Қаракөл мен Тайсойған ауылдарына спорт кешені салынады
Бұл туралы Қызылқоға аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Дулат Нығметов мәлім етті, деп хабарлайды atr.kz аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тайсойған ауылындағы спорт кешені құрылысының жоба құны — 534 млн 478 мың теңге, ал Қаракөлдегі салынатын кешеннің құны — 588 млн 517 мың теңге. Жоба бойынша футбол, волейбол, баскетболға арналған зал, күрес, бокс залдары және жаттығу бөлмесі бар. Спортшылардың киім ауыстыратын, жуынатын орындары қаралған. — Ауылдарда салауатты өмір салтын қалыптастырып, бұқаралық спорттың мәнін арттыру — басты міндет. Осы ретте Қызылқоға ауданында бірқатар жұмыстар жасалып жатыр. Міне, соның бір айғағындай ауданға қарасты Тайсойған, Қаракөл ауылдарында спорт кешені салынбақшы. Бұл мәселе облыс, аудан басшыларының тұрғындармен кездесу жиналысында жиі-жиі көтеріліп жүрген еді. Бүгінде екі жобаның да жобалық-сметалық құжаттары дайын. Қалай қаржы мәселесі шешіледі, солай құрылыс жұмыстары басталады, — деді Д.Нығметов. Айта кетейік, қазіргі уақытта ауданда 10 ауылдық округ бар. Аудан бойынша екі спорт кешені қолданыста болса, бесеуінің құрылысы жүруде. Сондай-ақ аталған Қаракөл мен Тайсойғандағы кешеннен өзге, тағы бір спорттық нысанның жобалық-сметалық құжаты сараптамадан өтуде.