Жарнама
Жаңалықтар

Қамданған қапы қалмайды

Көктемгі су тасқынынан сақтануға қамданысты күшейту мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Махамбет ауданында жоспарлы да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Аудандағы 9 ауылдық округке қарасты 21 елді мекеннің аумағындағы қорғаныс бөгеттерінің жалпы ұзындығы 81 шақырымға жуықтайды. Бұлардың әрқайсысы сәйкесінше, әрбір ауылдық округ әкімдігінің теңгеріміне алынған.
Бүгінде өңірде су басу қаупі бар  аймақтардың қатарында Бейбарыс, Талдыкөл, Алға ауылдары айқындалып отыр.

Бұл туралы аудан әкімінің кеңесшісі Алшынбек Мұқанғалиевпен жүргізілген сұхбатта егжей-тегжейлі баяндалады.


— Алшынбек Жандарбекұлы, әңгімемізді су басу қаупі бар елді мекендердің тұсындағы дамбыларды нығайтудағы қарекеттен бастасақ

— Қазір ұзындығы 2,9 шақырымды құрайтын Талдыкөлдегі қорғаныс бөгеттерін бекемдеу қолға алынған. Ауылдағы балабақша, тұрғын-жайлар, жер учаскелері мен басқа да нысандар судан қорғау бөгеттерінің сыртқы жағында қалып қойды. Осы жағдайды жөнге келтіруге жергілікті бюджет қаражаты есебінен  қажетті  қаржысы бөлініп, жұмысты жүзеге асыратын мердігер  болып анықталған мекеме сәуір айының алғашқы күндерінен бастап іске кіріседі. Аталған ауылдың Жайық өзені тұсындағы жағалау бөлігін бекітудің жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталып, сол бойынша атқарылатын жұмыстардың көлемі нақтыланған.
Бұдан бөлек, шұғыл шығындарға қаралған қаражаттан бөлінген қаржыға келуі ықтимал өр суын өткізуден және жағаның құлауынан сақтау мақсатындағы шаралар да жалғасын табуда. Айта кету керек, мұндай жұмыстар былтыр да орындалды.
Сонымен қатар, аудан орталығы — Махамбет және Бейбарыс, Алға ауылдарында осындай жұмыстарды бекітілген кесте-жоспарға сәйкес жүзеге асырып, белгіленген мерзімінде аяқтау межеленіпті. Соның ішінде кейінгі бірнеше жылдан бері тұрғындардың алаңдаушылығын туғызып отырған Алға ауылындағы ахуал аудан басшылығының бақылауында тұрғанын айрықша атап кеткен жөн.
-Табиғаттың тосыны ештеңені таңдамайтыны ақиқат. Жалпы жағдай тыныш деп саналғанымен, өңірдің өзге елді мекендеріне қатысты ахуал туралы не айтуға болады?
— Бірден айта кетейін, күні бүгінге дейін ауданда көктемгі су тасқынынан қорғануға байланысты жұмыс жоспар бойынша атқарылуда. Енді  жекелеген ауылдарға тоқталып өтейін. Мәселен, үш елді мекенді біріктіретін Есбол ауылдық округі аумағындағы қорғаныс бекеттерін бекемдеу жұмыстары сәуірдің ортасына дейін аяқталады. Сол сияқты, Сарайшық, Ақтоғай, Ақжайық, Жалғансай ауылдарында топан судан қорғануға бағытталған жұмыстар кезең-кезеңімен іске асады.


— Сұхбатымыздың соңын аудандағы көктемгі су тасқынынан орын алуы ықтимал төтенше жағдайдың алдын алуға дайындық деңгейіне қатысты ресми ақпаратпен түйіндесек?..
— Аудан  бойынша барлығы 15  жиналу-көшіру  пункті  құрылып, 94 еріктілер құрамы жасақталды.Техникалар саны — 28, су соратын мотопомпа -12. Қосымша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі арқылы 6 мотопомпа сатып алынды. Сондай-ақ 11 дана төтенше жағдай кезінде халықты құлақтандыру, дабыл қағу құрылғысы  орнатылып, дайындық режиміне келтірілді.
«Қамданған қапы қалмайды, сақтанғанды сақтайды» демекші, тұтастай алғанда махамбеттіктер су тасқынынан төнер қауіптің бетін қайтарып, тосқын қоюға дайын деуге негіз бар.


-Әңгімеңізге рахмет!


Сұхбаттасқан Дәулетқали АРУЕВ

Махамбет ауданы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button