Қаңғыбас иттердің қамқоршысы
ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАР – ҚАЗІРГІ ҚОҒАМНЫҢ АЖЫРАМАС БІР БӨЛІГІ. АТАЛҒАН САЛА ЖЫЛ САЙЫН ДАМЫП КЕЛЕДІ. АТЫРАУ ОБЛЫСЫНДА БҮГІНДЕ БАРЛЫҚ ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗДЫ САЛАЛАРДЫҢ ЖҰМЫСЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРАТЫН 712 ҮЕҰ ТІРКЕЛСЕ, БИЫЛ ОЛАРДЫҢ ҚАТАРЫ ТАҒЫ ТОЛЫҒЫПТЫ. ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 5 ҰЙЫМ ТІРКЕЛІП, БЕЛСЕНДІ ӘРЕКЕТ ЕТУ МАҚСАТЫНДА ЖҰМЫСТАНУДА.
27 ақпан – халықаралық ҮЕҰ күні. Алғаш рет бұл күн 2010 жылы Литвада өткен форумда жарияланған. Ресми түрде 2014 жылдан бастап, халықаралық деңгейде атап өтіледі.
– Атаулы күн аясында облыстық ішкі саясат басқармасы «Азаматтық орталық» КММ-нің ұйымдастыруымен «Ашық есік» күні ұйымдастырылды. Мұндағы мақсатымыз – белсенді жұмыс жасап жүрген бірлестіктер мен жаңадан ашылған қоғамдық ұйымдарды өзара байланыстыра отырып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау, — деген «Азаматтық орталық» директоры Жанат Досқалиева таяуда ҮЕҰ жәрмеңкелер жобасы ұйымдастырылатынын айтты. «Ашық есік» күні аясында тәжірибесі мол, бірнеше жылдан бері табысты қызмет атқарып жүрген қоғамдық бірлестіктердің жұмысы таныстырылды.
«Доброе сердце Атырау» қоғамдық қоры соның бірі еді. Расында да, бұл жердегі жұмыстарды көріп, үлкен жүрек иесі болудың маңызды, өңірде қайырымды жандар аз емес екеніне куә болдық. Өйткені, аталған қор қаңғыбас ит-мысықтарды асырап, бағып, оларға қажетті екпе түрлерін салдырумен айналысады. «Бұл салада жүргеніме 5 жылдан асты. Жұмысымыз қайырымды адамдардың арқасында алға басуда. Күн сайын қаржы жинап, керекжарақтарымызды, итмысықтарға тағам аламыз» дейді аталған қоғамдық қордың негізін қалаушы Венера Манасова бізбен әңгімесінде. Қазір бұл жерде 200 ит бар. Алаңқайдағы тұрақтан иттің түр-түрін көруге болады. Арасында жарнамадағы бағалары аспандап тұратын сирек тұқымды иттерде кездеседі.
«Көшедегі итмысықтардың барлығын алуға шамамыз жетпейді. Мемлекет арнайы паналайтын орын салып, бізді қолдаса, әлі де көптеген үй жануарларын өз бағымымызға алар едік. Өйткені, бір күннің өзінде бірнеше кило тамақ керек» деген қор басшысы бізбен әңгімесін бөліп, көлігіне тиелген тамақты түсіру туралы жұмысшыларға айтып жатты. «Базардан ет қалдықтарын тиеп келдім» деді ол күлімдеп.
Білгеніміздей, бұл жердегі иттердің басым бөлігі стерилденген, құтыру ауруына қарсы екпе салдырған. «Оларды шығарып жіберуімізге де болады. Алайда, адамдардың қаңғыбас иттерге қалай қарайтынын білгендіктен олай жасай алмаймыз» дейді Венера Манасова. Оның айтуынша, үй жануарларын – алғысы келгендерге тегін. Ал, бір итті стерилдеп, екпе салуға 15-20 мың ақша керек. Жалпы, 500 итке осындай әдіс қолданылған, ал, 300-ден астам ит пен 500-ге тарта мысық жаңа иелеріне табысталыпты. Қоғамдық қордың жұмысымен жан-жақты танысып, пікір алмасқан соң, шара қатысушылары өзге де бірлестіктерге бағыт алды. «Атырау – маленькая страна» қоғамдық бірлестігі, «Аналар үндес тігі» және «Атырау футбол лигасы» бірлестіктерінің жұмысымен танысып, тәжірибе жинақтап, пікір алмасты. Шара қатысушылары қатарында жаңадан құрылған бірлестік жетекшілері де бар. Солардың бірі – Ләззат Еділхан.
«Бұл салаға келгеніме көп болған жоқ. Былтыр құрылған «Томирис Тұмар» қоғамдық қорының жоспарына сай, Түркі әлемінің тарихын, мәдениеті, өнерін танытып, бірлігін насихаттау бағытында жұмыстар жасап келеміз. Оның аясында тарихи туризмді дамыту да жоспарымызда. Бүгінгі шара аясында өзге ұйымдардың жұмысымен танысып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік туды» дейді бірлестік жетекшісі бізбен әңгімесінде.
Гүлжан ӘМІРОВА