fb img 1581931836298

Атырауда тегін құқықтық кеңес беру науқаны басталды

Жаңалықтар ФОТОГАЛЕРЕЯ Құқық

Atr.kz/25 ақпан, 2020 жыл. Жобалық кеңсенің ұйымдастыруымен «Адал көмек» жобасы аясында  «Заңгерлік көмек» атты тегін құқықтық акциясы өткізілді. Акцияның мақсаты- тұрғындарға тегін заңгерлік көмек беру және бағыт-бағдар көрсету.

«Енді ай сайын азаматтарға тегін құқықтық көмек көрсетіледі. Атыраудың білікті заңгерлері тұрғындар сұрақтарына ҚР заңнамасына сәйкес жауап берумен қатар,  сот органдарына жазылатын арыз-шағымдарды жазып,  дайындауға және қажетті құжаттарды жинақтауға  көмектеседі. Мұндай игі бастаманың басталуына өткен жылы    тұрғындар тарапынан келіп түскен ұсыныстар себепші болды. Ақылы құқықтық кеңесті көптің қалтасы көтере бермесі анық»,-дейді жобалық кеңсенің жетекшісі Альфия Әдиева.

Жалпы,  қала тұрғындарын мүлікті құжаттандыру, несие алудың жолдары,  сату салығы, еңбекақының уақытылы төленуі сынды сұрақтар жиі мазалайды екен. Бұл күні Атыраудың  білікті заңгерлері мен адвокаттары 25-тен аса тұрғынға тегін қызмет көрсетті. Ал, Әділет департаментінің өкілдері тұрғындардың күрмеуі көп мәселелерінің шешу жолдарын түсіндіріп, жан-жақты талқылап, өздерінің көмектерін ұсынды.

ӘДІЛЕТ ДЕПАРТАМЕНТІНДЕ «АДАЛДЫҚ АЛАҢЫ» КЕҢСЕСІ АШЫЛДЫ

Бұл  облысымыздағы мемлекеттік мекемелердегі  алғашқы алғашқы бастама. Ашықтық пен сенімділікті қалаған Әділет департаментінің басшысы Асұлан Каримов «Адалдық алаңы»  кеңсесі  департаменттегі сыбайлас жемқорлық тәуекелерін жоюға және  халықпен тығыз қарым-қатынастың орнатуына үлкен септігін тигізеді» деп сенеді.

Жалпы, кеңсенің негізгі міндеті –  халыққа білікті құқықтық көмек көрсету, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру бағытына арналады.

ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК- ҚОҒАМДЫҚ МӘСЕЛЕГЕ АЙНАЛДЫ

Қазіргі таңда қоғамдық көлік мәселесінің қоғамдық мәселеге айналғаны шындық. Былтырғы жылы қаламызда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жаңа қоғамдық көліктердің саны артқан болатын. 40 пандусы бар жаңа автобустарды сынақтан өткізіп, мүмкіндігі шектеулі жандар бір марқайып қалған еді. Кеше «Атырау –  адалдық алаңы» қоғамдық көліктің өзекті мәселеге айналып бара жатырғандығын ескеріп, мониторинг жұмыстарын жүргізді.

 «Бүгінгі бақылау жүргізу барысында бұл қызметтің сапасы сын көтермейтіндігі анықталды. №10, 20, 14, 7, 58, 53  нөмірлі автобустарға енгізілген жаңа құрылғының әурешілігі басымырақ болып тұр. Өйткені, қоғамдық көлік жүргізушілерінің  және кондукторлардың  пандусты пайдалана алмай әурешілікке түскенін байқадық. Қоғамдық көліктерге тек қана мүмкіндігі шектеулі жандар емес, балалы аналар да  қоларбаларын арқалап енетіндіктері анық. Ал, бұл көліктерді сынаққа бермес бұрын көлік жүргізушілері мен кондукторларды біліктілігін арттыру бойынша оқытылатындығын ескерсек, біз көрген жандар мүмкіндігі шектеулі жан тұрмақ, арбалы анаға да көмектесе алмайтындай»,-дейді кеңсенің менеджері Дәурен Құндызбай.

Атап айту керек, жүргізілген мониторинг нәтижесінде туындаған өзекті мәселелердің барлығы да тұрақты бақылауда болады.

МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ

Биылдан бастап сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау мақсатында «Атырау – адалдық алаңы» жобасы облыстық денсаулық саласында  бірқатар мониторинг, сауалнамалар, шараларды жүзеге асыратын болады.

Осыған орай «Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсе жетекшісі Альфия Әдиева  және облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Байтолла Ғазизов  медицина саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті арттыруға арналған ынтымақтастық жөнінде келісім-шартқа қол қойды.

«ӨЗ БОСТАНДЫҒЫҢДЫ БАҒАЛА!»

Осындай атаумен «Атырау – адалдық алаңы» жобасы аясында өңірдің денсаулық сақтау басқармасына қарасты мекемелерінің басшыларына тергеу изоляторына экскурсия ұйымдастырды.

Шара барысында Қылмыстық атқару жүйесінің УГ-157/1 мекемесінің қызметкерлері қамаудағылардың орынжайы мен тұрмыс-жағдайын көрсетті. Түрменің қабырғасы көгерген дәліздері, тергеу-орналастыру орындары орналасқан камералар келушілерге қорқыныш ұялатты.

«Бүгін біз жергілікті атқарушы органдардың басшыларына сыбайлас жемқорлық қылмыстары мен парақорлықтың неге алып келетінін көрсеткіміз келді. Тергеуде отырған бұрынғы әріптестеріне бару арқылы «ескерту» экскурсиясын жасадық десе де болады…», – деп атап өтті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің  Алдын алу және парасаттылық басқармасының басшысы Жәнібек Қаражанов.

Жалпы, бұл акция мемлекеттік қызметкерлердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетін арттыруға бағытталған. Олар сотталғандардың бүгінгі жағдайын өз көзімен көріп, сыбайлас жемқорлыққа апаратын құқық бұзушылықтың салдары қандай болатынын сезінуі тиіс. Мұндай шара жалғасын тауып, тұрақты өткізу жоспарда бар.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

fb img 1581931968084
fb img 1581931793673
fb img 1581680123366
fb img 1581916596872
fb img 1581931960269
fb img 1581931803805

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған