Жарнама
ЖаңалықтарЭкономика

Президент жаққан шырақ

Халыққа үзіліссіз қызмет етіп келеді

Жарты ғасырдан астам тарихы бар Атырау жылу-электр орталығының өшпес әріптермен жазылған парақтарында кәсіпорында Елбасының болуы ерекше орын алады. Мемлекет  басшысы осындағы кезекті қуаттардың бірін өз қолымен қатарға қосып, атыраулықтардың тындырған ісіне разылық танытқан болатын. Жұмысты осы бағытта одан әрі жалғастыра беруге тілек білдірген. Атырау жылу-электр орталығында жүзеге асырылған жаңғырту шаралары осы өндіріс ошағының қуатын еселеп арттырып, өңірде сенімді энергетика қауіпсіздігін қалыптастырды.

%d0%bf%d1%80%d0%b5%d0%b7%d0%b8%d0%b4%d0%b5%d0%bd%d1%82-%d0%b6%d0%b0%d2%9b%d2%9b%d0%b0%d0%bd-%d1%88%d1%8b%d1%80%d0%b0%d2%9b

Расында да, республиканың кейбір өңірі энергетикалық тапшылық көріп, көрші елдерге тәуелділік күйін кешіп отырғанда мұнайлы мекенде мұндай проблема туындап жатқан жоқ. Соңғы жылдары сәтті жүргізілген инвестициялық бағдарлама нәтижесінде Атырауда электр және жылу энергияларына сұраныс толығымен шешілген. Тіпті, пайдалануға берілер жаңа нысандарды да қамтамасыз етерліктей жеткілікті қор жинақталған. Энергетикалық қуаттар жетіспеушілігін алыс-жақын шетелдерден ғана емес, республиканың бірқатар облыстарынан да көріп отырмыз. Міне, бұл ретте атыраулық монополия мекемелердің қолға алып, жүйелі жүргізіп жатқан инвестициялық бағдарламалары өңірде электр және жылу энергияларының келешекке жеткілікті мол қорын жасақтауға мүмкіндік туғызды.

Қолданыстағы заңдылықтарға сәйкес, халыққа коммуналдық қызмет көрсететін кәсіпорындар өздеріне ортамерзімдік инвестициялық бағдарлама қабылдағанда соған сәйкес тарифтің де сатылап көтерілуі көзделеді. Яғни, төлем құнын күрт қымбаттатпай, біртіндеп өсіру қарастырылған. Бұл тұтынушыға салмақ салмау үшін жасалады. Бәзбіреулердің «неге тариф жылда өзгереді?» деген сауалына осылай жауап беріледі. Себебі, инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асыру үшін қажетті қаражаттың бір бөлігі энергетикалық қуаттарды тұтынушылардың төлемінен құралады. Осы орайда ортақ мақсатқа заңды тұлғалар да, жекелеген азаматтар да тиісінше үлес қосады. Міне, осыдан кері байланыс туады. Өзгерген тарифті құп алып, коммуналдық төлемін уақытында өтеп отырған тұтынушы монополия мекемеден «не тындырдың?» деп сұрауға құқылы.

Жалпы, атыраулық энергетиктердің соңғы жылдары аймақты жылу-электр энергиясымен қамту бағытында атқарған шаралары аса қомақты. Осында жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстары шеңберінде тұтынушылардың тапсырысы толық қанағаттандырылып келеді.

Сонау 1963 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан Атырау жылу-электр орталығы бұған дейін күрделі жөндеудің үш кезеңін жүзеге асырды. Сол құрылған жылы-ақ 24 МВт қуат қатарға қосылып, бірінші кезең іле қосылды. Ал, 1970 жылы екінші кезең аяқталып, электр энергиясы 134 мегаватты құрады. Содан 1985 жылы үшінші кезеңнің нысандары тұрғызылған соң электр қуаты 249 МВт болды. Мұның сыртында сағатына жүздеген гигакалория жылу энергиясын шығаратын жаңа нысандар салынды.

%d0%bf%d1%80%d0%b5%d0%b7%d0%b8%d0%b4%d0%b5%d0%bd%d1%82-%d0%b6%d0%b0%d2%9b%d2%9b%d0%b0%d0%bd-%d1%88%d1%8b%d1%80%d0%b0%d2%9b-2

Мемлекет басшысы Атырауға келген кезекті сапарында жылу-электр орталығын жаңғыртудың төртінші кезеңінің бірінші бу турбинасын өз қолымен іске қосқан-ды. Сонда Елбасы республикада бұдан 40-50 жыл бұрын салынған электр стансаларының дені тозғандығын, бәрінің де жаңғыртуды қажет етіп тұрғандығын, бұл бағытта атыраулық энергетиктер бастамасының құндылығын айтқан болатын.

Турасын айтқанда, бұдан он шақты жыл бұрын-ақ аймақтағы энергетикалық кешен әбден ескірген. Жарықтың жиі сөнуі, жылудың далаға кетіп жатқандығы тұтынушылардың орынды өкпесін тудыратын. Қолданыстағы қондырғылардың тозғандығы соншалық, тіпті күнделікті қажеттілікті өтеуге жарамайтын. Сырттан көмек болмады, ешкім инвестиция салмады.

Міне, осындай ұдайы алға жылжып, уақыт талабынан қалмау нәтижесінде Атырау жылу-электр орталығының жабдықтары жарты ғасыр бойы еш кедергісіз қызмет істеп келеді. Қазір мұнайлы мекен ерекше қарқынмен дамуда. Әлемдік талаптарға жауап беретін ауқымды жобалар жүріп жатыр. Сырттан тартылған инвестиция нәтижесінде мұнай-газ саласы өркендеп келеді. Оның төңірегіне кәсіпкерлік құрылымдары шоғырлануда. Міне, солардың бәріне энергетикалық қуаттар қажет болады.

Облыстық энергетиканы қамтамасыз ету мақсатында жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. Нақты айтқанда, 2009 жылдан бері электр қуаты 215-тен 414 мегаватқа дейін өсті. Жылу қуаты 526 гигакалориядан 695-ге жетті. Қондырғылардың тозу көрсеткіші 68-ден 47 пайызға дейін төмендеген болатын. Жобаларды іске асыру нәтижесінде 2010-2015 жылдары 2 млрд. 357 млн. квт/сағ. электр энергиясы өндірілді. Орталықта қуаты 100 МВт болатын турбогенераторы іске қосылды. Осының нәтижесінде электр қуатын өндіру 414 мегаватқа жетіп, аймақты электр энергиясымен тұрақты және үздіксіз қамтуға мүмкіндік туды. Жаңа жобаның іске қосылуымен қатар 135 жұмыс орны ашылған. Бұл – байырғы энергетиктердің ойына да келмеген, олардың бүгінгі ұрпағының ғана қолынан келетін іс.

Елімізде 2009 жылы электр стансаларына жаңа бағалар қалыптастыру ережелері енгізілді. Мұндағы басты мақсат – қолданыстағы қондырғыларды жаңғырту үшін инвестиция тарту. Демек, бұл ауқымды шараға тұтынушылардың қаражатын да қатыстыру қажеттігі туындады. Оның үстіне, «тарифті инвестицияға айырбастау» механизмі қолданылды. Әйтсе де, тұтынушының төлем мүмкіндігіне нұқсан келтірмеу үшін тарифті сатылап көтеру тетігі пайдаланылды. Турасын айтқанда, тұрғындар күрт өскен өсімді байқамай да қалды. Есесіне жарықпен де, жылумен де жеткілікті қамтамасыз етілді.

Былтыр қуаттылығы жоғары газды турбиналық қондырғы орнатылып, жылу-электр энергиясы өндірісінде қолданылатын жабдықтар жұмысының сенімдігі мен турбоагрегаттар қызметін резервтеу мүмкіндігі артты. Сонымен бірге, ондаған жылдар бойына үздіксіз жұмыс жасап тұрған қазандық агрегаттарының орнына жаңалары монтаждалып, пайдалануға берілуіне байланысты стансалардың бу өндіріп, шығару қабілеттілігі ұлғайды. Сол сияқты, моральдық та, физикалық та тұрғыдан тозған жылу автоматикасы мен бақылау-өлшеу құрылғыларының қолданыстан шығарылып, жаңаларымен ауыстырылуы да стансалардың үздіксіз қызметін қамтамасыз етуге септігін тигізді.

Атыраулық энергетиктер қол созып отырған биіктік бұл ғана емес. Алдағы уақытта қатарға қосылар кәсіпорындардың да электр мен жылу энергияларына деген сұранысын толық қамтамасыз етуге болады. Оның үстіне, Атырауда жыл санап жүздеген пәтерлі тұрғын үйлер мен бірнеше әлеуметтік нысандар пайдалануға беріліп жатыр. Міне, соның бәрі ертеңгі күні энергетикалық қуаттарды тұтынбай ма? Ал, ең бастысы – өзімізде өндірілген электр энергиясының артылғанын сыртқа сатуға мүмкіндік туатындығы. Мұндай жағдай бұрын-соңды болып па еді? Сонда өзгеге тәуелділіктен де құтыламыз. Елбасы айтып жүрген энергетикалық қауіпсіздік осы емес пе?

Нұрислам ҒҰМАР.

Елбасының атап айтқаны…

Электр энергетикасы – жобалау мен жаңа қуаттарды қатарға қосқанша айтарлықтай уақыт алатын инертті сала. Ал, энергетикалық жетіспестіктен біз таяу уақытта  бетпе-бет келеміз.

Сондықтан, бұл проблеманы қысқа және орта мерзімді келешекте шешудің жалғыз жолы – энергетикалық қуаттарды сақтауды ынталандыру деп ойлаймын. Бұл мәселеде сөзден іске көшетін уақыт жетті. Қуаттарды арттыру жөнінен біз 3-4 жылға кейін қалдық. Демек, енді уақытты өткізуге болмайды.

 4 маусым, 2008 жыл.

 Бүгінде Қазақстан бойынша жаңа кәсіпорындар іске қосылуда. Осының бәрі – біздің халқымыздың бірлігінің, сондай-ақ қоғамдағы келісім мен тұрақтылықтың нәтижесі.

1 қазан, 2009 жыл.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button