
Президент UTEBAYEV UNIVERSITY ұсынған жобамен танысты
Астанадағы «EXPO» Халықаралық көрме орталығында өтіп жатқан «Жұмысшы мамандықтар қаласы» республикалық фестивалінің үшінші күнінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің Басқарма төрағасы-ректор Гүлзада Шакуликова оқу орны профессор-оқытушылары мен студенттері дайындаған виртуалды шындық (VR) көзілдірігін танысырды. VR көзілдірігі арқылы студенттер оқу үдерісі мен зертханалық жұмыстардың иммерсивті тәжірибесін көре алады.

Аталған оқу орнының баспасөз қызметінің хабарлауынша, UTEBAEV UNIVERSITY стендінде университеттің білім беру бағдарламалары мен жетістіктері таныстырылып, мұнай-газ саласындағы болашақ мамандарды даярлау бағытындағы жұмыстар көрсетілуде. Фестиваль Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылып отыр.

–Елордада өтіп жатқан бұл іс-шара жұмысшы мамандықтардың мәртебесін арттыруға, техникалық-кәсіптік білім беру жүйесін дамытуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Бес күн бойы еліміздің түкпір-түкпірінен келген оқушылар мен колледж студенттері болашақтарына қажет, пайдалы ақпараттарға қанық болып жатыр. Үш күн ішінде UTEBAYEV UNIVERSITY стендіне 300-ден астам адам келіп, университет туралы ақпарат алды, — деп атап өтті ректор Гүлзада Шакуликова.