
Оқушылар төтенше жағдай қызметімен танысты
1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күніне орай облыстық төтенше жағдай департаменті мектеп жасындағы балаларға арналған арнайы қауіпсіздік көрмесін ұйымдастырды, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Исатай-Махамбет алаңында өткізілген іс-шараға 50 шақты мектеп оқушысы қатысып, өрт сөндіру техникалары мен құтқару құрал-жабдықтарды пайдалану барысымен танысты. Сонымен қатар зардап шеккен адамдарға алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдерін үйреніп, өмірлік маңызды дағдыларды меңгерді.
-Республикалық “Бала қауіпсіздігі – басты назарда” акциясының негізгі мақсаты – оқушыларды төтенше жағдайлар кезінде өзін дұрыс ұстауға, қауіпсіздік ережелерін сақтауға үйрету. Шара аясында балаларға арналған үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, асфальтқа сурет салу сайыстары мен флешмобтар ұйымдастырылуда. Мұның бәрі қауіпсіздік дағдыларын ойын арқылы жеткізуге бағытталған,- деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Нариман Өтешов.

Балалар қызықты ойындар мен сайыстарға қатысып қана қоймай, құтқарушылардың жұмысын көзбен көріп, олардың ерлігіне тәнті болды.
-Бүгінгі шара маған қатты ұнады. Көңіл-күйім өте тамаша. Енді өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың қалай жұмыс істейтінін анық түсіндім. Болашақта мен де өрт сөндіруші болғым келеді. Адамдарға көмек көрсетіп, оларды құтқару – нағыз батылдық. Сол үшін қаhармандарға мың алғыс, — деді қатысушы Нұрсаят Жолдас.
Акция соңында қатысушыларға естелік сыйлықтар мен жадынамалар үлестірілді.