ЕҢБЕК АДАМЫНА – ЕРЕКШЕ ҚҰРМЕТ

Сейсенбіде Атырау облысы әкімінің міндетін атқарушы Ғұмар Дүйсембаев ұзақ жылдар бойы бір салада жемісті қызмет атқарып, елеулі нәтижелерге қол жеткізген, ұжымдастарына үлгі, кейінгі жастарға өнеге бола білген еңбек майталмандарына лайықты құрмет көрсетті.

 

Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері кәсіподағы  облыстық комитетінің ұсынысына сәйкес қабылданған  Орталық комитет төралқасының 2015 жылғы 27 қыркүйектегі қаулысымен біздің өңірімізден де бір топ адам «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Олардың қатарында облыс әкімі аппаратының қызметкерлері – инспекторлар Жолдасқали Ерғалиев, Роза Қамариденова, кадр мәселелері жөніндегі кеңесшісі Шолпан Құлбалиева, жалпы бөлімінің бас инспекторы Роза Жапарова және облыстық мәслихат аппаратының бас маманы Бақытжамал Мұхсанова бар.

Осынау марапатты иелеріне салтанатты жағдайда табыстаған Ғұмар Ислямұлы:

– Ардагер – «құрметті, қадірлі адам» дегенді білдіретін мағынасы жоғары, мазмұны терең ұғым.    Біз – ел қамын ойлап, оның дамуына еңбек сіңірген абыройлы адамды қашан да бағалай білетін халықпыз. Сондықтан, оларды ардақтап, кейінгі ұрпаққа үлгі, өнеге етер осындай игі істерге ұйытқы болу – төл міндетіміз. Ендеше, марапаттарыңыз құтты болсын!-деп жылы лебізін білдірді.

Салтанатты рәсімге қатысқан  мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің төрағасы Шахмұрат Қанбетов те әріптестеріне наградаларын тапсыра отырып, құттықтауын жеткізді. Ал, марапатталғандардың атынан сөз алған Жолдасқали Байғалиұлы (жартығасырлық еңбек өтілінің 40 жылын осы облыс әкімі аппаратында өткізген) өздеріне көрсетілген құрмет пен сый-сияпатқа шексіз ризашылықтарын білдірді.

Дәулетқали АРУЕВ.

Суретті түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз