«Орал – Атырау» трассасында жолаушылар автобусы апатқа ұшырап, үш адам қаза тапты

240 Жаңалықтар

Atr.kz/26-ақпан, 2019 жыл. Атырауға Орал қаласынан жол тартқан жолаушылар автобусы жүк көлігімен соқтығысып, апатқа түсті.

Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, қайғылы оқиға Индер – Атырау трассасы бойындағы Көктоғай елдімекенінің тұсында орын алған. Апат салдарынан үш адам оқиға орнында көз жұмды. Автобуста болған 43 адамның 15-і балалар. Олар қазақша күрес бойынша өтетін турнирге бара жатқан.

Атап өтерлігі, қаза болғандардың ішінде балалар жоқ. Қазіргі таңда бес адам Атырау облысы ауруханасына әкелінген. Тағы бес адам Махамбет аудандық ауруханасында, төрт адам Индер аудандық орталық ауруханасында жатыр. «Жапа шеккендерге ем-дом жасауға барлық медициналық орталықтар дайын. Оқиға орнында жедел жәрдем қызметінің он бригадасы жұмыс істеді. Мобильді дәрігерлік амбулатория қызмет көрсетуде» делінген Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі таратқан мәліметте.

Апатқа ұшыраған автобуста болған жолушылар жөнінде ақпаратты 98 02 92, 8778 0072021 нөмірлері көрсетілген Call-орталық арқылы алуға болады. Қауырт желі тәулік бойы жұмыс істейді.

Апат салдарын анықтаумен тергеу орындары айналысып жатыр. Қазіргі таңда ҚР Қылмыстық Кодексінің 345 бап 4 бөлімі негізінде іс қозғалды. Жапа шеккендерге Индер ауданы әкімдігі жан-жақты көмек көрсетуде.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз