ӘМIР БОЛАТ, САРАПШЫ, «ДАНА ЖОЛ» ҚОЛДАНБАЛЫ ЭКОНОМИКА ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: ИНВЕСТИЦИЯ САЛУҒА МАШЫҚТАНУ ҚАЖЕТ

«Дүниежүзілік сауда ұйымы: Қазақстан әлемге не ұсына алады?» атты тақырыпта облыстық «Атырау» газетінің №97 санында жарық көрген мақаламен басылымның сайты арқылы танысқан сарапшы, Алматы қаласында орналасқан «Дана Жол» қолданбалы экономика орталығының жетекшісі Әмiр Болат өз пікірін редакциямызға арнайы жолдап отыр.

Әуелі, арнайы экономикалық білімі жоқ Қазақстан азаматтары үшін, Дүниежүзілік сауда ұйымы туралы түсінік беріп өткіміз келеді. Бұл – өндірілген тауарды осы ұйымға мүше елдер арасында кедендік салықсыз және басқа да шектеулерсіз, еркін сатуға құқық беретін ұйым.

ДСҰ «әр ұлт белгілі бір өнім түрін өндіру үшін мамандануы қажет. Содан соң халықаралық еңбек бөлінісі арқылы, яғни кеден түріндегі кедергілерсіз, өз тауарын басқа ұлттардың өндірген тауарларына айырбастау керек» деген ұстаным негізінде құрылған. Мәселен, Португалияның табиғи, климаттық және ұлттық ерекшеліктері оларды жүзім өсіруге бейімдеді делік. Аталған ұйым қағидаларына сәйкес, Португалия шарап және жүзім өнімдерін өндіруге мамандануға міндетті. Шартты түрде алып қарастырсақ, Португалия өздерінде өндірілген жүзім мен одан жасалған өнімдерді, бидай мен банан экспорттауға маманданған елдердің өнімдеріне айырбастау арқылы қажеттіліктерін қанағаттандыруы тиіс.

Сол себепті, Қазақстанның алдында ауыл шаруашылығынан және шикізаттан өнім өндіруге мамандану міндеті тұр. Бұл – ДСҰ-ның басты қағидаты. Және де біз немістерден құрал-жабдықтарды, қытайлардан халық тұтынатын тауарларды, жапондықтардан автокөліктерді сатып алу арқылы, өзімізге қажетті тауарларды басқа елдермен айырбас қағидаты бойынша иемденудеміз.  

Өнеркәсібі мықты дамыған және ауыл шаруашылығы қуатты елдер үшін ДСҰ-ның маңызы зор. Дегенмен, біздің елімізге мына мәселелерді ескеруге тура келеді. Егер, Қазақстан Еуропа, АҚШ немесе Қытайға өнім экспорттайтын зауыттарды салатын шетел инвесторларына сүйену арқылы, елімізде теледидар, автокөлік, киім-кешек секілді – халық тұтынатын тауарларды өндіруді көздесе, бұл тиімді жол бола алмайды. Себебі, шетел инвесторларының ешқайсысы Қазақстанда осыған сәйкес тауарларды өндіріп, оны аталған елдерге экспорттау мақсатында зауыт салмайды. Өйткені, бізде ең арзан транзит түрі болып табылатын теңізге шығатын жол жоқ. Оның үстіне, көршілес елдердің ірі өткізу нарықтары, яғни континенталды Қытай мен Ресейдің еуропалық бөлігі бізден тым алыс орналасқан.

Сондықтан, ДСҰ-на ену процесін неғұрлым ұтымды пайдалану мақсатында, Қазақстан тауар бірлігіне кететін транспорттық шығыны аз болатын өнімдерді өндіруі керек. Бұл компьютерлік чиптер, немесе плата секілді өнім (яғни көлемі жағынан кішкентай, бірақ бағасы жоғары тауарлар), кез келген компьютерлік бағдарламалар (яғни транспорттық шығынды қажет етпейтін тауарлар) болуы мүмкін. Алайда, дәл бүгінгі таңда біздің өнеркәсібіміз әлі мұндай тауарды әлемдік деңгейде өндіруге көп жұмыстануы керек. Ауыл шаруашылығы өнімдерін де әлемге ұсынуға болар еді. Бірақ, бұл саланың да тиісті деңгейде дамымауы елімізге белгілі бір мерзім ішінде дайындықтан өту міндетін қояды.

ДСҰ-на мүшелікке өтуден қазіргі таңда мұнай, газ, металл сынды шикізат өнімдерін экспорттаушылар ғана ұта алады. Себебі, олар Еуропа, Қытай және Ресей нарықтарында кедендік кедергілерсіз, басқа да тарифті емес шектеулерге кезікпей өз өнімдерін сатуға мүмкіндік алады.

«Ал, дәл қазіргі таңда ұйымға мүшелік Қазақстанның ішкі нарығына қалай әсер етеді?» деген мәселеге келсек, енді біздің нарықты шетелдік өнімдер жаулап алады. Осыған байланысты, ескі әдіспен жұмыс істеуге дағдыланып қалған қазақстандық компаниялар банкротқа ұшырау қаупімен бетпе-бет келуі мүмкін. Себебі, отандық компаниялар өз тауарын жетілдіру және таралу ауқымын кеңейту мақсатында нарыққа ақша салуға машықтанбаған. Тауарды технологиялық тұрғыдан бәсекеге қабілетті ететін жаңа инженерлік зерттеулерге ақша салуға, бренд жасауға, жарнама мен маркетингке көп көлемде қаржы жұмсауға дағдылануымыз керек. Сөйтіп, әлемдік бәсекелестікке мықтап дайындалу қажет. Әрине, «көш жүре түзеледі» демекші, алғашында қиын болғанмен, біздің еліміз ДСҰ талабын да орындай отырып, үлкен табыстарға жететіні кәміл. Сондықтан, біз өз тауарымыздың жоғары технологиямен әзірленуіне және жетіле түсуіне ұлт ретінде инвестиция салуға машықтануға тиіспіз.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз