Олимпиада: 93 оқушы жолдама алды

image b Жаңалықтар

Атырауда републикалық пәндік олимпиаданың үшінші яғни, облыстық кезеңі өз мәресіне жетті.

Жалпы білім беретін 16 пән бойынша 9-11 сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінің жабылу салтанаты APEC PetroTechnic жоғары колледжінде өтті. Бір аптаға созылған білім бәйгесінде оқушылар жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттар бойынша бақтарын сынаған болатын.
Іс-шараға қатысқан облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнагүл Байғанинқызы пәндік олимпиаданың дарынды жеткіншектерді тәрбиелеуге, шығармашылық қабілеттерін дамытуға, теориялық білімі мен тәжірибелік шеберлігін тереңдетуге ықпалы зор екенін, бұл білім бәсекесінің олардың келешегіне жол ашатын үлкен мүмкіндік екенін айтты.
Олимпиада да әр қатысушы жалпы білім беретін пәндер бойынша «Oqylyq» платформасына қосылып, веб-камерасы бар жеке компьютермен қамтылса, әр қайсысына жеке логин, құпия сөз және жауап парақтары бетшелері берілді. Логин мен құпия сөзді республика бойынша белгіленген бірыңғай уақытта онлайн платформада тапсырмалар алу үшін қолданса, қатысушыға арналған тапсырмалар жеке таңбаланып, әр оқушының орындаған тапсырмалары «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының интернет-ресурсында жарияланып отырған.
–Кезекті олимпиада барысында оқушылармен кері байланыс орнатқан кезімізде тапсырмалардың қиындығы жөнінде айтты. Алайда, олимпиада бұл – білімнің биік шыңы. Оқушылар осыны түсінуі қажет. Әр мектептің білімді, дарынды балалары қатысып отырғандықтан олар осал болмауы тиіс, – деді «Таланттарды анықтау және қолдау» орталығының директоры Руслан Сарбалин.
Ал олимпиада қатысушы Әлихан Кереев пәндік тапсырмалардың қызықты болғандығын, сұрақтарға жауап берген сайын қатысушының білімге деген ынтасы арта түсетінін айтып, мұндай білім сайыстарының өзі секілді оқушылар үшін аса маңызды екендігін жеткізді.
Олимпиаданы онлайн режимде өтіп, тікелей эфир қатысушылардың ата-аналарына, мектеп ұжымына қолжетімді болса, ал олимпиаданың әділ өтуі «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің мамандары, ата-аналар комитетінің өкілдері мен университет оқытушыларының бақылауында болған.
Айта кетейік, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде 650 оқушы бақ сынады, оның 286-сы жаратылыстану-математикалық бағыттағы, 364-і қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндерге қатысқан.
Білім бәсекесінің нәтижесінде 45 оқушы І орын, 76 оқушы ІІ орын алса, 114 оқушы ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Белсенді қатысқан жүзден астам оқушыға арнайы Алғыс хат та берілді. Жалпы, пәндік олимпиаданың республикалық кезеңіне 93 оқушы жолдама алып отыр.
Еске салайық, жалпы пәндік олимпиада мектепішілік, аудандық, облыстық, республикалық болып төрт кезеңнен тұрады.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз