Жарнама
Жаңалықтар

Португалия тұңғыш рет Еуропа чемпионы атанды

  Бүкіл дүниежүзі көз тіккен футболдан Еуропа чемпионаты өз мәресіне жетті. Финалда дода иелері — француздық ойыншылармен кездескен Португалия құрамасы өз тарихында тұңғыш рет Еуропа чемпионы атанды.

   Ойын аяқталғанша сарапшылар басымдықты Франция құрамасына беріп келген еді. Өйткені, португалдықтар топтық кезеңде үшінші орында үш ұпай ғана еншілеп, плей-оффқа шыққан болатын. Мұның тағы бір себебі, Португалия құрамасы тек бір команда — Уэльсті ғана ойынның негізгі минутында 2:0 есебімен ұтты. Ал, ақтық айқастың алғашқы минуттарында-ақ португалдықтардың негізгі күші әрі капитаны Криштиану Роналдуның жарақат алып, ойынды жалғастыра алмауы — бұл болжамды одан әрі күшейте түсірді. Алайда, «еуропалық Бразилия» атанған құрама оңай шағылатын жаңғақ еместігін және жеңіске деген жігер үнемі оң нәтиже беретінін дәлелдеді.

   Бірінші таймда алаң иелері шабуылға беттеп, қонақтар қорғанысқа көп көңіл бөлді. Алайда, есеп ашылмады. Екінші таймда да жанкүйерлер гол көрмеді. Сөйтіп, Еуропа чемпионатының тарихында алғаш рет финалдық матч негізгі уақыт — 90 минут ішінде 0:0 есебімен аяқталды. Бірақ, осы ретте португалдық құраманың қақпашысы Руй Патрисиуны ойынның басты қаһарманы деп атауға әбден лайық. Оның тамаша ойыны командасын чемпиондыққа жетеледі десек артық айтқандық емес.

   Қосымша уақыттың 109-минутында Португалия құрамасы сапынан 28 жастағы Эдер есеп ашты. Оның айып алаңы сыртынан шамамен 20 метр жерден шірене тепкен добынан франциялық қақпашы Льорис тиісті жауап қайтара алмады. Сөйтіп, Франция құрамасы алғаш рет финалда қарсыласқа есе жіберді. Ал, Португалия сапынан Криштиану Роналду мен Пепе үшін бұл жыл сәттілігімен ерекшеленіп отыр. Өйткені, бұған дейін мадридтік «Реал» командасының ойыншылары осыдан ай жарым уақыт бұрын Чемпиондар лигасының кубогын төбелеріне көтерген болатын.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button