Өз тілің – ТӘУЕЛСІЗДІГІҢ!
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Соңғы кезде балаларын орыс тілді сыныпқа беретін ата-аналар қатары күрт көбейіп отыр. Бұл, әсіресе, Елбасының өзі «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жариялап, «кез келген ұлт өзінің терең тарихынан тағылым алуы керек, өйтпеген ұлт адасады» деген тұста – мемлекеттімізге сын. Ендеше, мұндай үрдістің орын алуына не себеп, салдары қандай? Біз осы және өзге де мәселелер турасында көпшіліктің пікір-пайымын сұрастырған едік.
Шынымен де, қазір «орысша және ағылшынша білген бала далада қалмайды» деген қате түсінік қалыптасқан. Сонда, туған тіліміз, мемлекеттік мәртебесі бар ана тіліміз – қазақ тілін өзіміз қолданбасақ, ол басқаға керек пе? Атыраудан шыққан алаштың ардақты ұлы – Халел Досмұхамедов «өз тілін білмеген ел – ел болмайды» деп айтып кетті емес пе? Түркі ғалымы Махмұд Қашқаридың да «Қазақы тәрбиенің түп тамыры, ол – қазақ тілі. Әр қазақ бүлдіршіні – қазақ мемлекетінің іргетасы, мықты тіреуі» дегені бар-ды.
Рас, ағылшын тілі жарқын болашаққа жол ашуы да мүмкін. Өйткені, ол – дүние жүзінің білім-ғылымына, халықаралық ақпарат кеңістігіне жол ашады. Міне, баласының болашағына алаңдаған ата-ананың жеке бас мәселесін ұлттық мүддеден жоғары қойып жүргені де сондықтан шығар, бәлкім. Құлсары қаласындағы Макаренко атындағы мектепте орыс сыныптарына мемлекеттік тілден сабақ беретін Мраина Әмиева өзінің тұңғышын орыс сыныбына бергенін айтады.
– Еліміз егемендік алғаннан кейін мектепке барған баламды «орыс тілі артық етпейді» деген ниетпен орыс сыныбына берген едім. Бірақ ол үйде де, түзде де айналасындағы адамдармен қазақ тілінде сөйледі. Орысшаны тек сабақ үстінде ғана қолданды. Соның бір әсері болды ма, сабаққа үлгермей жүрді. Кейін жоғары оқу орныа түскенде қазақ бөлімін таңдады. Қазір сабағы жақсы, тіпті, қсоымша мамандығы бойынша жұмысын да жасап жүр. Демек, баланы мектепке бермес бұрын, қай тілге икемі бар екенін анықтап алған жөн, — дейді ол.
Осындай ата-аналардың тағы бірі Мэлс Шайхиев немересін орысшаға амалдың жоқтығынан беріпті. Айтуынша, бала үш жасында орысша сөйлей бастаған. Айналадағы құбылыстарды орыс тілінде қабылдап, әр заттың атауын орысша таныған. Сондықтан невропатологтардың «миға көп күш түсірмей, баланы орысшаға берген дұрыс» деген кеңесіне жүгінген екен. Айтса айтқандай, кейін балабақшада, мектепте әлгі баланың сабақ үлгерімі өте жоғары болған, үлкен жетістіктерге жеткен. Әйтсе де, қазақ тілін де ұмытпаған.
Ал, тарихқа шегінер болсақ, кеңес заманында көршілес елдер халқымыздың болмыс-бітімін, әдебиеті мен мәдениетін терең зерттеген болатын. Нәтижесінде, кеңес үкіметі әйелдерді орысша оқытуға бет бұрған. Ондағы мақсат – болашақ отбасының ұйтқысы болып табылатын қыз баланы орыс тілінде тәрбиелеу арқылы қазақ тілін біртіндеп ұмыттыру еді. Міне, сол солақай саясаттың сарқыншағы әлі де сезілетін сияқты. Бұрын қазақ тілінде балабақшалар болмады, сондықтан қазақ тілінің жағдайы мүшкілдеу болды. Бірақ, қолымыз ауызымызға жеткенде қалайша ана тілімізден аттап кете аламыз?
Бүгінде орыс сыныбында оқығандар қазақ тілі мен ағылшынды игере алмай жатса, ал, қазақ сыныбындағылар үш тілді де еркін меңгеріп жатқаны байқалады. Сондай-ақ, елге белгілі азаматтардың көбісі кезінде қазақ тілінде білім алғандар екен. 2016-2017 оқу жылынан бастап бірінші сынып оқушылары үш тілде білім алуға көшті. Информатика, химия, биология, физика пәндері – ағылшынша, қазақ тілі мен әдебиеті, Қазақстан тарихы – қазақша және орыс тілі мен әдебиеті, дүние жүзі тарихы – орыс тілінде оқытылатын болды. Сөйтіп, орта білім беретін мектептерде ортақ жүйе қалыптасты. Бұл – үш тұғырлы тіл саясатын жүзеге асырудың алғашқы қадамдары.
Иә, көптілділік ешқашан артық етпейді. Бірақ, «Ағартушы мұғалім» төсбелгісінің иегері Ғайни Ғабдуллина бұл пікірмен келіспейді.
– Еліміздің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық қалыптасуын өзгерте алсақ та, ықылым заманнан бері келе жатқан оқушының сабақ жүктемесі өзгертуге келмейді. Қазір оқушылардың сөмкесін көтеріп қараңыз, шамадан тыс ауыр. Осындай салмақ оның миына да түседі. Олай болса, оқулықтардың бұрынғы формасын қалпына келтіру керек. Осы орайда, ағылшын тілін бесінші сыныптан бастап үйреткен дұрыс деп санаймын. Бесінші сыныпқа дейін бала өз айналасын ана тілінде қабылдап үлгереді.
Бақандай жетпіс жыл бойына орыс тілі үстемдік құрды. Одан тез уақытта ажырап кете алмаймыз. Бәріне уақыт сыншы, мұны да түсінген жөн. Қазақ әліпбиі өз тарихында төртінші рет өзгерейін деп тұр. Өзгерістердің бәрі де өмірден туындайды, оған қашан да дайын болу қажет, — дейді ардагер ұстаз.
Тіл тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ол бәрінен биік тұратын рухани құндылық, Елбасы айтқан ұлттық код. Ол болмаса, ұлт та, халық та, мемлекет те жойылады. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері көптеген мемлекеттермен тығыз қарым-қатынас орнатты. Ал, бірлік бар жерде тірлік бар, өсу мен өркендеу бар. Бірақ, бұған ана тілін құрбан ету арқылы ғана жетуге болады деп ойлау – дұрыс емес. Мемлекет және қоғам қайраткері Оразгүл Асанғазы осыны қатаң ескертеді.
– Қазақ тілі өзге тілдерден артық болмаса, кем емес. Орыс этнографы Григорий Потанинн біздің тілімізге әлемдегі ең бай үш тілдің бірі деп баға берді. Бұл ретте, орыс тілі анағұрлым кедей келеді. Екіншіден, осыдан 550 жыл бұрын хандық құрған Керей мен Жәнібектен Кенесарыға дейінгі басшылардың бәрі қазақ даласын қазақ тілінде басқарды ғой. Кешегі алаш үкіметінің арыстары да дәл солай. Олай болса, шұрайлы тілімізді менсінбеуге еш негіз жоқ. Латын әліпбиіне келсек, ол компьютерлік технологияның тілін білу үшін керек. Озық дамыған отыз елдің 70 пайызы латын қарпін қолданады. Мен жаңа әліпби үйренуге қиын деген пікірге мүлде қарсымын. Ағылшын тілінде еркін сайрап жүрген қазақ жастары латынша жаза алмайды дегенге сенбеймін, — дейді ол.
Жеті түрлі тіл білсең де, ешқайсысы ана тіліңдей бола алмайды. Қырық жылдан астам уақыт жырақта жүрсе де, ана тілін ұмытпай, ұрпағын өзі туған тілде тәрбиелеген жерлесіміз Оңайша Мандоки Венгриядағы қазақ қауымдастығын басқарып келеді. Ол арғы тегін ұмытқан ұрпақ барлық ұлттық және халықтық қасиеттерден айырылатынын айтады. Адамның мінез-құлқы, ар-анмысы да сөйлеп тұрған тіліне сәйкес қалыптасады. Ал, туған тілінен нәр алғандар қазақ екенін ешқашан ұмытпайды. Яғни, бала қай тілде сөйлесе, сол тілде ойланады, өміріндегі маңызды шешімдерді қабылдайды. Сондықтан, ол өз балаларын бес жасқа дейін тек қазақ тілінде ғана тәрбиелепті. Ал, мажар тілін кейінірек үйреткен.
P.S.
Сайып келгенде, орысша білмей қалады дейтін ата-аналардың пікірі қисынға келмейді. Себебі, қазір телевизия, ғаламтор кеңістігі орыс тіліне лық толы. Оны күнделікті көріп жүрген бала сол тілді санасына сіңіреді. Есейген шағында ойын орысша жеткізеді, болмаса, орыс тіліндегі мәтінін әупірімдеп қазақ тіліне аударып береді. Бұл – мамандардың пікірі. Ал, сіз не дейсіз, ойлы оқырман? Ой-пкірлеріңіз болса, бөлісе отырыңыз.
*Сіз білесіз бе?
Испания мен Израиль мемлекеттерінде мектептегі барлық пән 7 сыныпқа дейін тек испан мен еврей тілінде ғана жүреді. Содан кейін ағылшын тілінде оқытылады. Осылайша, ондағы мамандар қоршаған ортаны өз тілінде танып білген соң ғана бала өзге тілдерді үйрене алады деген пікірге келген.
Дәлелсіз ақпарат тарату-халықты адастырумен тең!!! Ұят болады, Алмас!