«Қол соғайық» деген сөзден қорқамын»
Жетісу жерінде дүниеге келіп, әйгілі әнші Дәнеш Рақышевтың, далалық дархан дауыс иелері, арқа әншілік мектебінің өкілдері Манарбек Ержанов пен Жүсіпбек Елебековтерден тікелей тәлім алып, Ғарифолла Құрманғалиев сыныбында оқып, жарты ғасырға жуық өнерді насихаттап келе жатқан Қажыбек Бекбосыновтың өскелең ұрпағына айтары аз емес.
Жуырда Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне арнайы шақырумен келген дәстүрлі әнші, Қазақстанның халық әртісі Қажыбек Бекбосынов «Музыка және өнер» кафедрасының студент жастарымен кездесті.
Биылғы оқу жылы ашылғанына 40 жыл толып отырған «Музыка және өнер» кафедрасының ұжымы әншіні ыстық ықыласпен қарсы алды.
Қажыбек Құдайбергенұлы өзі көрген қазақтың талантты ақын-жазушыларының өнері туралы әңгімелей отырып, «Жиырма бес», Ақан серінің «Шырмауық», Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсынан Шегенің ариясын орындады. Сондай-ақ, тыңдарманның сұрауы бойынша «Баянауыл», «Аңшының әнін» де шырқады.
«Балаларым, өтірік атақ алуға үйір болмаңдар. Ондай адам күндердің күнінде тамыры шіріген теректей морт сынады» деген ақылын айта отырып, әнші аға «Кеудеден шынайы өнер шығуы үшін айтатын әннің тарихын біліп орында. Сонда ғана жүрекке жетеді. Одан кейін жан тазалығы, ар тазалығы қажет. Қазақтың халық әндерін түсіну үшін терең білім керек» деп жалғастырды ол.
Тыңдарман сұраған келесі ән атыраулық Аманғалидың әні болды. Ғ.Құрманғалиев репертуарында сақталып келген Аманғали Кенжеахметұлының «Сері жігіттің әнін» шырқады. Қажыбек Бекбосынов осы әнді алғаш рет Исатай батырдың 160 жылдық мерейтойына келгенде орындағанымда залда отырған төрт-бес адамның жылап отырғанын да айтты.
Көпшіліктің қошеметіне бөленген әнші: «Қол соғайық» деген сөзден қорқам. Балаларым, халық қол соғатындай өнер көрсете біл, көрермен қол соғатындай сөз айта біл. Қол соғуды сұрап алуға болмайды. Ғарекең: «Сахнаға шықтың ба, өліп кетсең де халықты уысыңда ұста» деп үнемі айтатын еді», — деп өз ұстазын еске алды.
Иә, біртума өнер қайраткерінен тәрбие алған ол Талдықорған облысы, Қапал ауданының Ұзынбұлақ елді мекенінде дүниеге келген. Өнерге құлағы түрік бала әкесі Құдайбергеннен 13 жасында айырылса да, оның әсем қоңыр дауысын әлі жадында сақтап келеді. Мектеп оқушысы бастапқыда ұстазы Сайлаубай Әбділдиннің баянмен сүйемелдеуімен ән салып жүрді. Кейіннен өміріне серік еткен домбыраны 15 жасынан бастап өз бетімен үйренді. Алғаш рет «Елім-ай» әнін, бәріне таныс «Кеңес» күйін ойнады.
Ұзынбұлақтағы отыз шақты үйден табылатын жалғыз қара домбыра айналып келгенде осы талабы зор баланың қолына тиді. Сөйтіп, 1965 жылы, Ұлы Жеңіске – 20 жыл толғанда алғаш рет өзін домбырасымен сүйемелдеп, «Бозжорға», «Құралай», «Шегенің термесін» орындаған екен. «Сабақта отырғанда радиодан Ғ.Құрманғалиев ән шырқай бастайды. Әлі есімде, «Нақ-нақты» айтқанда отыра алмай, мұғалімнен сұранып шығып кетіп, мектеп қабырғасына сүйеніп тұрып, ән біткенше ұйып тыңдайтынмын», — дейді әнші.
Арманы алға жетелеген жас жігіт 1965 жылы Алматыда республикалық эстрада-цирк студиясында ашылған батыс ән мектебі бойынша Ғ.Құрманғалиев класына қабылданды. «Сенесіз бе, сенбейсіз бе, 20 жасымда сабақтан бір-ақ рет қалып едім, Ғарекең төрт сағат бұрышқа тұрғызып қойды. Тіпті, сол күні маған бір ауыз тіл қатқан да жоқ… бұл оқиға өмірлік сабақ болды. Кейін студияны өте жақсы бітіріп, Қазақконцертте отыз сегіз жыл қызмет еткенде бірде-бір гастрольді жіберген жоқпын. Алыс пен жақынның бәріне бардым. Міне, бұл жасымда алған тәрбиенің көрінісі.
Ғарекең әнді бір рет айтып береді де, үш күннен соң қайта сұрайды. Егер сол уақытта сөзін жаттап, әнді дұрыс айтпасаң, онда… жағдай мүлдем қиындап кететін. Ұстаз тыңдап алып, тағы бір түзеп, өңдеп жібереді. Содан сен де шыңдай түсесің өзіңді. Ғарекеңнің сабақтары опера театрының грим бөлмесінде өтетін. Ондай ғимаратқа кіріп жүрудің өзі мен секілді жастарға мәртебе болатын. Сөйтіп, отыз жылға жуық, ұстазым өмірден озғанша сабақ алдым. білмегенімді толықтыра түсіп, үйрене бердім. «Неге ұзақ оқыдың?» деген сұрақ туары сөзсіз… өйткені, өнер дегеніміз – таусылмайтын қазына, түпсіз терең теңіздей екен. Өнер – бұл жазылған, қатып қалған ереже емес, соның ішінде музыка, дәстүрлі орындаушылық бұл ылғи жасалып отыратын интерпретация екен», — дейді өнер қайраткері.
Қаймағы бұзылмаған далалық мектептің өкілдерінен тікелей сабақ алған жанмен кездесу оқытушылар үшін де, студенттер үшін де ерекше әсер қалдырды. Қажыбек Құдайбергенұлы Дәнештің өзінен Әсеттің тоғыз әнін үйреніпті. «Кейбір кезде ұстазымыз күйтабақ болды» деп әңгімелеген әншінің өмірі мен өнері жастарымызға үлгі болғандай. Ал, «Манарбек Ержановтан «Топайкөкті» сегіз жыл үйрендім. Манарбектей айтпадың ба, сахнаға шықпа!» деген сөзі ше?! Бұл әрқайсымыз алдымызға кәсіби өсу мен жоғары талап қоя білу қажет екендігін меңзеу деп түсінеміз.
Түркістан қаласындағы Яссауи Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры Қажыбек Бекбосынов сол білім ордасында он жылдан астам уақыт қызу еңбек етіп келеді. Көргені мен айтары көп Қажыбек ағаның әр сөзі, әр әңгімесі мен әні жастарды ойландырып тастады. «Нағыз өнер адамы осындай болуы керек» деген пікір тудырды.
Бақыт ТҰРМАҒАМБЕТОВА,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік
университетінің кафедра меңгерушісі, өнертану ғылымдарының кандидаты.