Жарнама
Жаңалықтар

ОРЫНДЫ ТАЛАПҚА – ОҢ КӨЗҚАРАС

Онда Атырау қалалық ішкі істер басқармасына қарасты учаскелік инспекторлардың қызметі және оларға облыстық бюджеттен материалдық-техникалық базасын жақсартуға бөлінген қаражат жайы қаралды.

Мінбеге көтерілген аталмыш басқарма бастығының орынбасары Ерлан Биғамбаевтың айтуынша, өткен жылы облыс орталығындағы қоғамдық тәртіпті тиісінше қамтамасыз ету мақсатында «Құқық тәртібі», «Учаске», «Пробация», «Жасөспірім», «Есеп» жедел-профилактикалық іс-шаралары жүргізілді. Нәтижесінде, 2014 жылы қылмыстар саны өткен жылдармен салыстырғанда төмендеген. Мәселен, бұрын сотталғандармен жасалынған рецидивтік қылмыстар – 25, мас күйінде жасалған қылмыстар – 25, отбасы-тұрмыстық қарым-қатынастар саласында жасалынған қылмыстар саны 14,3 пайызға азайды. Ал, учаскелік инспекторлардың профилактикалық есебіндегі адамдар саны артып отыр.

— Өткен жылы бұл есепке 1480 адам алынса, 2013 жылы 1352 адам тіркелген, яғни бұл 9,5 пайызға артты, — дейді басқарма бастығының орынбасары.

Бүгінде Атырау қаласы бойынша ішкі істер органдарының профилактикалық есебінде барлығы 593 және тізімдік есепте 4628 адам тіркелген. Олар полиция инспекторларымен және көмекшілерімен үнемі мекен-жайлары бойынша тексеріліп тұрады. Қазір бұл бағытта 87 полиция инспекторы мен олардың 32 көмекшісі жұмыс жасайды.

— Аймақ орталығындағы ықшамаудандардың артуына байланысты бейнекамералар орнатылғанымен, кейбір көшелердің жарықтанбауы салдарынан іске қосылмады. Бұл жағдай осы аудандарды бақылауға кедергі келтіруде. Жалпы, қала көлемінде 266 бейнекамера болғанымен, оның ішінде белгілі себептермен жұмыс жасамай тұрғандары да аз емес.

Ал,  қазір Атырау қаласы бойынша 13 учаскелік полиция пункті жұмыс жасауда. Оларға сегіз жылдан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген, — деген Е.Биғамбаев «Нұрсая, Балауса, Атырау, Геолог-2, Жұмыскер-1, Жұмыскер-2, Сарықамыс және Химиктер ауылы мен СМП-136 ықшамаудандарынан 8 учаскелік полиция пунктін ашу қажет» деген ұсынысын да айтты.

Осы орайда мекеменің биылғы жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 23 млн. теңге бөлінгені белгілі болды. Бұл жөнінде облыстық ішкі істер департаменті тылмен қамтамасыз ету басқармасының бастығы Демеген Бекімов мәлімдеп, учаскелік полиция пункттеріне күрделі жөндеу жұмыстары үстіміздегі жылы қолға алынатынын хабарлады.

Ал, комиссия отырысына төрағалық еткен облыстық мәслихатының депутаты Талғат Мұқатанов қосымша полиция пункттерін ашу жөніндегі ұсынысты нақтылап, қанша қаржы қажет екенін анықтауды тапсырды.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button