Мерейлі сәтіңмен, үзеңгілес үнжария!

Мерейлі сәтіңмен үзеңгілес үнжария Жаңалықтар

Облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінің 20 мыңыншы нөмірі жарыққа шықты. 96 жылдық тарихы бар, қоғамда өз орны айқындалған байырғы басылымның айтулы күні ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен орайлас келуде. Газеттің Бас редакторы Нәсіп Шалабаевамен шағын сұхбатымызда осы және өзге де жайлар қамтылды.

%d0%bc%d0%b5%d1%80%d0%b5%d0%b9%d0%bb%d1%96-%d1%81%d3%99%d1%82%d1%96%d2%a3%d0%bc%d0%b5%d0%bd-%d2%af%d0%b7%d0%b5%d2%a3%d0%b3%d1%96%d0%bb%d0%b5%d1%81-%d2%af%d0%bd%d0%b6%d0%b0%d1%80%d0%b8%d1%8f

20 мыңыншы нөмірлеріңіз құтты болсын!  Айтулы датаға газет редакциясының ұжымы қандай жетістіктерімен келді?

– Рахмет. Бұл, ең алдымен, «Прикаспийская коммунаның» тұрақты оқырмандарының, тілші-автор, облыс жұртшылығының қуанышты сәті.

Құстың қос қанатындай болған облыстық «Прикаспийская коммуна» және «Атырау» газеттерінің шежіресін Атырау аймағының тарихынан бөлек қарау мүмкін емес. Ел өміріндегі ерекше оқиғалар, айтулы шаралар, қай қоғамда болмасын басылымдарда көрініс тапты. Соның игі нәтижесіндей, міне, 95 жылдан астам уақыттан бері «ПК» атыраулық әрбір отбасының сенімді серігі, бағыт көрсетер ұстазы, айнымас досы болып келеді. Қазіргі күні редакция ұжымы оқырмандардың күнделікті жаңалықтарды алдымен оқуына  күш  салуда.

Ең бастысы, 20 мыңыншы нөмірдің шығуы редакция өміріндегі ерекше оқиға, бүгінгі күнді таразылап, ертеңгі атқарылар қызметті нақтылайтын, ой топшылайтын сәт деп білемін.

 Тілші-авторлар – газеттің тірегі саналады. Ендеше, «ПК»-ның бұқарамен байланысы қандай?

– Бұрынғы кезеңде редакцияның қоржынына күн сайын жүздеп хат келетін. Оқырмандармен бүгін де байланысымыз үзілген жоқ. Олар жиі-жиі қоңырау шалып, күнделікті өмірдегі келеңсіз жайларды, өздерін толғандырған мәселелерді айтып немесе жазып жіберіп жатады. Біз де газет жанашырларының қатарын көбейтуге баса маңыз береміз. Газет бетінде тұрақты түрде жарияланатын топтама, бетшелер соның дәлелі.

«Прикаспийская коммуна» қазыналы аймағымыздың дамуына айрықша үлес қосқан жандар туралы жиі қалам тербейді. Олардың есімдерін ұлығылау, кейінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында ашылған арнайы айдарларымыз да бар. Кейіпкеріміздің бейнесін ашып көрсетуде штаттан тыс авторларымыздың қосып отырған үлестері сүбелі.

Қазір – жаңа технологияның заманы. Көз ілеспес жылдамдықпен алға жылжыған ақпарат ағымындағы сіздердің үлестеріңіз қандай?

– Иә, расыменен, бүгінде жұртшылықтың болып жатқан оқиғаларды сол мезетте естіп-біліп отыруына мүмкіндігі молайды. Таңертең естіген жаңалықтың кешке дейін ескіріп қалатын заманы туды. Осындайда біз қалай әрекет етудеміз?

Әрбір бұқаралық ақпарат құралының, интернет сайттарының өзіндік ерекшеліктері бар. Осы тұрғыдан айтқанда, халыққа ең алдымен шынайы ақпарат жеткізу – біздің басты мақсатымыз.

Редакция газеттің сайтын жүргізуді жүйелі жолға қойды. Соның нәтижесінде ол елдегі озық интернет сайттарының алдыңғы шоғырына қосылуда. Тілшілеріміз де әркез жергілікті оқиғалардың ортасында жүреді. Адамдардың күнделікті өмірі, тыныс-тіршілігі, өзекті мәселесі, осының бәрі басылым бетінде тұрақты көрініс табуда.

– Газет бетіндегі қандай жаңалықтарға ерекше тоқталар едіңіз?

– Бұдан бұрын «Прикаспийкамен» бірге жұмыс табыңыз» атты акция ұйымдастырған болатынбыз. Мұндағы мақсат – «Жұмыспен қамту – 2020», қазіргі «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасын кеңінен насихаттау, оның мүмкіндіктерін жұртшылыққа жеткізу, осы арқылы жұмыссыздықтың деңгейін төмендету еді. Айтулы шарамыз өз оң нәтижесін көрсетті деп ойлаймыз. Жұмыспен қамтуға жауапты орындармен бірлескен қызметтің арқасында жүзге жуық адам көздеген мақсаттарына жетті. Қайта даярлау курстарына қабылданып, арнайы даярлықтан өткен жандар да аз емес. Ілгеріректе өткізілген «Прикаспийская коммунамен» бірге кәсібіңді аш» акциясы туралы да осыны айтуға болады.

Орыс тілді байырғы басылым өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді оқып-үйренуіне қаншалықты үлес қосып отыр?

– Сіздің сауалыңызға орай, «Прикаспийкамен» бірге қазақ тілін үйреніңіз» шарасына айрықша тоқталар едім. Тілдерді дамыту облыстық басқармасының жанындағы «Тіл» тілдерді дамыту орталығының базасында ұйымдастырылған акцияға алғашқыда тоғыз оқырманымыз, сырттай жүздеген адам қатынасты. Шара тиімділігін көрсеткеннен соң, көпшіліктің сұрауына байланысты биыл оның екінші кезеңін өткіздік. Тәлімгерлерге сабақты «Эл Эй Си Си» лингвистикалық орталығының оқытушысы Мәншүк Құбашева, қазақ тілінің ұстазы Марина Мұғауина, Ләззат Есеналиева жүргізді. Аталған іс-шаралар тегін ұйымдастырылды. Ал, оған қатынасқандардың барлығы да өзге ұлттың өкілдері.

Ұлтымыздың маңдайалды ұл-қыздары, алашордашылар туралы жазылған мақалаларды газеттеріңізден жиі оқи бастадық…

– Алашордашылар мен сол кезеңдегі қазақ зиялылары хақында қанша жазса да артықтық етпейді. Біз Әлихан Бөкейханов, Мұстафа Шоқай, қазақ хандары мен сұлтандарының ханымдары Бопай ханым, Фатима ханым туралы мақалаларды жарияладық. Бұл бағыттағы туындыларды болашақта да көпшілікке ұсына бермекшіміз.

Әрине, бір демде газеттегі жаңа айдар, бастамалар жөнінде түгел айтып шығу мүмкін болмас. Дегенмен, «ПК»-да қонақта» айдарына ерекше тоқталғым келеді. Оның аясында атақты адамдардың белгілі және белгісіз қырлары, ішкі сырлары баяндалады.

Ендеше, осындай жаңалықтарыңыз жалғасын таба түссін деген тілек айтамыз.

 

Азамат БАЗАРБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Нурбек Бақытбаев

    Құтты болсын