Қарттардың көңілі көтерілді
Қарттар мен мүгедектерге арналған №4 Арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының тұрғындарын Рождество мерекесіне орай концерттік бағдарламамен құттықтауға «Довира» украин этномәдени бірлестігінің өкілдері келді. Қазір бұл орталықта 110 адам мемлекеттің қолдауында.
Этномәдени бірлестік өкілдері орталық тұрғындарына тоқылған себеттерден тәтті нан өнімдерін ұсынды. Содан соң этномәдени бірлестік жетекшісі Виктория Синицина жарқын мерекемен шын жүректен құттықтап, денсаулық, бейбітшілік, жақсылық, бақыт пен өркендеу тіледі.
Осылайша концерттік бағдарламаның шымылдығы түріліп, халықтық және эстрадалық бағыттағы украин әуендері шырқала бастады.
Ата-әжелер жұп болып билеп, достық және шынайы мерекелік атмосфера құрылды. Тағдырдың жазуымен қартайған шағында бұл орталықтан орын алған аға ұрпақтың жүздеріндегі күлкі мен қуанышты көңіл-күйді көру жанымызға жылы әсер қалдырды.
Орталық тұрғындарының бірі Фоадиа Нұрғалиева ерекше толқу үстінде ақ тілегін жаудырды. «Біріншіден, сіздерді православиелік Рождество мерекесімен құттықтаймын! Бізді ұмытпайтын, жыл сайын келіп, құттықтап, жылы лебіздерін білдіріп, көңіл-күйімізді көтеріп жүретін «Довираның» шығармашылық ұжымына ерекше алғыс айтамын. Жасалған барлық жағдайлары, назары мен қамқорлығы үшін мекемеміздің басшылығы мен ұжымына ризашылық білдіремін. Баршаңызды осы айтулы мерекемен құттықтаймын! Жерімізде тыныштық, береке-бірлік болсын!», — деді Фоадиа апа.
Еркеназ ҚАЛИЖАН
Суреттерді түсірген Расул СЕРІКОВ