Жарнама
ЖаңалықтарМәдениет

Президент шыршасы

Атыраулық балдырғандарға таңғажайып мереке сыйлады

Жыл сайын желтоқсан айының соңғы аптасының алғашқы күнінде Қазақстанның әр өңірінде еліміздің бас шыршасы өтеді. Атыраудағы Салтанат сарайында ұйымдастырылған Президент шыршасына облыс бойынша 350 оқушы қатысты. Биылғы шырша тойының ерекшелігі  ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесіне және Астанада өтетін «ЭКСПО–2017» халықаралық көрмесінің маңыздылығына орай ұйымдастырылғандығы болды.

%d0%b5%d0%b0%d1%81-176

Әдемі безендірілген алып шыршаның маңына топтасқан балалар ертегі кейіпкерлерін қошеметпен қарсылады. Кеште сонау Асан қайғы мен Керей, Жәнібек хандар және Ұлы Жібек жолының арулары да қойылымның басты кейіпкерлері болды. Ұлы тұлғалар балаларға ақ тілегін жаудырып, Қазақ елінің  өте ертеден бастау алатын тарихына тоқталды. Олардың  әр сөзі оқушыларға ерекше серпін берді.

Әдеттегідей, Жаңа жылдың басты кейіпкерлері – Аяз Ата, Ақшақар, Ескі жыл – Мешін,  Жаңа жыл – Тауық ортаға шығып, бүлдіршіндерді  айтулы мерекемен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Әрқайсысы Қазақстанның Тәуелсіздік алғаннан бері жеткен жетістіктері, табыстары туралы жан-жақты баяндады.

Бұдан соң балалар бір-бірінің қолдарын ұстап, шыршаны айналып ән салды, би биледі. Осылайша, олар шырша шамдарының жануы үшін бар өнерлерін көрсетті.

Еліміздің бас шыршасына арнайы шақыртумен келген оқуда озат, өнерлі балалар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын бейнеүндеу арқылы тыңдады.

anu-0767

Қымбатты балалар, Жаңа жылбаршамыз асыға күтетін мерейлі мейрам. Жақсылықтың жаршысы. Бұлең алдымен, балалардың мерекесі, кішкентайлардың қуанышы. Сендер тәуелсіз елде өсіп келе жатқан нағыз бақытты ұрпақсыңдар. Өздеріңді және еліміздегі барлық балаларды Жаңа жылмен шын жүрегіммен құттықтаймын.

Бүгінгі шырша тойы  есте қаларлық ерекше кеш болады деп сенемін. Осындай шара қазір еліміздің барлық өңірінде өтуде. Баршаға танылған Қазақстан болашағын бүгіннен бастап ойлайтын мемлекет, Ұлы дала елінің ұлағатты ұландары алдыңғы қатарлы болуы керек. Біз сендердің ақылды да алғыр, зерделі де зерек, білімді болып өскендеріңді қалаймыз. Еліміздің болашағын сеніп тапсыратын үкілі үмітіміз өздеріңсіңдер. Сол үшін біздің мемлекетіміз барлық мүмкіндікті жасап келеді. Бәріңе мол игілік, жарқын болашақ тілеймін. Армандарың орындалсын. Тәуелсіз елімізбен бірге өсіпөркендей беріңдер, — деген Мемлекет басшысының ақ тілектерге толы лебізі әр баланың жадында ұзақ уақыт сақталып қалары анық.

Шырша мерекесіне облыс әкімі Нұрлан Ноғаев та қатысты. Облыс басшысы балалармен бірге шыршаны айналып, мерекеледі. Одан соң Нұрлан Асқарұлы құттықтау сөз сөйледі.

anu-0803-1

– Құрметті балалар, салтанатты шараға қатысушылар, баршаңызды  Жаңа 2017 жылмен құттықтаймын! Бүгін Астана мен Алматы қалаларында және облыс орталықтарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауымен Президент шыршасы ұйымдастырылып жатыр. Мемлекет басшысы қазақстандықтардың әл-ауқатының жақсаруына, оқушылардың, өскелең ұрпақтың мектепте, мектепке дейін, оқудан соң өздеріне лайықты білім алуына жағдай жасап келеді. Елбасының тапсырмасымен жаңа мектептер, білім беру нысандары бой көтеруде. Бұл  игіліктің бәрі – Сендер үшін, құрметті оқушылар! Өздеріңе Елбасы сенеді, ата-аналарыңыз, қоғам сенеді. Алдағы уақытта бәсекелестікке сай еліміздің үлкен азаматы атанатындарыңа сенімдімін. Сондықтан, әрқашан бойларыңа оқу мен тәрбие жинап, оқуда озат, спортта, өнерде алда көрінулеріңе тілекшімін. Келер жылы армандарың орындалсын, — деді Нұрлан Асқарұлы.

anu-0824-1

Сондай-ақ, Президенттің жаңажылдық шыршасына қатысқан әр балаға Елбасының атынан  сыйлықтар мен қысқы жылы киімдер, оқуға қажетті құрал-жабдықтар сыйға тарту етілді.

Исатай ауданындағы Ю.Гагарин атындағы орта мектептің 5-сынып оқушысы Жансая Жаманқұл  бұл шараға Ақшақар бейнесінде келіпті. «Тарихқа еніп бара жатқан  Мешін жылы мен үшін жақсылықтарға толы болды. Сабаққа үлгерімім артты. Жаратылыстану пәні бойынша олимпиадаға қатыстым. Биылдан бастап домбыра үйірмесінің мүшесімін. Бос уақытымда өлең шығарамын. Өскенде  жазушы болғым келеді. Сол үшін әдеби кітаптарды көп оқимын. Жаңа жылда жақсылықтар күтемін», — дейді ол.

%d0%b5%d0%b0%d1%81-044

Бұл күннен ұмытылмас әсер алғанын айтқан Алтынбек Мизамұлы да шарадағы кішкентай Аяз Атаның бірі болды.  Ол – Индер ауданындағы Көктем орта мектебінің 4-сынып оқушысы. Мешін жылында Алтынбек өзі жасаған қолөнер бұйымдарымен көптеген байқаулардың жеңімпазы атаныпты. Ал, осы ауданның Махамбет атындағы орта мектебінің 4-сынып оқушысы Еламан Өмірзақ 2016 жылы спортта алда көрінген. Өзінің айтуынша, күрестен аудандық, облыстық чемпионаттың жеңімпазы атанған.

С.Қазыбаев атындағы балалар үйінің тәрбиеленушісі Аружан Қалиева –қазір қаладағы дарынды балаларға арналған №30 мектеп-гимназиясының 5-сынып оқушысы. Оқу озаты. Аружан кешке қызыл көйлектегі ханшайым болып келіпті. «Менің арманым көп. Бірақ, әр жаңа жылда соның бірнешеуі орындалып тұрады. Келер жылдан да үмітім зор. Биылғы жылы мектептің дарынды түлегі болып қана  қоймай, қоғамдық жұмыстардың белсендісі атандым. Ән айтамын, би билеймін. Жаңа жылда арманым  орындалатынына сенемін», — дейді.

%d0%b5%d0%b0%d1%81-191

Ағымдағы жылы есігін айқара ашқан облыстық қыздар лицейіне Әсем Айдосова Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласынан келіп, алғашқы түлектің бірі болып қабылданған. «2016 жылы Атырауға келіп оқудамын. Ұстаздарым өте жақсы. Қазірдің өзінде көптеген ғылыми жұмыстарға қатысып үлгердім. Мешін жылы біздің отбасымыз үшін табысты, жемісті жылдың бірі болды деп есептеймін. Өзім арман болған Атыраудағы қыздар лицейінің түлегі болып қабылдансам, кіші інім мектеп табалдырығын аттады. Ағам Елордадағы жоғары оқу орындарының бірінен білім грантын ұтып алып, бірінші курсында оқиды. Ата-анамыз біздің оқуымыз үшін барлық жағдайымызды жасап отыр. Біз олардың үкілеген үмітін ақтауға тырысып бағудамыз. Келер жылы облыстық, республикалық деңгейдегі пәндік олимпиадаларға қатысып көргім келеді», — дейді ханшайым болып киінген Әсем.

Ең бастысы, жақсы оқып, айналасын қуантқысы келетін осындай оқушылар көп. Бәрінің арманы асқақ. Оларға мемлекет тарапынан көрсетілген осындай зор құрмет, өздеріне деген сенімді одан әрі нығайтып, серпін бере түсері сөзсіз.

Нұргүл Ысмағұлова

Суреттерді түсірген:

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button