Жарнама
Жаңалықтар

Отбасындағы дағдарыс бізді қайда алып бара жатыр?   

Бүгінгі таңда қоғамда басты рөл әйелдің еншісіне ауып бара жатқаны айтылып та, жазылып та жүр. Біреулер сүйсініп айтады, енді бірі күйініп айтады, біреулері сынап-мінейді. Ерлер атқарады делінетін бірқатар жұмыстарды қыз-келіншектер тым тәуір атқарып та жүр. Мәселен, қазіргі таңда көптеген жігіттеріміз қыз-келіншектердің көлік жүргізетінін айтып, сөз арасына өздерінің наразылығын қыстырып кетуді ұмытпайды. Шындығында да, статистикаға жүгінсек, биылғы жылы көлік айдау құқығына ие болғандар саны – 36 115 екен. Оның 10776-сы – әйелдер. Ал, жол патрульдік полициясы қызметкерлерінің пікіріне сүйенсек, нәзік жандар көлікке ерлерден гөрі мығым отырады екен. Сонымен қатар,  рульде ішімдік ішпейді, жол ережелерін қатаң сақтайтын көрінеді.

Қазақ қоғамында о бастан ерлердің рөлі басым боп келгені баршаға аян. Отбасында да билік жүргізіп, шешуші сөз айтатын қашан да  отағасы болғаны рас. «Әкең не дейді?», «Әкеңнен сұра», «Әкең келіп қалар», — деген сөздерді естіп өскен ұрпақтың соңы болғасын ба екен, «қазіргі таңда ерлердің айбыны мен беделі қайда кетті?»-деп толғанатынымыз да жасырын емес. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» дегендей, егер ер-азаматтар бұрынғы ата-бабамыздай, әкелеріміздей болып өзінің отбасын асырап-сақтаса, иығына жанұясының ауыр жауапкершілігін алса әйел-аналар да отбасындағы билікке ұмтыла қоймаған болар еді. Сөзіміздің дәлелі ретінде оқырмандардың басынан кешкен оқиғаларына тоқталғалы отырмыз.

todo-before-audition-e1379363523136

«Күшік  күйеудің» хикаясы

Редакцияға күніне ондаған адамдар хат жазып, аяқтай келіп, әлеуметтік желі арқылы хабарласып өз бастарындағы жағдаймен бөлісіп жатады. Өзін Алма деп таныстырған орта жастардағы әйел өз басынан өткен  оқиғаны былайша жеткізді: «Мен бұны кейінгі жастарға сабақ болса екен» деп айтып отырмын. Мен сияқты өмірін «бақытты күннің туарына сеніп», құр босқа өткізбесе екен»,-деген еді. Сондықтан, оқырман өтінішін аяқсыз қалдырмау мақсатында қолға қалам алуға тура келді.

Алма мектепті үздік бітіріп, өзі арман еткен мамандығының иесі болды. Студент кезінде бар ойы оқуын бітіріп, әке-шеше сенімін ақтау болғандықтан, өзіне ғашық болған бозбалаларға мән бермепті. Сөйтіп, өзі туған қаласына келіп қызметке тұрған ол бір-екі жылда-ақ баспана алып, өзі қатарлас құрбының алды болды.

Басы бос, қызметі жақсы, үйі бар қызға кім қызықпасын? Өзі құралыптас Ринат деген жігітпен танысып, отбасын құрады. Екеуара келісім бойынша Алманың үш бөлмелі кең пәтерінде тұра береді. Жігіт жұмыссыз екен. Нәрестелі болады. Алайда, күйеуі жұмыс іздеуге асыға қоймайды. Ата-енесі болса, ұлдары қызмет жасамаса да Алмаға міндетсініп, әртүрлі шаруаларын айтып, ақша сұрап, салық салады. «Азаматым, әрі ұлымның әкесі» деп жүргенде жиырма жыл зулап өтіпті. Түзелген Ринат жоқ.

«Баяғы жартас — бір жартас» демекші, сыраханалардан шайқалақтап түн жарымында келіп, түске дейін ұйқысын қандырады, кешке дейін жуынып-шайынып, кешкісін тағы да «түнгі жорыққа» аттанады. Одан беріде тағы да екі ұл мен қыз дүниеге келіпті. Алманың да бетінен әр тайған, үш бала мен күйеуін жалғыз асырап жүрген әйел өзін қалай күтсін? Оған оның уақыты да жоқ.

 

Альфонстар қайдан пайда болады?

Келесі мысалымыз да өмірден алынды. Үйдің тұңғышы болғандықтан, қыз бала болса да жауапкершілікпен өскен Сағида институт тәмамдап, туған қалаға оралды. Қызметке тұрды. Енді ғана тұрмыс құруды ойына алғанда өзінен кейінгі інілері бірінен соң бірі үйленді. Тойдың қамы, құда шақырудың ауыртпалығы жас та болса, Сағиданың иығына артылды. Өйткені, әкесі осыдан бірнеше жыл бұрын бақилық болған еді. Інілерінен кейін сіңлілері ұзатылды. Қара басының бақытын ойлап отыруға уақыты болмаған ол жалғыз қалғанын анасы дүниеден өткенде бір-ақ білді. Сөйтіп, тұрмыс құруды ойлауы мұң екен, бір құрбысы күйеуінің сыныптасымен таныстыра қоймасын ба?

Түрі келісті жігіт қызға бірден ұнап, тойдан кейін Сағиданың үйінде  тұруға келісті. Бір күні үйге сотқа шақыру келіп тұр. Сөйтсе, жігітіміз бұрын екі рет үйленген, үш баласы бар «сері» болып шықты. Әрине, бәріне кінәлі «бұрынғы долы, мінездері жайсыз әйелдері» екен. Өзі қызметке тұрақтамайтын Әнуардың үш баласына алиментті Сағида өз жалақысынан төлеп тұрды. Келесі жылы Айкөркем  есімді әйбат қыз дүниеге келді. Сол-ақ екен, Әнуардың мінезі өзгеріп сала берді. Үйге жиі түнемей жүрген ол ақырында тағы бір жалақысы жоғары, шетелдік фирмада  жұмыс  жасайтын келіншектің қолына кіріп алыпты. Сонымен, Сағида қолындағы жасқа толмайтын нәрестемен жалғыз қала берді. Әнуардан алимент ала алмайтынын білген ол соңынан дауламады. Бүгінде қызы университет бітірген, үлкен бір ЖШС-тің бас есепшісі.

Жоғарыда айтылғандай, ақшасы көп, қызметі жоғары, баспанасы бар қалыңдық  «аулайтын» жігіттердің қоғамда көбейіп тұрғаны өкінішті. Жұпар да – бауырларының қамын ойлап жүріп «отырып» қалған қыздардың бірі. Ол да Тұрсынбекті кездестіргенде «өзімнің ойымдағыдай жігітті жолықтырдым» деп тұрмыс құрмақшы болады. Алайда, «Үй салып жатырмын, соны бітіріп алайын. Тойдан кейін бірден коттеджде тұрамыз»,-деген уәжді дұрыс көрді. «Баспана екеуімізге ортақ емес пе?»-деп табысын үнемі Тұрсынбектің қалтасына салып беретін. Үй салынып біткен кезде күйеу жігіттің анасы о дүниеге аттанды, одан әкесі. Ол шаруалар реттелген шақта Тұрсынбектің телефон нөмірі ауысып кетті. Жаңа нөміріне қоңырау шалса, көтермейді.  «Бақса бақа екен» демекші, ол да – альфонстың бірі екен. Аяғы ауырлап қалған Жұпар ұлды болды. Ана әрдайым баласының жағдайын ойлайтыны белгілі. Кейіпкеріміз күн-түн демей жұмыс жасады. Еңбегі еленіп, қызмет баспалдағымен көтерілді. Көлік те алды. «Ұлымды балабақшаға, одан кейін мектепке апарып, әкелу қиын болды. Оны қоя тұрғанда, өзімнің толып жатқан шаруаларымды тындыру үшін де өз көлігің болғаны дұрыс екен. Сондықтан, бар ақшамды жиып-теріп көлік алуға тура келді»,-дейді ол. Бүгінде өзі армандағандай коттеджде ұлымен, келінімен тұратын Жұпар да – өзіне сеніп қана табыс биігіне жеткен нәзік жандардың бірі.

 

Деректер не дейді?

Бүгінгі күні   республикамыздағы отбасылардың тек 6 пайызында ғана 4-тен көп бала тәрбиеленсе, тең жартысында жалғыз бала өсуде, үштен бірінде екі бала ғана бар.

Отбасы институтындағы дағдарыс – әлемдік құбылыс. Қазақстанда да отбасы институты күрделі өзгерістерге ұшырауда. Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» ХДП фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңес төрайымы Айткүл Самақова қазір елде  баласы аз отбасылардың басым түсетіндігін, ал, көп балалы отбасылардың, негізінен, оралмандар есебінен толығып отырғанын  мәселе етіп көтеріп жүр. Отбасында бала саны азайып қана қоймай, ерлі-зайыптылардың ажырасуы да арта түсуде. Деректерге қарағанда, қазір «әрбір төртінші отбасы күйреуде». «Әрбір төртінші неке ұрпақсыз болса, ерлі-зайыптылардың үштен бірінде бұл ерлердің кінәсінен болған». Әкелердің бала тәрбиесіндегі ықпалы әлсіреуде. «Әйел жалғыз өзі баласын асырайтын отбасылар саны өсуде, ондай аналардың саны жарты миллионға жетеді» екен. Ешқашан некеге отырмағандар қатары да көбейіп, «әрбір бесінші бала ресми некеден тысқары өмірге келуде».

Отбасы күйреуінің бір себебі – тұрғындардың денсаулығының нашарлауы. Мысалы, қазір республикада әйелдер денсаулығының индексі 30 пайыз болса, экологиялық апат аймақтарында бұл көрсеткіш – 10-20 пайыз ғана. Бала туу жасындағы әйелдердің жартысынан астамы анемиядан жапа шегуде.

«Отбасындағы зорлық-зомбылық – күрделі мәселелердің бірі», — дейді депутат Самақова. Тек қана былтырғы жылы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен 20 мыңға жуық әйелдің өтініші қаралған. Жыл сайын осыншама  өтініш дағдарыс орталықтарына да түседі екен.

Статистикаға сүйенсек, жалғызбасты аналар саны 500 мыңнан асса, 18  бен 35 жас аралығындағы күйеуге шықпаған қыздарымыздың саны 700 мыңды құрайды екен. Осыдан-ақ бұл мәселенің қаншалықты маңызды екеніне көз жеткізуге болады.

Отбасы институты әлсіреуінің екінші бір тетігі — ерлердің өз жанұясына жауапкершілікпен қарамауының салдары. Өйткені, некеден ажырасуға да,  тастанды балалардың көбеюіне де ең алдымен қыз-келіншектер кінәлі деп танылады. Ал, азаматтардың  «істеген ісін мойнымен көтеруі» талап етілмейді. Егер ер-азаматтар  намысты қолдан бермей, өзіне сеніммен қараған жанның қамқоры бола алатындай болса, неге әйел одан қашады? Осы жағына да көңіл бөлген жөн.

P.S. Нәзік иығына ерлер атқаратын жүкті артып алу – қыз-келіншектерге де оңай емес. Егер о баста Жаратушының Хауа Ананы Адам Атаның қабырғасынан жаратқанын  есімізге түсірсек, арқа сүйер қорғаны жоқ «қабырғаға» да түсінушілікпен қараған дұрыс. Өзіне Алла жүктеген парызына адал болып, ана атанып, одан қалса қызметтің қиын сатыларымен көтеріліп, ел сенімін ақтау, ұлы мен қызын жалғыз өсіру — тек ана ғана шыдайтын қиындықтардың біз білетін бірлі-жарымы осылар. Біз білмейтініміз қаншама?!

 

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button