Онлайн желіде: КІТАПХАНА

pbxcd3 am Жаңалықтар

Аtr.kz/11 маусым, 2020 жыл.  Әлемді жайлаған дерттен сақтану үшін көптеген мекемелердің күнделікті жұмысы онлайн режимге көшірілді. Солардың қатарында мәңгілік құндылықтар ордасы – кітапханалар да бар.

 Қазіргі таңда карантин та­лаптары едәуір жеңілдетілді. Біз де оқырмандарға есігін айқара ашқан Атырау қалалық орталықтандырылған к і т а п х а н а л а р ж ү й е с і мекемесінің ғимаратына бардық. Сөйтіп, карантин кезінде және одан кейін жұмыстың қалай жүріп жатқанын көзбен көрдік.

Аталған мекеме басшысы Құралай Әбілқасымқызының айтуынша, ғимарат өткен жылы күрделі жөндеуден өткен. Жаңарған нысандағы жаңа жұмыс жоспары да құрылып қойған. Алайда, елімізде төтенше жағдай енгізілгелі, жоспардың бәрі кейінге қалдырылды. Мұнда қазір жиырмаға жуық ма­ман оқырмандарға қызмет көрсетеді. Ал, қатаң каран­тин жағдайында олар онлайн форматта бірлесе жұмыс атқарды. Жалпы, бұл жерде осындай жүйемен жұмыс жасау мүмкін бе? Біз мұны осындағы кітапхананы да­мыту, әдістемелік жұмыс бөлімінің меңгерушісі Гүлжан Сүндетовадан сұрадық.

– Шынын айту керек, оқырманмен онлайн жұмыс атқару мен оларға тікелей қызмет көрсетудің арасы жер мен көктей. Екі жағдайды тіпті салыстыруға да келмейді. Бізге келушілер кітапты электрон­ды нұсқада емес, қолға ұстап оқығанды жөн көреді. Әсіресе, үлкендер жағы кітапханамызға аяқтай келіп, газет-жур­н а л д а р д ы а қ т а р ғ а н д ы ұнатады. Сол себептен бо­лар, оқырмандарымыздан «қашан ашыласыздар?» деген сауал көп түседі. Демек, он­лайн режим – уақыт талабы емес, уақытша талап болғанын ескерген жөн.

Екіншіден, әр нәрседен сабақ алып үйрену керек деп ойлаймын. Мәселен, кітапханашыларға келсек, әлеуметтік желіде қалай жұмыс жасау керектігін бұрынғыдан да толықтай меңгеріп алдық. Өйткені, көп жылдан бері қызметімізді қолданып келе жатқан оқырманмен берік бай­ланысты үзіп алмау үшін, ғаламтордың көмегіне жүгіндік. Яғни, күн сайын «фейсбук», «инстаграм» секілді әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирге шықтық. Алдымен әр күнге жоспар құрып, тікелей желі қонақтарын және желіге қосылатын уақытын белгілеп қойдық. Олардың арасында өңірімізге және елімізге белгілі Амангелді Шамғонов, Абат Кенжеғалиев, Өтепберген Әлімгереев және басқа да тарихшылар мен өлкетанушылар, қоғам және өнер қайраткерлері, ғалымдар мен түрлі мамандық иелері бар. Қай-қайсысы да ұсынысымызды қабыл алып, айтылған уақытта ғаламторға кі р і п , оқырмандармен байланысқа шықты. Әсерлі әңгіме қозғап, салиқалы сұхбат берді. Карантиндегі кәсіптерімен бөлісіп, көптеген сауалдарға жауап берді, – дейді Г.Сүндетова.

А т ы р а у о б л ы с т ы қ Ғабдол Сланов атындағы ғ ы л ы м и – ә м б е б а п кітапхана қызметкерлері де технологияның таңдай қақтырар мүмкіндіктерін мүлт жібермеуге тырысады. Біз мұны аталған кітапхана дирек­торы Сара Ізмұхамбетовадан білдік. Ол өз кезегінде онлайн қызметтің тиімді тұстарын тізіп берді. Айтуынша, облыс тұрғындарына барлығы 149 кітапхана қызмет көрсетеді екен. Ал, онлайн режимдегі жұмыс көпшіліктің көңілінен шыққан.

– Төтенше жағдай кезінде кітапханашылардың он­лайн форматта атқарған қызметі оқырмандарымызға өте ұнады деп айта ала­мын. Себебі, олар кітапхана қорында сирек кездесетін «қызыл» кітаптарды зор қызығушылықпен қабылдады. Соның нәтижесінде бұл еңбектер үлкен сұранысқа ие болды. Сондай-ақ, элек­тронды каталогтың көмегімен оқырмандарымыз үйлерінде отырып-ақ кітап оқуға мүмкіндік алды. Сондықтан да, қазіргі таңда кітаптардың электронды көшірмесін дай­ындаудамыз. Оқырмандардың бәрі де біз ұйымдастырған шараларды онлайн желіде тамашалап отырды, – дейді ол.

Сол секілді, қазақтың тұңғыш бард ақыны, компо­зитор Табылды Досымовтың туғанына 55 жыл толуына орай «Табыл талантына тағзым» атты еске алу кеші де онлайн түрде өткенін айтып өтті кітапхана басшысы.

Ал, белгілі мұнайшы, мемле­кет және қоғам қайраткері, эко­номика ғылымдарының докто­ры Равиль Шырдабаевтың туғанына 80 жыл толуына орай «Майталман маман, мемлекет мақтанышы» тақырыбында онлайн слайд шеруі ұсынылды. Соны­мен бірге, республикалық «Бір ел – бір кітап» акция­сы аясында кешенді шара­лар легі ұйымдастырылды. Онда «М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы әйелдер бейнесі: тарихи және көркем шындық» атты оқырмандардың онлайн-кон­ференциясы да қамтылды.

Карантин жағдайында он­лайн режимде жұмыс жа­сау ауыл кітапханаларына да еш қиындық келтірмеген сыңайлы. Жылыой ау- данындағы №8 Ақкиізтоғай ауылдық кітапханасының меңгерушісі Сандуғаш Қ а л и е в а н ы ң с ө з і н ш е , бұл жаңа мүмкіндіктерге жол ашқанға ұқсайды. Яғни, карантин кезінде кітапхана қызметкерлері мультимедиялық білім- б і л і к т е р і н ж е т і л д і р і п , к о м п ь ю т е р л і к сауаттылықтарын арттырған. Мәселен, олардың бастама­ларымен оқырман қауымға арнап «Библиопост» жоба­сы жасақталып, жүзеге асы­рылыпты. Сөйтіп, белгілі қоғам қайраткерлері мен ақын-жазушылар, тарихи оқиғалар жөнінде маңызды мәліметтерді «фейсбук» желісі арқылы жариялап отырған.

К а р а н т и н р е ж и м і алынғаннан кейін кітапхана «өмірі» қайта жандана баста­ды. Біз ғимарат ішін аралай жүріп «коворкинг» бөлімінде балалар ойнап жүргенін көрдік. Таң қаларлық көрініс «кітапханада тек кітап оқиды» деген қасаң қағиданы жоққа шығарды. Сөйтсек, бұл кітап оқи отырып балалар бойла­рын да сергітіп алсын деген оймен жасақталған бөлме екен. Мұнда, тіпті, ғаламтор жүйесі де желіге қосулы. Әсем суреттермен безендіріліп, түрлі түске боялған жұмсақ жиһаздар да көздің жауын алады.

– Келем деушілерге барлық жағдай жасалған. «Ковор­кинг» орталығының есігі таңғы сағат 9.00-ден кешкі 18.00-ге дейін айқара ашық. Бұл жерде кітап оқып қана қоймай, шахмат және басқа да зияткерлік ойындар ойнауға рұқсат етілген, – дейді Гүлжан Сүндетова.

Гүлдана ЖАМБОЗОВА

 Бибінұр ТАҢАТАРОВА,

№5 қалалық кітапхана оқырманы:

Рухани күш береді

– Наурыз айының ортасында елімізде төтенше жағдай енгізілді. Соған қарамастан кітапханалар өз жұмыстарын жүргізе берді. Өзім №5 қалалық кітапхананың тұрақты оқырманымын. Үйден шыға алмасақ та, әлеуметтік желі арқылы кітапханадағы шаралар мен онлайн сұхбаттарды үзбей тамаша­лап отырдым. Өзім ұнатқан кітаптардан үзінділер оқып, бейнежазбалар жолдап, атсалысуға ты­рыстым. Электронды кітаптарды да алып, оқып көрдім. Қандай қиын жағдай туса да, халыққа рухани күш беруге ұмтылған кітапханашыларға айтар алғысым шексіз.

Ахау КЕМЕЛБАЕВА,

ардагер ұстаз, әйелдер кеңесінің төрайымы:

«Адамды адам еткен – кітап»

 – Жұқпалы дерт елді біраз есеңгіреткені рас. Еркін жүріп үйренген жұрт өзін торға түскен торғайдай сезінді. Алайда, өзіңді де, өзгені де ау­рудан қорғау үшін тиісті талаптарды сақтау керек. Осындайда, өткеннен өнеге алып, болашақты байыптайтын мүмкіндік туады. Көпшілігі теле­дидар мен телефонға телмірсе, енді бірі кітапқа көз салды. Ендеше, «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деп заманымыздың заңғар тұлғасы Әбіш Кекілбаев айтқандай, адам баласы бар білімін кейінгі ұрпаққа кітап арқылы жеткізетінін ұмытпайық.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз