған алаң аясында «Atyrau Energy Challenge» марафоны іске қосылып, жүзге жуық қатысушыдан өтініш түсіп те үлгерді. Оларға қойылатын тек бір ғана талап қатысушылар (16 жасқа дейін) командаға біріксе, ішіндегі біреуі мұнай-газ бағытында үш айдан астам еңбек өтілі немесе сол саладан хабардар болуы керек. Өйткені, үздік үміткерлер алдағы уақытта мұнай-газ саласын цифрландыратын болады. 

Бүгінде «Теңізшевройл», «НКОК» секілді алпауыт мекемелерде қызмет етіп жатқан ІТ мамандарының көбісі шетелдік азаматтар екені жасырын емес. Оларды алмастыра алатын жергілікті жастар жетерлік. Тек оларға өздерін көрсетуі үшін мүмкіндік беру керек. Міне, сол үшін де жоғарыда аталған оқу орнының жайлы бөлмелері мен басқа да мүмкіндіктер тегін ұсынылып отыр.

Бағдарламашылар байқауын ұйымдастырушы Раушан Найзабаеваның айтуынша, өңірлердегі білікті мамандар Нұр-Сұлтан мен Алматыға барып жұмыс жасауға мәжбүр. Себебі, жергілікті жерде олардың әлеуетін арттыратын мүмкіндік аз.

Егер әлеуметтік салалар мен өнеркәсіп өндірісі сандық негізде дамитын болса, құжат айналымы қысқарады, қауіпсіздік және экологиялық талаптар оңай орындалады, материалдарды қоймалау мен сақтау үрдісі де жеңілденбек.

Амандық АБДОЛ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған