БІЗГЕ КЕРЕГІ – БІЛІКТІ КАДР

Ел дамуында мемлекеттік қызметшілердің білігі мен білімінің жоғары болуының маңызы зор. Осы орайда облыс әкімі аппаратының Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау, біліктілігін арттыру және тілдерді оқыту өңірлік орталығының ұйымдастыруымен «Мемлекеттік қызметшілерді оқыту жүйесін жетілдіру мәселелері» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті.

Мемлекеттік қызметкерлер күні қарсаңында «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалында өткен шарада аталған орталық директоры Баязи Әбдешов бүгінгі атқарылып жатқан жұмыстар легімен таныстырды. Белгілі болғанындай, мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруда жаңашылдық та аз емес.
«Соңғы жылдары орталық жұмысына мемлекеттік тілді деңгейлеп оқытуда «Қазтест» жүйесі енген. Сондай-ақ, өткен жылы облыс көлемінде 72 селолық округтің әкімі 80 сағаттық қайта даярлау курсын оқып шықты. Бұл биыл да жалғасын табады. Орталықтың қосымша қызметтері де бар. Әсіресе, мемлекеттік қызметшілердің жұмысы туралы студент жастар арасында түсінік беріп, «Ашық есік» күндерін өткізу де қолға алынды. Тыңдаушыларды күні бойы жалықтырып алмау үшін оларды саяхатқа шығару жұмыстары да қолға алынған. Оларды ынталандыру шаралары да қалыс қалмады» деген Баязи Мәдешұлы биылғы тыңдаушылар дайындаған эсселер ішінен үздіктері анықталып жатқанын, ол кәсіби мереке қарсаңында ескерусіз қалмайтынын айтты.
Мемлекеттік қызмет саласында мамандар дайындауда негізгі үлес мемлекеттік басқару академиясына тиесілі. Мұнда сапалы білім беруде қашықтықтан оқыту мүмкіндіктері қарастырылған. Бұл жөнінде ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Мемлекеттік қызметшілерге қосымша білім беру институтының Қашықтықтан оқыту және өңірлік оқыту орталықтарымен жұмыс жөніндегі сектор меңгерушісі Хатира Құдайқұлова мәлім етті.
«Жалпы, еліміздегі мемлекеттік қызметшілерді оқыту жүйесі мемлекеттік қызметшінің ынтасын оятатын ғана емес, кәсіби білімі мен дағдысын үнемі жаңалауға жағдай жасап отырған мотивті тетік деуге болады. Мемлекеттік қызмет жүйесіне енгізілген біліктілікті арттыру мәселесі мемлекеттік қызметшінің қызмет сатысында көтерілуімен үйлестірілгенін де атап өту керек.
Қызметкерлердің біліктілігін арттыруда қашықтықтан оқыту жүйесінің маңызы зор. Онлайн конференция арқылы өзге өңірлердегі тыңдаушылар оқу барысында консультациялар алып, әртүрлі тапсырмаларды орындайды, оларды жоғары білікті оқытушылар тексереді, таңдап алған курсы бойынша топтық шараларға, форумдарға т.б. қатысады. Бұрын жиырма қызметкерді шет елге жіберіп оқытатын болсақ, қазір шетелден білікті екі адамды алдырып, онлайн жүйесінде барлық аймақтағы тыңдаушыларды оқытуға мүмкіндік ашылды. Сондай-ақ, өткен жылдың қазанынан бастап «А» корпусына барлығы 75 мемлекеттік қызметкер оқытылды» деген Хатира Шүлембайқызы академияда тыңдаушыларға бір жақты емес, әртүрлі бағытта ситуациялық тапсырмалар, семинар-тренингтер өткізілетінін айтты.
Жаңа заман талабына сай әр салаға еніп жатқан жаңашылдықтан қалыс қалмау керек. Соның ішінде бұл мемлекеттік қызметшілер үшін аса маңызды. Осы орайда Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры Бақыт Барсай оқытушылардың кәсіби шеберліктерін шыңдауда академиялық курстарға жазылып, білімді жетілдіріп отырудың маңыздылығына тоқталды.
Жиын одан әрі сұрақ-жауапқа ұласып, түрлі ұсыныстар сарапқа салынды.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз