ekpe

Екпесіз бала балабақшаға бармайды

Жаңалықтар Медицина

Atr.kz/22 қараша, 2019 жыл. Балаңызды балабақшаға беретін ойыңыз бар ма? Оның бөгде ортамен араласуында бүлдіршіннің саулығына алаңдайсыз ба? Онда міндетті түрде балаңызға қажетті екпелерді салдырасыз. Өйткені, ендігі уақыттан бастап екпе жасалмаған сәбилер балабақшаға кіргізілмейді.

Бұл туралы еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары-бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Жандарбек Бекшин мәлім етті.

«Шынында да, мектепке дейінгі ұйымдарға біздің күнтізбелік жоспарға сәйкес, вакцинациядан өтпеген балалар кіргізілмейді. Бұл шектеудің екпеге медициналық тұрғыда қайшылығы бар балаларға қатысы жоқ. Не үшін олай еттік? Себебі, екпе медициналық тұрғыда ағзасына кері әсер ететін балалар да бар. Яғни, оларға екпе жүргізілмейді» деді Жандарбек Бекшин. 

– Балаларды қалай қорғаймыз? Олар вакцинация жүргізгісі келмейтін адамдардың тұтқыны болды да қалды. Ұжымдық иммунитет туралы сөз қозғап отырмыз. Егер біз халықтың 95 пайызына екпе жасасақ, екпе жасалмауы тиіс адамдар тобын қорғап қаламыз. Туғаннан иммунодефицитпен өмір есігін ашатын балалар бар.     

Бұл пікірді ақхалаттылар да қолдайды. Медицина мамандарының сөзінше, шындығында, екпенің адам денсаулығы үшін маңызы зор. Оны бала болашағына алаңдаған әрбір ата-ана дұрыс түсінуі тиіс.

«Бала балабақшаға бармас бұрын ата-ана учаскелік дәрігерге барып, денсаулық паспортын алуы қажет. Бұл құжатта баланың дені сау, вакцинацияланғаны туралы ақпарат болуы керек. Яғни, баланы балабақшаға апаруға болатыны ол құжатта жазылады. Егер мұндай қорытынды денсаулық паспортында болмаса, мектепке дейінгі ұйым басшысының оны кіргізуге құқығы жоқ. Бұл – ел болашағы саналатын бүгінгі ұрпағымыздың саулығы үшін қолға алынған үрдіс.

Екпе алмаған бала аурушаң болып жетіледі, ағзасы түрлі вирустарды тез қабылдағыш болады. Сондықтан, әрбір ата-ана баласына екпе салдыруға бейжай қарамауы қажет» дейді Атырау қалалық №5 емхананың жалпытәжірибелік дәрігері Айдана Ертілеуова.

Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ

Егер басшы бұл талапты бұзса, тексеріс кезінде фактінің бары расталса,  білім беру ұйымының басшысы  мен баланың ата-анасымен де түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Әрі қарай да бұл шектеу қабылданбаса, басшыға тиісті ұйғарым беріледі. Ал, ұйғарым орындалмаса, іс сотта шешімін табады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған