Жарнама
Жаңалықтар

ӨЛКЕДЕГІ ӨРКЕНДІ ІСТЕР ӨРІСІ

Облыстық актив жиналысы «Қазақстан-Атырау» телеарнасы арқылы тікелей эфирде таратылғандықтан, жұртшылықтың басқосу барысында сауал жолдауына кеңінен мүмкіндік туды.

Облыс әкімі өз сөзін өткен жылдың елеулі оқиғаларынан бастады.

Елбасымыздың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауы 2020 жылға дейінгі экономикалық саясатты айқындап берді. Биыл «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге аса бастамақ.

Тағы бір елеулі оқиға – Атырауда Қазақстан мен Ресейдің ХІ аймақаралық ынтымақтастық форумының өтуі. Егер 2013 жылы Мемлекет басшысы мұнайлы мекенде Ұлыбританияның Премьер-министрі Дэвид Кэмеронды қабылдаса, былтыр Ресей Президенті Владимир Путинмен дидарласты. Екі жыл қатарынан Атырауда осындай жоғары деңгейде кездесулер өтуі аймақ беделін одан әрі асқақтатты. Оның үстіне, өткен жылы Елбасының өзі де мұнайлы мекенге қос мәрте сапарлап, мұнда жасалып жатқан шаруаларға оң бағасын берді.

Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде де еліміздің одан әрі даму барысы айқындалды. Бұл ретте Атыраудың қосар үлесі де қомақты. Осы басқосуда аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов мұнайлы мекенде әлемдік дағдарыстың алдын алу шараларының үш бағытта жүріп жатқандығын айтты.

Яғни, біріншіден, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тағам тапшылығын болдырмау және оның бағасының орынсыз өсуіне жол бермеу.

Екіншіден, индустрияландыру картасының аясын кеңейте отырып, шағын және орта бизнестің белсенділігін сақтау.

Үшіншіден, құрылыс қарқынын түсірмеу үшін мемлекеттік-жекеменшіктік қағиданы енгізу. Бұл ретте тұрғын үй бағасының қолжетімділігі де сақталуы шарт.

Аймақ басшысы бұрын инвестиция тек мұнай-газ саласы төңірегіне шоғырланса, енді ауыл шаруашылығына да батыл бетбұрыс жасалуын соңғы үш жылдың басты жетістігі ретінде атады. Соның нәтижесінде, өзімізден артылған балық пен оның өнімдерін, көкөністер мен ас тұзын көршілес Ресейге шығара бастадық. Егістік көлемі еселеп өсті. Егер 2012 жылы халықты картоппен қамту тек төрт пайыз болса, биыл 75 пайызға жетпек. Үстіміздегі жылы жұмыртқамен өзімізді толық қамтамасыз ету көзделген.

Облыс әкімінің айтуынша, Атырауда халқымыздың біртуар ұлы мен қызы, айтулы ақындар Жұмекен Нәжімеденов пен Фариза Оңғарсынова ескерткіштері орнатылады. Қазір мүсін нұсқалары да дайын.

Аймақ басшысы өзінің атыраулықтар алдында үшінші мәрте есеп беріп тұрғандығын айтты. Бұған дейінгі үлкенді-кішілі кездесулердегідей қол жеткен жетістіктермен қатар, кеткен кемшіліктер де сараланды. Еш нәрсе жасырын қалмады.

Биыл республикада аталып өтетін елеулі мерекелерден Атырау да тыс қалмайды. Сондықтан, Ассамблея жылы, Қазақ хандығының 550 және Ұлы Жеңістің 70, Ата Заңымыздың 20 жылдықтары мұнайлы мекенде де өз деңгейінде тойланады.

— Егер көздеген мақсатқа қол жетіп жатса, — деді облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов сөзінің соңында, — бұл халықтың ынтымақ-бірлігі мен Елбасымыз жүргізіп отырған мемлекеттік саясат аясында Үкімет, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдары, депутаттардың бірлескен жұмысының нәтижесі деп білемін.  

Облыс әкімінің есепті баяндамасынан соң тұрғындар көкейдегі сауалдары мен ұсыныс-тілектерін жолдады. Ал, актив жиналысын тікелей эфир арқылы тамашалаған көрермендер тарапынан жиырмаға жуық сұрақ түсті. Аймақ басшысы олардың жауаптары жазбаша түрде берілетінін атап айтты.

Мәселен, Жылыой ауданының тұрғыны Ләззат ОРАЗОВА өндірістік ауданда мектепке дейінгі тәрбие беру ұйымдары тапшылық ететінін, ауылдық жерлерде осы мәселе қашан шешімін табатынын сұрады. Бұл мәселеден хабардар аймақ басшысы осынау проблеманы шешу жолында былтыр 280 орындық үш балабақша ашылғанын, биыл Жаңа Қаратонда 280 орындық балабақша тапсырылғанын, сондай-ақ, Ақкиізтоғай, Шоқпартоғай, Қосшағыл, Тұрғызба елді мекендерінде 160 орындық балабақша салынатынын атап өтті.

«Атырау жас өрендері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, №30 мектеп-гимназиясының мұғалімі Қайырғали АЗИЛОВ «Нұрсая» ықшамауданындағы көп қабатты үйлердің бірінен Оқушылар және жастар сарайының құрылысы аяқталғанша пилоттық негізде жастар орталығын ашуға мүмкіндік болса деген тілегін айтты. Атырау қаласының тұрғыны, еңбек ардагері Бақи АЙТМАҒАМБЕТОВ «Атырау – Алматы» бағытына қатынайтын «Ақ Жайық» пойызы тоқтап қалғанына қынжылысын білдірді. Атырау темір жол бөлімшесі басшылығының қосымша жауап бергеніндей, жаз айларынан бастап осы бағыт бойынша «Ақ Жайық» пойызы қайта жүрмек.

Соғыс және еңбек ардагері, Атырау облысының Құрметті азаматы Орынғали ҚАРАСАЕВ биыл кең көлемде тойланатын Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында өңірімізде біраз жұмыс жасалынып жатқанын айта келіп, облыс, қала, аудан басшылары соғыс ардагерлеріне барып, хал-жағдайларын біліп, рухани демеп қайтуын жақсылыққа балады. Оның айтуынша, Атырау облысында күні бүгінде 84 Ұлы Отан соғысы ардагері болса, олардың барлығы да назардан тыс қалған емес. Майдангер Құрманғазы мен Дина сынды күйшілерімен де аты әйгіленген Атырауда күй орталығы салынса деген ұсыныс жасады. Оның үстіне, Д.Нұрпейісова атындағы халық аспаптар оркестрінің арнайы ғимараты да жоқ көрінеді.

«Астана» телеарнасының Атырау облысындағы меншікті тілшісі Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ 11 ақпан күні өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы Елбасының тапсырмасына орай мұнайлы өлкеде қандай жобалардан үнемдеу болатыны жөнінде сауал қойды. Бұл ретте облыс әкімі үнемдеу әр отбасынан басталуы тиіс екендігін тағы бір мәрте еске салды. Қайткен күнде де мемлекет қаражаты тиімсіз жұмсалмайды.

Жаңылсын ӘЛПИЯРОВА, Атырау қаласы мемлекеттік мұрағатының басшысы:

— Облыстық, қалалық мұрағаттың ғимараты 1965 жылы салынған, ескі. Екі мұрағат қоймалары құжаттарға толып тұр. Сондықтан қаланың орталық аумағынан жаңа ғимарат салуға жер телімі берілсе дейміз.

Облыс әкімі мұрағат ғимаратын салу үшін қала әкіміне арнайы жер телімін бөлуді тапсырды.

Сүндеткерей ХАСАНҒАЛИЕВ, облыстық спорт мектебінің  бапкері:

— Үш әлем чемпионын тәрбиелеген бапкер ретінде мені «қала төңірегіндегі ауылдарда дене шынықтыру-спорт кешені құрылысын салу мәселесі шешіле ме?» деген сауал мазалайды.

Облыс әкімі:

— Біз бұған дейін аудан орталықтарында балалар мен жасөспірімдердің дене шынықтырумен, спортпен еркін айналысуына жағдай туғызуға ұмтылдық, спорт кешендері салынды. Енді, мүмкіндігіне қарай қала маңындағы ауылдарға да осындай кешенді тұрғызу ісін қолға алатын боламыз.

Жәукен КӨШЕНОВ, еңбек ардагері:

— Соңғы кезде  халықтың «Жедел жәрдем» қызметіне көңілдері толмайтын жағдайда. Ауырып жатып, «жедел жәрдем» шақыра қалсаңыз ондағылар «әуелі порталға тұруыңыз керек» дейді. Қан қысымы көтеріліп, өлім аузында жатқан адамның портал күтіп жатуы қисынға келмейтін жайт қой.

Меңдіхан ӨТЕПҚАЛИЕВ, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

— «Жедел жәрдем» қызметіне айтылып жатқан сындар орынды. Қала халқына шұғыл дәрігерлік қызмет көрсетуге арналған 23 бригада жұмыс жасайды. Бірақ, олардың көлік мәселесі шешілмей тұр. Жуық арада порталға қатысты өзгерістер болады.

Облыс басшысы осы мәселеге байланысты өзінің орынбасары А.Әжіғалиеваға облыстық мәслихаттың депутаттарымен келісе отырып, қалалық «Жедел жәрдем» мекемесін қажетті автокөлікпен қамтамасыз ету мәселесін шешуді міндеттеді.

Инамат ЖҰМАШЕВ, қала тұрғыны:

— Ауылдағы жұмыссыз азаматтарды, шағын кәсіпкерлікті қолдау мақсатындағы «Жұмыспен қамту – 2020» мемлекеттік бағдарламасы енді жүзеге асырылмайды деген әңгіме бар. Сол жағы қалай болады?

Облыс әкімі Үкіметтің бұл бағдарламасының алдағы уақытта да жұмыс жасай беретіндігін, осы мақсатқа бізде 4 млрд. теңге қаржы бөлініп отырғандығын, және 1100-ден астам шағын кәсіпкерлік нысандары құрылатындығын мәлімдеді.

Зелимхан ЗУБАРИЕВ, шаруа қожалығының жетекшісі (Исатай ауданы):

— Мен екі мәселеге назарыңызды аударғым келеді. Біріншіден, Ресейден келетін мал мен өнімдерінің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге құзырлы органдар баса көңіл бөлсе, екіншіден, біздегі жайылымдық және шабындық жерлердің күтілуі заң талаптарына сай емес. «Шаруа қожалықтарын құрамыз» деп алынған көптеген жер телімдері пайдасыз бос жатыр. Жерді рекультивация жасауға мән беру керек.

Кәсіпкер көтерген мәселелердің орынды екендігін айтқан Бақтықожа Салахатдинұлы үстіміздегі жылдың сәуірінен бастап қалада коммуналдық базар құрылысы басталатындығын назарға беріп, өз мақсатына пайдаланылмаған, игерілмеген жер телімдерінің жайы енді Қазақстан Республикасының Жер кодексі негізінде заң жолымен шешілетіндігін ескертті.

Белгілі жазушыдраматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткер іРахымжан ОТАРБАЕВ ойын былайша жеткізді:

— Естіп отырғанымыздай, Жұмекен мен Фариза ақындарға Атыраудан ескерткіш орнатылатынын құптаймын. Алдағы жылы  атақты «Менің Қазақстаным» әнінің Елбасының бастамасымен Қазақ елінің Мемлекеттік Әнұранына айналғанына да он жыл толады. Соған орай оның авторларына және халқымыздың біртуар тұлғалары – күй анасы Дина, батыр да ақын қыздары Әлия, Мәншүк, Хиуаз, Фариза апаларымызға арнап Салтанат сарайының алдынан сәулеттік ансамбль кескініндегі «Аналар ескерткіші» қойылса, артық болмас еді. Сол сияқты, осы Атырау мен Маңғыстау облыстарының аумағын Қазақ елінің құрамында сақтап қалуға өлшеусіз үлес қосқан айтулы азамат Әлімхан Ермеков ағамызға да сондай құрмет көрсетілсе деймін. «Атырау-Астрахан» республикалық маңыздылықтағы автожолын заманында Еділ мен Жайық қос өзен аралығын қоныстанған халықтың ел болып қалыптасуына зор ықпалын тигізгені үшін «Бөкей жолы»  деп атасақ деген ұсынысым бар.

«Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары Атырау облыстық штабының жетекшісі Ринат ҒИЛАЖЕВ ойындағысын төмендегіше өрбітті:

— Еліміздің өзге өңірлеріндегі тәрізді, бізде де жыл сайын қаламыздағы жоғары және арнаулы орта оқу орындары студенттерінен «Жасыл ел» отрядтары ұйымдастырылып, шаһарды көркейту, көгалдандыру шараларына қатыстырылып келеді. Бұл, әрине, құптарлық іс, игі үрдіс. Айтайын дегенім, ендігі жерде жастарымыз ағаш отырғызу, тазалық шараларымен шектелмей, жыл санап қарқын алып келе жатқан құрылыс жұмыстарына тартылса жөн болар еді.

Келесі кезекте орнынан көтерілген Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Видергебурт» неміс этномәдени орталығының төрағасы Александр ДУМЛЕР де көпшіліктің көңілінен шығар пікірімен бөлісті.

— Баршаңызға мәлім, жақында ғана Ассамблея мүшелері, соның ішінде, осы ұйымнан сайланған халық қалаулыларының бастамасымен республикамызда келер жылға белгіленген Президент сайлауын биыл өткізу жөнінде ұсыныс жасалып, Үндеу жарияланды. Оны бәріміз бірауыздан құптадық. Өйткені, ол қазіргідей жаһандық экономикалық дағдарыс кезеңінде, қауіпті жағдайлар туындау мүмкіндіктері байқалған сындарлы шақта елдің бірлігі мен тұрақтылығын, іргесінің бүтіндігі мен тұтастығын сақтап қалу үшін аса қажетті және дер мезгілінде жасалған қадам деп есептеймін. Бәріңізді де бұған қолдау көрсетіп, түсіністік танытуға, дұрыс қабылдауға шақырамын.

Өткен жылы Атырауда «Достық» үйінің ашылуы да жерімізді мекендеген бірнеше ұлт пен ұлыстың өкілдерін бұрынғыдан бетер ұйыстырып, осындағы әрбір этномәдени орталықтың жоспарлаған жұмыстарының жүйелі жүргізілуіне, өздерімізді еркін сезінуімізге септескені сөзсіз. Бұлардан басқа, айтыскер ақын Шынарбек Қабиев Атырауда жас ақындарды дайындайтын орталық ашу мәселесі ойластырылса, оларға қолдау көрсетілсе деген ойымен ортақтасты. Ал, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының жетекшісі, ономастикалық комиссия мүшесі Әбілхан Сейтімұлы көшелер мен елді мекендерге атау берудегі кемшіліктерді ретке келтіру мәселесіне тоқталды. Сол сияқты, облыстық кардиоорталықтың дәрігері Берік Есбаев жас мамандарды баспанамен қамту жайын көтерсе, облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Айбек Орынбасарұлы да әріптесінің айтқанын қостады.

 

 

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button