АЛТЫ КҮН ЖАУҒАН АҚША ҚАР

Атырауға қуанышын да, қарбаласын да ала келді

Жылдар тоғысында табиғат та тосын сыйын ала келді. Желтоқсанның 30-ынан бастап жауған қар қаңтар айының алғашқы күндеріне ұласып, алты тәулік бойына толастамады. Қой жылының соңында, жаңа Мешін жылының басында қыстың сәнін келтірген бұл құбылыс ауаны тазартып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлағанымен, күн күрт жылына қалса, әбігерге салатыны тағы бар. Ал, оның салдары төтенше жағдайға ұрындырып, көп қиындық туғызатыны да түсінікті. Осы жағы ескеріліп, қалада мереке күндері де қарбалас жұмыс бір тынбады.

 Көп  жылдан  соң қайталанған  оқиға

«Қазгидромет» РМК-ның Атырау облысы бойынша филиалынан алынған мәліметтерге қарағанда, тек Атырау қаласында 31 желтоқсан күнгі түскен қардың ылғалдылық  мөлшері 6 мм-ді, биіктігі 5 см-ді құраса, қаңтардың алғашқы үш күнінде бұл көрсеткіш 12 мм-28 см аралығында көтерілген. Жекелеген өңірлерде ол түрліше деңгейде ауытқып отырған. Мәселен, Құлсары қаласы аумағында бірінші күннің өзінде ылғалдылық мөлшері 3 мм-ге, биіктігі 2 см-ге жетсе, келесі күні-ақ  12 мм-13 см-ге жеткен. Бұдан кейінгі күндері де оның шамасы айтарлықтай жоғары болған. Бұдан бөлек, осы үш-төрт күнде ең жоғары көрсеткіш Қызылқоға ауданының  Сағыз бен Қарабау ауылдары аумағында, Махамбет ауданының орталығында, Атырау қаласы маңындағы Пешной елді мекенінде тіркеліп, айлық орташа көрсеткіштен де асып кеткен. Осылайша, бір ғана Пешной ауылының аумағында қардың ылғалдылығы 49 мм, ал қалыңдығы 29 см болып, ең жоғары көрсеткіш ретінде есепке алынған.

Осындай ақпараттарымен бөліскен облыстық ауа райын зерттеу орталығының метеорологиялық болжамдар және байланыстар бөлімінің басшысы Күлайна Мырзашеваның айтуынша, мұның өзі көп жылдан бері қайталанып тұрған жағдай екен. 

Табиғаттың тосынына – тосқауыл

Атырау облысы бойынша төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінен хабарланғанындай, еліміздің өзге өңірлеріндегі тәрізді табиғаттың тосын мінез танытуына байланысты аймақта шұғыл түрдегі апаттық-құтқару жұмыстары жүйелі жүргізіліп, оқыс оқиғалардың орын алмауы қамтамасыз етілген.

Нақтылай кетсек, өткен жылдың соңғы күнінде Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласынан 110 шақырым қашықтықта орналасқан Санақазған  елді мекенінде «Смартойл» ЖШС-нің қарамағындағы бес арнаулы техника қарға батып, далада қалған. Автокөліктерде он адам болған. Іздестіру операциясына  алымды да қуатты «Трэкол» автокөлігі  мен құтқарушылар жасағы жұмылдырылған. Осыған ұқсас жағдайлар жаңа жылдың алғашқы күндерінде Индер, Махамбет, Исатай, Мақат аудандарының аумақтарында орын алған. Сөйтіп, 1 қаңтарда «Атырау-Орал» трассасынан 15 шақырым жердегі «Сүндет» учаскесі тұсынан ішінде үш жолаушысы бар «Ниссан» автокөлігі қардың құрсауында қалса, Таңдай ауылдық округіне (Махамбет ауданы) қарасты Көкшолақ  елді мекенінде екі адам (оның бірі жасөспірім) құтқарылған.

Сенбі, 2 қаңтар күні Тұщықұдық ауылдық округінің (Исатай ауданы) орталығынан 20-25 шақырымдағы «Қызыл үй» учаскесінен бес адам мінген «УАЗ» автокөлігі қарға батқан. Мұнда да құтқарылғандардың екеуі бала болып шықты. Сол сияқты, Атырау қаласынан Каспий теңізі бағытындағы 25 шақырым шамасында балық қорын қорғау инспекторлары алған бағытынан адасып кетіп, құтқарушылардың көмегімен аман қалған.

Махамбет ауданының Алға,Жылыой ауданының Шоқпартоғай, Индер ауданының Сарытебін елді мекендерінде, өзге де өңірлерде осы секілді жайттар қайталанған. Ең бастысы және аса маңыздысы, олардың барлығында да алдымен қиындыққа душар болған жандарды құтқарып, аман алып қалудың мүмкіндігі туған. 

Қалада  да тыным  жоқ

Атырау қалалық әкімдігінің баспасөз қызметінен білгеніміздей, борандатқан қарымен ерекшеленген мереке күндерінде шаһардағылар да қарекетсіз қалмады.

Орталық көшелер мен автокөліктер жүретін жолдардың бойын қардан аршып, тазартуға барлығы 81 бірлік техника (мұнда «Арнаулы көлік базасы» ЖШС-інен басқа қаладағы ірі кәсіпорындардың да үлесі бар) тартылған. Айта кету керек, қалаға қарайтын 9 ауылдық округке 26 бірлік техника бөлінген. Қар тазалау жұмыстарына негізінен күш-мүмкіндігі бар кәсіпорындар, кәсіпкерлер қолғабыс етуде. Олар таңертеңгі сағат 8.00-ден түнгі сағат 02.00-ге дейін екі ауысымдық әдіспен жұмыс істеу режіміне көшірілген. Жолдардың қозғалысқа қауіпті, көктайғақ тұстарына тұзды топырақ төселуде. Әсіресе, жол құрылысымен шұғылданатын «Атырауинжстрой» ЖШС, «Ембімұнайгаз» АҚ, Атырау бекіре балығын өсіру зауыты, т.б. ұжымдардың ортақ шаруадағы белсенділігі жоғары, жұмыстары өнімді болғанын атап өткеніміз ләзім. Жұмыс уақытын ұтымды әрі тиімді пайдалану мақсатында жұмысшы-мамандар  үш орыннан тамақтандырылады.  Атқарылып жатқан жұмысты қала әкімі Нұрлыбек Ожаев өзі қадағалап отырды.

Облыс орталығынан шалғайлау орналасқан Қызылқоға мен Исатай өңірлеріне де хабарласқанбыз. Аталған аудандардың әкімдері Мақсот Мұқанов пен Тұрарбек Сұлтанбековтің мәлімдеуінше, қанша жерден қар жауып, арты боранға айналып, ауа температурасы күрт төмендеп, күн суыса да, адамдардың өмірі мен қауіпсіздігі бірінші кезекке қойылған. Қолдағы бар техникалардың және демеуші кәсіпорын-компаниялардың көмегімен, белгіленген кестеге сай жоспарлы іс-шаралар атқарылған. Байланыс үзілмеген, орталықтан ауылдарға қатынайтын жолдар тазартылған.

Айтпақшы, кеше қаңтар айының 5-і күнгі мәлімет бойынша Атырау қаласында жалпы көлемі 25 мың текше метр қар тазаланып, далаға шығарылған. Бірінші кезекте қоғамдық көліктер жүретін жолдардың бойында қиындық-кедергілердің болмауы, ауылдар арасындағы байланыс пен қарым-қатынастың үзілмеуі, күн жылынып кетпей тұрып шаһардың қардан аршылуы басты назарда ұсталды.

Дәулетқали АРУЕВ.

Суреттерді түсірген:

Ерлан АЛТЫБАЕВ. 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз