Орлы ауылының кірме және ауылішілік жолдарын қайта жаңғырту жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады
Құрманғазы ауданында «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында Орлы ауылына кірме және ауылішілік автомобиль жолдарын тротуарымен қоса қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды Құрманғазы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Аталған ауылдағы қайта жаңғыртудан өтетін жолдың жалпы ұзындығы 10, ал тротуар 4,3 шақырым. Құрылыс жұмыстарын жүргізуші мердігер мекеме «Атырау жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Учаске басшысы Наурызбек Сабировтың айтуынша, 2021 жылы ауылішілік жолды қайта жаңғырту жұмыстары басталған. Қазіргі уақытта 9 шақырым жолдың жер қабаты тегістеліп, астыңғы қабатын төсеу жұмыстары жүргізілген.
— Бұл ауылға жол салу жұмыстарының бірінші кезеңі бойынша жұмыстары жасалды. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарына қажетті инертті материалдар түгел дерлік алынды. Ақтөбе облысынан жеткізіліп, жол құрылыс жұмыстарын осы жылдың мамыр айында қайта жандандырамыз деп жоспарлап отырмыз. Бірінші кезекте 4,3 шақырым жаяу жүргіншілер жолы жасалады. Бұл ауылдағы 7 көшені қамтиды. Содан соң асфальт төсеу жұмыстары кезең-кезеңмен жүреді. Қажетті материалдар белгіленген уақытта жеткен соң, жұмыс қарқын алатын болады. Ал құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда, — деді Н.Сабиров.
Ал ауыл тұрғыны Исабай Рысқалиев биыл ауыл үшін түйінді мәселе шешімін табатынан ризашылығын білдірді.
— Бұл жолды ауыл тұрғындары ұзақ жылдар күтті. Ауа райының қолайсыз күндері ауыл ішінде жүріп-тұру қиындық туғызатын. Өткен жылдың аяғында құрылысы бастау алып, тегістеп, топырақ төсеп кеткен еді. Сол себепті, сәл болса да жауын-шашын кезінде жол азабын аса тартпадық. Биыл құрылыс жұмыстары қайта жанданып, уақтылы әрі сапалы аяқтайды деген сенімдеміз,- деді ол.
Айта кетейік, Орлы ауылында 2 574 тұрғын мекен етеді.