Ортақ мүдде – өркендеудің кепілі
Кеше облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Орал және Ақтөбе епархиясының архиепископы Антонийді қабылдады. Өзара түсіністік жағдайындағы жылы жүзді кездесу барысында «мемлекеттік құрылымдардың, діни бірлестіктердің және жалпы жұртшылықтың күш-жігерін біріктіре отырып, қазіргі ғасыр індеттері – діни экстремизм мен терроризмге тойтарыс беріп, адамгершілік құндылықтарға тәрбиелеуіміз қажет» деген ортақ тұжырым жасалды.
Атырау облысындағы Қазақстанның Православ шіркеуінің мемлекеттік органдармен өзара қарым-қатынасы жақсы. Православие дінін ұстанатын 33,7 мыңдай тұрғынның тоқсан пайызы облыс орталығында тұрып жатыр. Шіркеуге барып ғибадат жасайтын тұрақты діндарлар саны үш жүз шамалы, басым бөлігі славян халықтарының өкілдері екен.
— Православие шіркеуінің өкілдері де дін саласындағы мемлекеттік саясатты қолдауға және қоғамдағы конфессияаралық келісімді нығайтуға бағытталған саясат жүргізуде. Біз өз тарапымыздан атқарушы биліктің дінаралық ынтымақты нығайтуға бағытталған әр ісін, әр қадамын қолдауға әзірміз. Өз басым Қазақстандағы татулықты, ынтымақты мақтан тұтамын, — деген Орал және Ақтөбе архиепископы Антоний аймақ басшысының жаңа қызметіне табыстар тілеп, ескерткіш сыйлығын ұсынды. Кездесуге Атырау қаласындағы Успен соборының протоиерейі Михаил әкей қатысты.
Бақытжан ХАМИТҰЛЫ.
Суретті түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.