ӨЗ ТАУАРЫМЫЗ ӨТЕ САПАЛЫ
«Шағын және орта кәсіпкерлік ел дамуының қозғаушы күшіне айнала алды ма?». Комитет хатшысы Юрий Тілеумұратов бұл сауалға мынадай деректермен жауап берді.
2014 жылы шағын бизнес өкілдерінің саны едәуір артып отыр. Бизнес нысандарының саны 900 мыңнан асады. Тауарларды шығару деңгейінде де 30 пайыз өсім бар. «Соңғы 7 жылда еңбек өнімділігі үш есеге дейін артқан. Меніңше, бұл мемлекет пен бизнес қауымдастықтың бірге атқарған кешенді шараларының жемісі» деді Юрий Тілеумұратов.
Дегенмен, мемлекет ерекше қамқорлық көрсетіп отырған саланың бүгінде проблемасы аз емес екен. Көрші елдің ақшасы құнсызданып, тауары арзандаған тұста бұл тіптен маңызды.
— Соңғы кездері Ресей нарығының тұрақсыздығы нәтижесінде сұранысы жоғары халық шаруашылығы тауарлары мен азық-түлік өнімдеріне баға күрт құлдырағаны мәлім. Бұл жағдай біздің ел экономикасына да өз ықпалын тигізбей қоймады. Осы ретте отандық кәсіпкерлерімізге тиісті деңгейде қолдау көрсетуіміз керек. Яғни, арнайы заң қабылдау арқылы шағын және орта бизнестегі кәсіпкерлерді қолдап, қорғау жұмыстарын қолға алудамыз. Әсіресе, аймақтардағы кәсіпкерлерімізге қомақты көмек қолын созу жолында арнайы жоспар, жобалар әзірлеп жатырмыз, — дейді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасысауда комитетiнiң хатшысы Жібек Әжібаева.
Қазақстандық тауарлардың өтуі де қалыптасқан ахуалға тікелей қатысты болуда. Ақиқатында, біздің өнім өзгелермен салыстырғанда экологиялық таза, сапасы жағынан ешкімнен кем түспейді. Бағасы да деңгейлес. Соған қарамастан, өндірген өнімдеріміз соңғы кездері көп өтпей қалып жүр. Мұның себебі неде? Байқасақ, осы тұста өнімнің сыртқы орамы алғы кезекке шығады екен. Яғни, отандық тауар мен қорабының өзі жарқ-жұрқ еткен шетелдік өнім қатар тұрса, қарапайым тұтынушының көзі соңғысына түседі. Бұған ақпарат құралдарындағы көршілердің затын мадақтаған жарнаманы қосыңыз.
— Мәселен, Ресейде тауардың буылып-түйілуіне аса мән береді, бұған 200 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсалады. Ал, біздің бұл бағытта жұмсайтын ақшамыз 300 млн. теңге ғана. Былайша айтқанда, көршілер өнім орамының жаңа материалдарына қазақстандықтармен салыстырғанда 86 есе көп қаражат бөліп отыр, — деді палатаныңсауда комитетiнiң хатшысы.
Телеарна мен газеттердегі түрлі-түсті жарнаманың дені іргелес елдің өнімін насихаттайтынын жоғарыда айттық. Бұл мәселе «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдерін де ерекше мазалап отырғанға ұқсайды. Хатшылардың пікірінше, отандық кәсіпкерлер өз өнімдерін көпшілікке жеткізуге күш салуы тиіс. Алайда, іскер азаматтар бұл мәселеге әлі жеткілікті мән бермегенге ұқсайды, насихат жұмысына, ақпарат құралдарына қаражат бөлуді кейінге ысырып қойған секілді. «Осынау олқы тұсты шекара асып келетін ірі компаниялар өте тиімді пайдаланып отыр» дейді брифинг қонақтары.
Тағы бір кемшілік – бізде өнімді тұтынушыға жеткізудің нақты жүйесі қалыптаспаған. Тауар өндіруші мен сауда желілерінің арасындағы байланыс жетілдіруді қажет етеді. Мысалы, республикамыздың көпшілік жерінде келген тауарды орналастыратын орындар аз. Қоймалардың мүмкіндігі шектеулі. Бұл өз кезегінде өнімнің құнына әсер ететінін Астанадағы брифингке тікелей бейнебайланыс желісі арқылы қатынаса отырып, естіп-білдік.
— ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі отандық тауарларды қолдау мақсатында көптеген мемлекеттік бағдарламалар қабылдады. ҚР Инвестиция және даму жөніндегі министрлік өндірістік тауарлар мен өнім өндіруге маңыз беруде. Әйткенмен, бізде сауда саласында ешқандай бағдарлама болмай отыр, — деді Жібек Әжібаева.
Брифингте жарнамасы жетік болғаннан соң елімізде қытайлық тауарлар да тез өтіп кететіні айтылды. Жұртшылық олардың негізінен сапасыз екендігін білгенімен, жарнамасына қарап аңғармай қалып жататыны бар. Керісінше, шығыстағы алпауыт елде Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс өте зор. Өйткені, біздің тауарымыз сапалы, әрі құнарлы. Мұны өзіміз емес, өзгелердің жақсы біліп отырғаны таңдандырады.
Азамат САНСЫЗБАЙҰЛЫ.