Жарнама
Жаңалықтар

Президент кеңесшісі жастармен кездесті

Атырау облысына тура сегіз айдан кейін арнайы сапармен Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев келді. Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың IV отырысында айтқан негізгі бағыттарын түсіндіру, жүзеге асыру жолдарын пысықтау, жастармен еркін пікір алмасу – сапардың басты мақсаты екен.

5a818a22 425b 4bba 9a89 8c0f5159b23e

Атырауға сапары барысында кеңесші Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде өткен кездесуге қатысты. Жиында университеттің басқарма төрағасы-ректоры Саламат Идрисов жастардың қоғамдағы рөлі мен болашағы жайында ой қозғап, сөз тізгінін жас ұстаздар мен белсенділерге ұсынды.

Олардың қатарында Информатика кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Мақсот Рахметов, жас маман Жанерке Мұстахим, «Сенатор» дебат клубының жетекшісі Аружан Ренатқызы және «Жастар рухы» жастар қанаты Атырау облыстық филиалының төрағасы Абылай Құрметұлы болды. Спикерлер жастарды қолдау, экологиялық мәдениет және пікірсайыстың маңызы жөнінде өз ой-пікірлерімен бөлісті.

Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев жастармен кездесу барысында еліміздің басты басымдығы – сапалы білім мен бәсекеге қабілетті маман тәрбиелеу екеніне тоқталды.

– Біз аға буыннан «Мықты маман бол!» дегенді жиі еститінбіз. Бұл – орынды тілек. Дегенмен, егер кәсіби тұрғыда мықты бола тұрып, адамгершіліктен жұрдай болсаң, жетістікке жету қиын. Ал жақсы адам болып, кәсіби қабілетің әлсіз болса, қоғамға пайдаң шектеулі болмақ. Нағыз табыс – біліктілік пен адамгершіліктің үйлесімінде. Бүгінгі студент – ертеңгі ел тірегі. Бұл мәртебеге лайық болу – үлкен жауапкершілік. Биікке шығу бір бөлек, сол биікте тұрақтай білу – басқа міндет. Ол үшін табандылық пен тәртіп қажет, – деді кеңесші.

Сондай-ақ Мәлік Нұржанұлы Мемлекет басшысының бастамалары жастарға артылған зор сенім екенін атап өтті. Оның айтуынша, саясаткер уақытша нәтиже көздесе, мемлекеттік қайраткер – ұлт болашағын ойлайды.

– Бүгінгі әлем тұрақты емес. Геосаяси текетірестер мен державалар арасындағы бәсекелестік Қазақстанға да әсер етпей қоймайды. Мұндай жағдайда әрбір азаматтың заң мен тәртіпке бағынып, ел ішіндегі тұрақтылықты сақтау – маңызды міндет. Қазақ халқы қиын-қыстау кезеңдерді бастан өткерді. Ашаршылық, қуғын-сүргін сияқты тарихи қасіреттер – ұмытылмауы тиіс. Алайда халқымыздың тарихы тек ауыртпалықтардан ғана емес, үлкен жетістіктерден де тұрады. Сол жеңістерді де есте сақтау – жас ұрпақтың парызы, – деді ол.

Кездесу соңында Мәлік Отарбаев жастарға тек мықты маман болу аздық ететінін, ең алдымен, жақсы адам болып, ел дамуына шынайы үлес қосу қажеттігін баса айтты.

Алмас ҚАБДОЛ
Суреттерді түсірген автор

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button