Терможаңғырту: қаржы қашан қайтарылады?

20180724 110344 Жаңалықтар

Коммуналдық қызмет көрсету саласындағы маңызды жұмыстардың қатарына көп қабатты тұрғын үйлерді күрделі жөндеуден өткізу, яғни терможаңғырту жатады. Бірнеше жылдық мерзімді қамтитын кешенді іс-шара Атырау қаласында  қалай атқарылуда? Бұл сауалымызды «Қаладағы тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС-нің басшысы Зұлқағида Наубековке қойғанбыз.

20180724_110344

Оның мәлімдеуінше, 2020 жылға дейінгі мерзімге белгіленген өңірлерді дамыту бағдарламасы шеңберінде Атырауда да көп қабатты тұрғын үйлерді терможаңғыртудан өткізуге байланысты арнайы жоба жасақталып, жоспар қабылданған.  2011 жылдан басталған бұл жұмыстардың нәтижесінде облыс орталығындағы 110 көп пәтерлі тұрғын үй күрделі жөндеуден өткізілген.

Бастапқы  жылы «Атырау» ӘӘК  ҰК» АҚ арқылы бөлінген 117,206 млн. теңгеге – 5, республикалық бюджеттен  қаралған 343,750 млн. теңгеге 12 көп қабатты үй термо-жаңғыртумен қамтылыпты. Ал, 2012  жылы 28 үйге күрделі жөндеу жүргізілген. Келер жылы Алмагүл мөлтекауданындағы 3 көп пәтерлі үй жаңғыртылып, 16 қабатты үйлердің жарамсыз лифтілері ішінара жаңасымен ауыстырылды. Бұл үрдіс одан кейінгі жылдары да жалғасын тауып отыр.

Тек өткен жылы жергілікті бюджеттің 462,8 млн. теңге қаржысына – 11, сонымен бірге, мемлекеттің қайтарымды қаражатына – 4, оған қоса облыстан бөлінген 168,9 млн. теңгеге сонша, барлығы –19 көп қабатты үй күрделі жөндеуден өткі-зіліп, жаңаша кейіпке келтірілді. Биылғы жыл басынан бері жалпы сомасы 630 млн. теңгеден асатын қаржы 12 көп пәтерлі тұрғын жайды терможаңғыртудан өткізуге жұмсалған. Келесі жылы да 40 көп пәтерлі тұрғын үйді терможаңғыртудан өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалуда.

Жоспарланған жұмыстардың жүйелі жүргізілгеніне қарамастан, бұл салада, шұғыл шешімін күткен проблемалар да бар. Соның бастыларының бірі – мемлекеттен берілген қайтарымды қаражатты өтеу. Серіктестік басшысының түсіндіруінше, терможаңғырту бағдарламасы қанат қаққалы бергі жеті жылда келісім-шартқа отырғанымен, қарызын қайтаруға құлықсыз тұрғындар аз емес. Осы кезге дейін оларға қатысты қайтарылмаған қаражатты мәжбүрлеп өндіріп алу жөнінде сот органдарына 1 634 талап арыз жолданып отыр. Соның 1 077-сі бойынша соттың шешімі шығарылып, 547-сіне байланысты істі өндірістен қысқартуға ұйғарым жасалыпты. Ал, 10 пәтер иесіне қатысты жинақталған материал соттың қарауына қалдырылды.

Дегенмен, жеке сот орындаушылардың қатысуымен мемлекетке қайтарылуға тиісті 26 млн. теңгеден астам қаражатты өндіріп алуға қол жетті. Бережақты өтеуді ескерту мақсатында борышкер тұлғаларға жыл басынан бері 4 050 жазбаша хабарлама жіберіліпті. Қазір тұрғын үйлерді терможаңғыртудан өткізуге мемлекеттен берілген қаражаттың қайтарылу көрсеткіші 65 пайызбен шектеліп отыр.

Дәулетқали ЛАТИФҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз