Атыраудағы қамыс өрті 89 гектар аумақты шарпыды

339744740 770200231020034 514395848710005338 n Жаңалықтар

Атырау облысында Каспий теңізінің жағалауындағы 89 гектар аумақты өрт алды. 3 сәуір күні таңертең 82 гектар жер сөндірілді. Бұл туралы Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.

Брифингке Атырау облысы экология департаменті басшысының орынбасары Сырым Тілегенов, «Ақ Жайық» мемлекеттік табиғи резерваты бөлім басшысы Ғани Ағыбаев, №7 қалалық емхана директоры Гүлнафис Таңбаева және Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті (ТЖД) басшысының орынбасары Жасұлан Ақтаев қатысты.

Ж.Ақтаевтың айтуынша, «Ақ Жайық» мемлекеттік табиғи қорығы аумағында, Каспий теңізінің жағалауында (Атырау қаласынан 30 шақырым) жету қиын батпақты аумақта жалпы ауданы 7 га қамыс өртеніп жатыр. Сәуірдің 2-сінен 3-і күні таңға дейін 89 гектар қамыс өртеніп, оның 82 гектары сөндірілді. Өрт сөндіруге Төтенше жағдайлар департаментінің 40 қызметкері мен төрт техникасы, сондай-ақ «Ақ Жайық» табиғи резерватының 30 қызметкері мен тоғыз техникасы жұмылдырылды.

«Ақ Жайық» МТҚ өкілі Ғани Ағыбаевтың айтуынша, жағалаудың теңіз суы таязданып кеткен бөлігінде өсімдіктер өртенуде. Жағдай ауа райының қолайсыздығына байланысты шиеленісіп, үнемі бағытын өзгертетін қатты жел өрт ауқымын ұлғайтып отыр. Сонымен қатар, батпақты жер балшыққа түсетін техниканы толық пайдалануға мүмкіндік бермейді. Ғ.Ағыбаев атап өткендей, адами немесе табиғи (найзағай) факторлар өрттің ықтимал себептері болуы мүмкін. Бірақ кеше жаңбыр жауып, найзағай ойнамағанын ескерсек, өртке адам себепкер болды деген болжам бар. Осыған орай, қорық басшылығы құқық қорғау органдарына кінәлілерді анықтау туралы арызбен жүгініп, тергеу амалдары басталды. Жануарлар әлеміне келтірілген зиянға келсек, құстардың ұя салу кезеңі әлі басталмады.

Атырау облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Сырым Тілегенов кеше және бүгін таңертең Атырау қаласында зиянды заттардың шекті рұқсат етілген мөлшерден асып кетуі тіркелмегенін айтты.

№ 7 қалалық емхана директоры Гүлнафис Таңбаеваның айтуынша, ауадағы түтіннің көп болуы созылмалы дертке шалдыққан адамдардың денсаулығына кері әсер етуі мүмкін. Ол мүмкіндігінше мұндай жағдайларда ерекше қажеттіліксіз далаға шықпай, үйде болуды, терезелер мен желдеткіштерді жабық ұстап, бөлмедегі ауаны баптау құрылғыларында желдеткіш пайдалануды ұсынды. Көшеге шығу қажет болса, медициналық қорғаныс маскаларын киіңіз. Бұл ретте қалалық емхана директоры кеше және бүгін таңертең 103 жедел жәрдем станциясына түтіннің көптігінен денсаулығының нашарлығына байланысты шақыртулар қабылданбағанын атап өтті.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз