АЗИЯ БІРІНШІЛІГІ АТЫРАУДА ӨТЕДІ

Осыдан сегіз ай бұрын Атырауда жаңадан спорттық және жауынгерлік самбоның облыстық федерациясы өз жұмысын бастаған болатын. Биыл қазыналы өлкеде аталған спорт түрі бойынша ерлер және әйелдер арасында үш жас ерекшелігі мен екі салмақ дәрежесі бойынша Азия біріншілігі өтпекші. Шаһар тарихында тұңғыш рет өткелі отырған айтулы оқиға туралы Азия Самбо одағының Президенті Аламжон Муллаев пен вице-президенті Адсадык Курлыбаев мәлімдеді.

 

Айтулы дода желтоқсан айының 10-14-і аралығында Мұз айдыны сарайында өтеді деп жоспарлануда.

– Менің Атырауға алғаш келуім. Сәулетті қала өзінің тазалығымен және әдемілігімен ұнады. Мұндағы тұрғындардың қонақжайлылығына қатты сүйсіндім. Азия біріншілігіне келген меймандарды атыраулықтардың жоғары деңгейде қарсы алатынына сенімдіміз. Спорттық ғимараттар мен спорт залдарының барлығы халықаралық талаптарға сай келетініне көз жеткіздік. Бұл үшін шаһар басшылығына үлкен алғыс білдіргіміз келеді, – деді Аламжон Муллаев.

Халықаралық біріншілікке жиырмадан астам мемлекеттен 400-дің үстінде спортшы қатысады деп күтілуде. Арнайы тәуелсіз төрешілер бригадасы құрылып, төрешілердің қатысуымен семинар ұйымдастырылатын болады. Әлемдік турнирді өткізуге Қазақстаннан басқа Түрікменстан, Үндістан және Тәжікстан елдері де ұсыныс беріпті. Бірақ, бұл жолы Атыраудың жолы болды.

– Осыдан бір жыл бұрын Пекиндегі олимпиада жүлдегері Арман Шылмановтың төрағалық етуімен құрылған жауынгерлік жекпе-жек ассоциациясы аз уақыт ішінде Атырауда екі бірдей халықаралық турнир өткізіп үлгерді. Халықаралық сарапшылар ұйымдастырушыларға жоғары баға берді. Сондықтан, самбо додасын да осында өткізуге толық негіз бар, – деді Атырау облыстық спорттық және жауынгерлік самбо федерациясының президенті Арман Тоғаев.

Амандық АБДОЛ.

Суретті түсірген автор.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз