АНА БАҚЫТЫ

Адамзатқа қашан  да  әлемнің  жарығын сыйлап, мейірім шуағына бөлеп жүретін анаға қандай құрмет те лайық. Ежелден келе жатқан ата дәстүрімізде де, тәуелсіз Қазақ елінің қоғамдық өмірінде де ананы қадірлеу ерекше. Қасиетті Наурыз  мерекесімен астаса келген туған күнінде Нұрсұлу Сәулеқызы тоқсан жастың төріне шығып, мерейі тасып отыр.

 Нұрсұлу анамыздың кіндік қаны тамып, туып-өскен жері Индер ауданы еді. Осы өңірдегі өткен аштықты, қуғын-сүргінді,кешегі сұрапыл соғыстың елге әкелген зардаптарын да көзбен көріп, ерте есейді. Ол өмірдегі қиыншылық пен қиянатты да, жақсылық пен жамандықты да басынан көп өткерді.

15 жасынан еңбекке араласты, бұған әулеттің қуғын-сүргінге түсуі де себеп болды. Әкесі Сәуле Сембіұлы өңірге белгілі ауқатты жан болатын. 1928 жылы тәркілеуге ілікті. Ол кезде Орал губерниясына қарайтын кез еді. Мерген деген жерден Бабанға қашып барып, жаны үшін тегіне дейін ауыстырады. Біраз жыл Қойбағар Төлешұлы атанып, 1934 жылы елін сағынып, Толыбай ауылын паналап отырған отбасына оралды. Бірақ көреалмаушылардың бай баласы деп көрсетуімен ұсталып, Орал түрмесіне қамалды. Кейіннен итжеккенге айдалып, кете барды. 

Осындай ауыртпалықтарды жастай көрген ана қатарластарынан қалмай ұжымдардың ауыр жұмыстарына жегіліп, отбасына сүйеу болуға тырысты. Үш  айлық  курстан  өтіп,  мал  шаруашылығының қауырт жұмыстарында шыңдалды.

Индер ауданының Степан Рязин атындағы ұжымшарда еңбек етіп, мал шаруашылығының бар қызметін атқарды. Түнде жүн түтіп, иіріп қолғап, шұлық тоқыды, тері иледі. Мігірсіз жұмыс істеп, соғыстағы жауынгерлерге тамақ, киім дайындауға қатысты. Тылдағы ауыр жұмыстан шет қалмады. Ұлы Жеңісті жақындатуға бір кісідей атсалысты.

Ұлы Жеңіс сағаты да соқты. Ел қуанышқа кенелді. Алдымен айдауға кеткен әке оралды. Ол сол жақта жүріп, соғысқа сұранып аттанады. 1943 жылы жасы келуіне байланысты әскер қатарынан босатылады.  Ағасы  Нұрым  соғыстан оралмай, майдан даласында ерлікпен көз жұмады.

Осындай ауыртпалықтарды жастай сезініп өскен қайратты қыз анасы Ырысқалдыға сүйеу болып, інісі Хамза мен сіңлісі Сауапты  жеткізуге бар көмегін тигізді. Осындай қиын шақта інілері Нұрман, Ғаббас аштықтан қайтыс болды.

Өмірдің  ащы  дәмін  ерте  татқан Нұрсұлу ана 1946 жылы соғыстан аман-есен оралған Сүлдебай Бисембаевпен шаңырақ  көтерді. Өмірдің  қызығын  бірге  көріп,  50 жыл бірге өмір сүрді. Сол күндерді ол сағынышпен еске алып, отағасын да  ауызынан  тастамайды.

– Еліне бір кісідей еңбек етті. Балық құты зауытында абыройлы қызмет атқарып, балаларын жеткізуге бар қайратын жұмсады. Ұл-қыздарымызды аялап өсіріп, оқытты. Ұлдарға келін түсіртіп, қыздарды ұзаттық. Әр кез ағынан жарылып, балалардың тілеуін тілеп отыратын, – дейді.

Сүлдебай әкеміз бен Нұрсұлу анамыз өмірге 4 ұл мен 6 қыз әкеліп, тәрбиелеп, олардың бәріне білім алып берді. Батыр ананың сенімі мен үмітін ұл-қыздары да ақтады. Олардан 26 немере-жиен, 26 шөбере сүйіп, өркені өсіп отыр.

Бар ұрпағы еліне қалтқысыз қызмет етіп, өз абырой биігінен табылуда. Ұлдары Түсіпқали, Мұрат, Серікбай, Манарбек, қыздары Нәсіп, Бөбіш, Рабиға, Ғалия, Әлия, Гауһар да өз орындарын тауып, өркенін жайған шаңырақ иелері. Келіндері мен күйеу балалары да көңілінен шығып, құрақ ұшып тұрады. Құда-құдағайларымен де араласып, сыйласып отырады. Олардың да Нұрсұлу анамыз туралы ой-пікірлері өте жоғары. Бұл да бір ғанибет!

Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған бақытты ана еліміздің Тәуелсіздігіне, барша береке-бірлігіне мың да бір шүкіршілік етеді. Аллаға жалбарынып, ұрпақтарының амандығын, ел-жұртының бақытты болуын тілейді.

Мағыналы да бақуатты өмір сүріп, әдемі қартая білген бақытты ана әлі тың. Ой-санасы сергек. Бүгінгі күні Наурыз шуағына бөленіп, 90 жастың төріне төрлеген бақытты ананы бір жасымен құттықтап,оған 100-де жолығайық дейміз. Туған өңірдің сыры да, жыры да ана өмірімен өзектес.

Оның аналық мейіріміне досымыз, күйеу баласы Еңсеген мен қызы Бөбіштің арқасында біз де тыс қалмай бөленіп жатамыз. Бұл да аналық қуат пен дария кеуде, шалқар ниетінің көрінісі іспеттес.

Наурыз тойымен бірге келген ана тойы да ел тойы емес пе?! Бақытты ананың тілеуі  қабыл, өмірі ұзақ, мерейі асқақ бола берсін! Жасай бер, Нұрсұлу Сәулеқызы демекпіз.

Әбілхан СЕЙТІМҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз