«Батыс» өңірлік қолбасшылығында «ашық есік» күні өтті (+ФОТО)

E98A3387 Жаңалықтар

Аtr.kz/25 сәуір, 2019 жыл. «Батыс» өңірлік қолбасшылығындағы шара Қарулы Күштердің имиджін барынша ақпараттандыру, әскери мамандықты көпшілікке танымал ету және Отанымыздың патриоттарын тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылды.

Қолбасшылық пен облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастамасымен өткен шараға мектептің жоғары сынып оқушылары, әскери кафедра студенттері мен әскери-техникалық мектептің курсанттары қатысты. Бұл күні олар әскер өмірінің қыр-сырымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.

E98A3337

«Биыл біздің мемлекетімізде «Жастар» жылы болып жарияланды. Осыған орай ұйымдастырылған шара әскердің азаматтық қауымға ашықтығын  көрсетеді. Осы тәріздес іс-шаралар өскелең ұрпақты әскери-патриоттық тәрбиеге, әскери мамандықты құрметтеуге, олардың Қарулы Күштерге деген қызығушылығын арттыруға бағытталады», – деді «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары, полковник Нұрлан Қапанұлы Алдияров.

Сонымен, сегіз топқа бөлінген шара қонақтары кезегімен атыс қару-жарағының заманауи үлгілерімен танысып, жеке құрамның қоян-қолтық ұрыста қолданатын әдіс-тәсілдерін тамашалады. Сондай-ақ, сарбаздар жалпыәскери қорғаныс жиынтығын киюдің және АК-74 қаруын бұзып-жинаудың нұсқамасын да көрсетті. Ал, жауынгерлік техника қойылған паркке жасалған экскурсия жастарды бір серпілтіп тастады. Олар қызығушылық танытып, әскери техникаға қатысты біраз мәліметке қанықты.

E98A3346

Өзін Дәурен Бақтыбай деп таныстырған 11-сынып оқушысы «Бүгін біз қару-жарақты  ұстап, әскери техниканы көрдік. Сондай-ақ, темірдей әскери тәртіптің адамды ұқыптылыққа, тиянақтылыққа үйрететініне көзім жетті. Ендігі өмір жолымды әскери саламен байланыстырамын деп шешім қабылдадым»- деген ойымен бөлісті.

Шара соңында әскерилендірілген эстафета өтіп, жарыс нәтижесінде 1 орынға – әскери кафедра студенттері, 2 орынға – №24 мектеп және 3 орынға – М.Өтемісов атындағы мектеп оқушылары шықты. Ал, әскери-патриоттық тәрбие беру жолында тер төгіп жүрген алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушылары Нұрлан Елеуов, Нұржан Қағазғалиев және Серік Мұхтаров генерал-майор Қаныш Әбубәкіровтың алғыс хатымен марапатталды.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз