Пара алғаны үшін Көлік комитетінің 8 қызметкері сотталды
Жолдарда пара алғаны үшін ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Көлік комитетінің 8 қызметкері сотталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі кеңестің бірінші отырысында белгілі болды,-деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР ИДМ Көлік комитетінің төрағасы Әсет Асаубаев құқық бұзушылықтар мен қызметкерлер арасындағы жыл басынан бергі сыбайлас жемқорлық фактілерін анықтау шаралары туралы айтты.
2017 жылдың басынан бері сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен аумақтық органдардың 13 лауазымды тұлғасы тұтқындалды. Олардың 8-і сотталды (2016 жылы тұтқынға алынған 13 қызметкердің кінәсі дәлелденді). Егер бұрын сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған үшін жауапкершілікке тек қатардағы қызметкер тартылған болса, биыл бірнеше басшы қамауға алынды. Солардың ішінде Маңғыстау облысы бойынша Көлікті бақылау инспекциясы басшысының міндетін атқарушы бар.
Батыс Қазақстан облысында жүйелі түрде пара алған үшін жетекші маман А. Зейнедденов сотталды. Бұдан бөлек, аймақтық Көлікті бақылау инспекциясына анықталған құқық бұзушылықтар бойынша 15 нұсқау жіберілді.
Тұтқынға алынған қызметкерлер саны бойынша Алматы облысының Көлікті бақылау инспекциясы алдыңғы қатарда тұр.
Астана қаласы бойынша Көлікті бақылау инспекциясына анықталған құқық бұзушылықтар бойынша 20 нұсқау жіберліген. Солардың тек қана 9-ы бойынша шаралар қолданылды. Нәтижесінде, 4 қызметкер тұтқындалып, инспекция басшысы қамауға алынды.
Алматы қаласы бойынша инспекция қызметкерлері М.Әмірбеков пен Б.Жақиянов тасымалдаушылардан жүйелі түрде пара алғаны және жақтаушылық көрсеткендері үшін сотталды. Іс материалдарынан олардың әріптестерінен арнайы тану жапсырмасы бар ауыр жүк машиналарын тоқтатпауларын сұрағаны белгілі болды.
Сыбайлас жемқорлық қылмыстарының басым бөлігі автокөлік саласында болғандықтан комитеттің onlinecam.mid.gov.kz сайтында барлық көлікті бақылау бекеттерінен трансляция жасау ұйымдастырылған.
Жылжымалы және стационарлы көлік бақылау бекеттеріне видео-мониторинг жасау барысында Ахуалдық орталық қызметкерлері жыл басынан бері 227 құқық бұзушылықты анықтап (бір жылда 33% артқан), тәртіптік жауапкершілікке 136 адам тартылған.
«Мен тыйылмайтын құқық бұзушы қызметкерлердің жұмысына тиісті дәрежеде бақылау жүргізбейтін, оларды бүркемелейтін және теріс қылықтарын жасыратын бірінші басшылар кінәлі деп есептеймін. Өздеріңіз талдап көріңіздер, Ахуалдық орталық анықтаған құқық бұзушылықтардың тек 57%-ы бойынша шаралар қолданылған. Заңнама талаптарына сай болмағандықтан тәртіптік жауапкершілік бұл жерде есепке алынбайды»,-деп атап өтті Әсет Асаубаев.
Комитет төрағасы көлік бекеттерін тексеру бойынша өзінің жеке тәжірибесі туралы айтты. Мысалы, «Молодежный» бекетін тексерген кезде онда бөтен адамдар болған. Камералар жұмыс істемеген, инспекторлар автокөлік құралдарын тіркеу процедураларын жасамаған.
«Қызылжар» бекетінің видео-мониторингі күнделікті ондаған жүк машиналары қызметкерлердің тоқтату талаптарын елемейтінін көрсетті.
Кеңес қорытындысында көлікті бақылау бекеттерінің жұмысын ұйымдастыру ережелеріне өзгерістерді енгізу; адамның қатысуынсыз автоматты өлшеу құралдарының қолданысын тездету; тиімділік көрсеткіштеріне негізделген қызметкерлерді ынталандыру механизмін енгізу; қызметкерлердің тәртіптік жауапкершілігін қарастыру кезінде заңсызсыздық жасау фактілерін болдырмау; аумақтық инспекцияларға анықталған құқық бұзушылықтар бойынша қызметтік тергеу материалдардың көшірмелерін беру туралы шешімдер қабылданды.
Айқара Ғұмар