АТЫРАУДАҒЫ ЕҢБЕК КҮНІ МЕРЕКЕСІ

Кәсіподақтар үйінің үлкен мәжіліс залында «Атырау облысы кәсіподақтар Орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі мен салалық кәсіподақ комитеттерінің ұйымдастыруымен Еңбек күні мерекесіне арналған салтанатты шара болып өтті.

 

Биыл екінші рет Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген Еңбек күні мерекесі тойланып отыр. Шараның басты мақсаты қарапайым еңбек адамының мәртебесін арттыру, еңбегін дәріптеу.

Бұл салтанатты шараға кәсіподақ ардагерлері мен кәсіподақ белсенділері, сондай-ақ, кәсіподақ қызметкерлері мен жастар қатынасты. Мерекелік кешті «Атырау облысы кәсіподақтар Орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Диас Сұлтанов ашты. Бүгінгі күні жүргізіліп отырған жұмыстар жайлы атап өте келе, жаңа «Еңбек кодексіне» тоқталып, барлық кәсіподақ қызметкерлерін Еңбек күні мерекесімен құттықтады. Сонымен қатар, игі бастамалардың ұйтқысы болып, белсенді еңбегімен көзге түсіп жүрген кәсіподақ белсенділері А.Шопаева мен Қ.Ахметоваға «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін» төс белгісін тағып, М.Дәулетов, Ж.Кенжеғалиева, М.Көшековаларды  ҚР Кәсіподақтар Федерациясының Құрмет грамотасымен марапаттады. Сол секілді  облыс   экономикасы мен әлеуметтік жағдайын арттыруға қосқан еңбектері үшін бір топ кәсіподақ мүшелері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Шара барысында облысымыздағы кәсіподақ жұмысының беделінің өсуіне, дамуына үлкен үлес қосқан, облыстық кәсіподақтар федерациясын басқарған, бүгінгі күні Атырау қаласы, Махамбет, Исатай аудандарының Құрметті азаматы, құрметті зейнеткер Мәдина Ғабдісәлімқызы мен қоғам қайраткері, еңбек ардагері Нұрпейіс Мақашұлы құттықтау сөз сөйлеп, сала  қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.

Сонымен қатар, облыстық мәслихат  депутаты, тұрақты комиссияның төрағасы Дүйсембек Құлжанов кәсіподақтар орталығының атқарып отырған жұмыстарын жеткізіп, кәсіподақ белсенділері Е.Қанатов, Қ.Елеусінов, Д.Кенжалиев, З.Олжабаева, Б.Мұхамбетқалиевтерді облыстық мәслихаттың Алғыс хатымен марапаттады.

Сондай-ақ, қазақстандық салалық денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының Атырау облыстық комитетінің төрайымы Нұртан Сәрсенова бір топ қызметкерлерге қазақстандық денсаулық сақтау қызметкерлері  салалық  кәсіподағы  орталық кеңесінің «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін» «Құрмет грамотасын» табыстады.

 

Меруерт ҚАБЫЛОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз