Жарнама
ЖаңалықтарСаясат

Президент Қасым — Жомарт Тоқаевты кімдердің құттықтағаны белгілі болды

Atr.kz/23 наурыз, 2019 жыл. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына кірісуіне орай мемлекет басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен құттықтау жеделхаттары мен хаттар келіп түсті.

Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин өз құттықтауында Қасым-Жомарт Тоқаевтың екі мемлекет арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды нығайту, сондай-ақ Еуразия кеңістігіндегі өзара тиімді интеграциялық үдерістерді ілгерілету ісіне зор еңбек сіңіргенін атап өткен.

tokaev 001

«Біз Қазақстан мен Ресейдің барлық саладағы сындарлы ынтымақтастығын одан әрі ілгерілетуді, сондай-ақ күн тәртібіндегі халықаралық өзекті мәселелерді шешу жолында өзара ықпалдастықты бірлесе қамтамасыз етеміз деп сенемін.

Мұның бауырлас халықтардың мүдделеріне сай келетіні, өңірлік тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуды көздейтіні сөзсіз», – делінген жеделхатта.

Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин құттықтау хатында Қазақстан мен Қытайдың тату көрші әрі жан-жақты стратегиялық серіктес екеніне тоқталып, екі елдің күш жұмылдыруының арқасында қарым-қатынастарымыз жоғары деңгейге көтерілгенін атап өткен.

«Біз Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев екеуіміз берік достық қатынастар орнаттық. Сондай-ақ, Сізбен бірге де екі мемлекеттің және халқымыздың игілігі үшін Қазақстан мен Қытай арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестік қатынастарды нығайта түсеміз деп сенемін. Достас Қазақстанның қуаты артып, өркендей беруіне ниеттестік білдіремін, сонымен қатар халқыңызға бақ-береке мен амандық тілеймін», – делінген құттықтау хатта.

Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиеёв өзінің жеделхатында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи рөлі аса зор екенін атап өтіп, өзбек және қазақ халықтарын достық пен тату көршіліктің сан ғасырлық арқауы байланыстыратынын жеткізген. Сондай-ақ, хатта тығыз ықпалдастық пен өзара сенімнің мол тәжірибесі екі жақты қарым-қатынасты стратегиялық серіктестіктің жаңа сапалы деңгейіне шығаруға мүмкіндік бергені айтылған.

«Біз бірлесе күш жұмылдырудың арқасында өңірдегі қауіпсіздікті, тұрақтылық пен орнықты даму үдерісін қамтамасыз ету үшін елдеріміз бен халықтарымыз арасындағы көп жақты ынтымақтастықтың зор әлеуетін толық пайдалана отырып, қол жеткізілген уағдаластықтарды дәйекті түрде жүзеге асыра беретінімізге кәміл сенемін», – делінген жеделхатта.

Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков құттықтау жеделхатында екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік, достық, одақтастық және тату көршілік қатынастар халықтарымыздың игілігі мен өркендеуі үшін одан әрі нығая беретінін атап өткен.

Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонның жеделхатында Тәжікстан мен Қазақстанның стратегиялық серіктестікке негізделген бүкіл қатынастары достас халықтардың игілігі жолында нығая түсетініне сенім білдірілген.

Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов өзінің құттықтау жеделхатында Түрікменстанда Қазақстанмен арадағы достық, өзара құрмет пен көмек қағидаттары негізінде қалыптасқан қатынастар жоғары бағаланатынын атап өткен.

«Түрікменстан мен Қазақстан арасындағы қатынастар алдағы уақытта да бауырлас халықтарымыздың игілігі үшін қарқынды дамып, өзара тиімді ынтымақтастық рухында нығая береді деп сенемін», – делінген жеделхатта.

Сингапур Республикасының Президенті Халима Якоб өзінің жеделхатында екі мемлекет арасында халықтарымыздың әл-ауқатын арттыру және елдерімізді дамыту үшін ортақ мақсаттарға негізделген екі жақты достық қатынастар қалыптасқанын атап өткен.

«Былтыр 25 жыл толған қарым-қатынастарымыздың дәйекті дамып келе жатқанын зор қуанышпен атап өткім келеді. Екі жақты байланыстарды одан әрі нығайту үшін Сізбен бірлесе жұмыс істеуді асыға күтемін», – делінген жеделхатта.

Молдова Республикасының Президенті Игорь Додон өзінің құттықтау жеделхатында Қасым-Жомарт Тоқаевтың жоғары мемлекеттік лауазымдағы қызметі Қазақстанды одан әрі өркендетуге және Молдова мен Қазақстанның достық байланыстарын дамытуға бағытталатынын атап өткен.

Чехия Республикасының Президенті Милош Земан екі елді достық қатынастар мен көптеген бағыттар бойынша, әсіресе, экономикалық салада тығыз ынтымақтастық біріктіретінін атап өтіп, олардың алдағы уақытта табысты ілгерілей беретініне сенім білдірді.

Сербия Республикасының Президенті Александр Вучич Сербия мен Қазақстанның арасындағы шынайы достық пен құрметке негізделген қатынастар өткен кезеңде мүлдем жаңа деңгейге көтерілгенін атап өткен.

«Құрметті Нұрсұлтан Назарбаев мырзамен жеке байланысым арқылы орныққан ынтымақтастық пен тығыз қатынастарды алдағы уақытта жалғастырып қана қоймай, одан әрі нығайта береміз деп сенемін», – делінген жеделхатта.

ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы – атқарушы хатшы Сергей Лебедев Қазақстанда Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен мықты және өркендеген мемлекет құру, оның халықаралық аренадағы орнын нығайту ісі жалғаса беретініне, ал Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерімен өзара тиімді серіктестік жаңа әрі зор серпін алатынына сенім білдірген.

Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Владимир Норов Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үлесін атап өтіп, тәуелсіздік жылдары Қазақстанның саяси, әлеуметтік-экономикалық дамудың күрделі міндеттерін атқару ісінде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп, халықаралық беделін нығайтқанын айтқан.

«Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың халықаралық жаңашыл бастамалары әлемдік қоғамдастық тарапынан әрдайым қолдау тапты. Қазақстанның беделді әрі әділетті пікіріне өңірде де, әлемде де құлақ асып, құрметпен қарайды. Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бішкек қаласында Сіздің қатысуыңызбен өтетін алдағы саммиті «Шанхай рухы» атты жасампаздық қағидатына сүйене отырып, өңірлік және жаһандық қауіпсіздік мәселелерін жүзеге асыру үшін бірлескен күш-жігерді жандандыра түсуге мүмкіндік береді деп сенемін», – делінген жеделхатта.

БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры Михаэль Меллер өзінің хатында Қазақстан Президентінің мемлекеттік қызметтегі және БҰҰ аясындағы тәжірибесін атап өткен. Мұның Қазақстан үшін бірегей басымдық екені және оның Орталық Азиядағы интеграциялық және ынтымақтастық үдерістерде жетекші рөл атқаруға септігі тиетіні айтылған.

«Мен осындай мәртебелі лауазымға өзімнің тілеулесім – көп жақты дипломатияны ұстанушы тұлғаның келгеніне қуаныштымын. БҰҰ мен Қазақстан арасындағы отыз жылға жуық уақыт ішінде қалыптасқан осындай өзара түсіністік рухымен ортақ сын-қатерлерге төтеп беру үшін бірлесе жұмыс істеуге дайынмын», – делінген құттықтау хатта.

Еуразия экономикалық комиссиясы алқасының төрағасы Тигран Саркисян Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Президенті лауазымындағы қызметі Еуразия экономикалық одағындағы интеграциялық үдерістерді жан-жақты дамытуға және оның халықтарының бақ-берекесін арттыруға бағытталатынына сенім білдірген.

Дереккөз: «Айқын»

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button