Пандустар талапқа сай емес
«Нұр Отан» партиясының Атырау қалалық филиалы «Кедергісіз келешек» жобасы аясында бақылау тобын құрып, қоғамдық орындардың мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлығын тексерді.
«Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалының баспасөз хатшысы Эльмира Тұңғатарова мәлімдегендей, партияның Атырау қалалық филиалы өкілдері мен мәслихат депутаттары, жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу, сәулет және қала құрылысы бөлімінің мамандарынан тұратын топ Авангард ықшамауданындағы №9 Қазпошта, Ш.Сариев атындағы өнер музейі мен Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайы ғимараттарының бейімділігін тексерді.
Бақылау тобымен бірге І-ші топ мүгедегі Есболат Балбаев та рейдке шығып, әлеуметтік нысандардың мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімділігін қарады. Тексеру барысында №9 Қазпошта ғимаратының мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандусы болғанымен, оның тиісті талаптарға сай еместігі, мүгедектерге арналған көлік тұрағының белгісі қойылмағаны анықталып отыр. Кафель төселген пандусқа жауын-шашын, тайғақ кезінде көтерілу қиындық туғызады. Сыртқы есікке қоңырау орнатылмаған. Залда мүгедектерге арналған қызмет көрсету терезелері де жоқ.
Ал, Ш.Сариев атындағы өнер музейінде мүгедек жандарға арналған көлік тұрағының белгісі ілініп, қоңырау белгісі қойылған. Ішке қарай кіру кезінде арнайы мүмкіндігі шек-теулі жандар үшін нұсқау жолақтары да көрсетілген, лифт орнатылған. Алайда, лифтімен көтерілу кезінде техникалық ақаулықтар бары анықталды.
Бақылау тобы тексерген Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің пандустары ыңғайлы. Дегенмен, автокөліктен түскеннен сыртқы есікке жеткенге дейін мүгедектер үшін жағдай жасақталмаған. Ғимаратқа кірген кезде белгі, жолақтар көрсетілмеген және жоғары қабатқа көтерілетін лифт жоқ.
Арнайы топ әлеуметтік нысандарда жоғарыдағы аталған кедергілер бойынша ескертулер беріп, алдағы уақытта кемшіліктерді жойып, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы орта қалыптастыру үшін әлі де жұмыстар атқаруы керектігін айтты.
Өз тілшіміз.