«ПАРЫЗ»: Атырауда жаңа еріктілер тобы құрылды
Atr.kz/24 ақпан, 2020 жыл. Мемлекет басшысының Жарлығымен биылғы жыл елімізде «Еріктілер жылы» болып жарияланғаны белгілі. Жақында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Елордада атаулы жылдың Салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Онда Нұр-Сұлтан қаласында «Birgemiz» атты республикалық Волонтерлер фрот-офисі ашылып, жалпы ізгілік атаулының халқымызға тән қасиет екендігіне баса назар аударылды.
Бұл игі бастама өңірлерде өз қолдауын тапты. Осы мақсатта Махамбет ауданының Таңдай ауылында «Парыз» деп аталатын еріктілер тобы құрылды. Оның жұмысына осындағы ауылдық мәдениет үйінің директоры, белгілі журналист, ақын Қадыржан Қазымбекұлы жетекшілік етеді. Оның айтуынша, әзірге еріктілер тобының 30-ға мүшесі бар, алдағы уақытта олардың санын 50-ге жеткізу көзделіп отыр.
Негізгі мақсаты – ауылдағы жоқ-жітіктеу отбасылары мен ерекше туылған жандарға жәрдемдесіп, жан-жақты қолдау көрсету. Сонымен қатар, елді мекеннің көркеюіне, экологиясының жақсаруына, саниатарлық тазалығының сақталуына үлес қосу. Мұның сыртында, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде де кешенді іс-шараларды жүзеге асыру көзделген.
Дана халқымызда «Әр адамның туған жері – Мысыр шаһары» деген аталы сөз бар. Ал. еліне адал да абыройлы қызмет қылып, өнегелі істердің өркен жаюына септесу әркімнің азаматтық парызына айналуы тиіс. Ендеше, Таңдайдағы еріктілер тобының атауы мен мазмұны да осы ұстанымға негізделген болса керек.
Дәулетқали АРУЕВ
Махамбет ауданы