Жарнама
Жаңалықтар

ӨКІНБЕСІН, ӨКСІМЕСІН ӨРІМТАЛ!..

 

Жиынға облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан төрағалық етіп,жасөспірімдер арасында нашақорлықтың алдын алу жұмыстарына баса көңіл бөлді.

«Өткен жылы облыстық наркологиялық диспансерінде Атырау қаласы бойынша 26 жасөспірім есепке тұрды», — деген облыстық наркологиялық диспансерінің бас дәрігері Меңдібай Досқалиев жасөспірімдер арасында нашақорлықтың алдын алуда облыста атқарылып жатқан шараларға тоқталды. Оның айтуынша, аймақтың бірде-бір ауданында жасөспірім есепке алынбаған және тіркелмеген. Жылыой, Қызылқоға аудандары бойынша дәрігер нарколог – 0,25 штаттық бірлікте, Индер, Исатай, Құрманғазы аудандарында дәрігер нарколог – 0,5, ал, Мақат ауданында мұндай маман мүлдем жоқ. Махамбет ауданында бір ғана сертификатты нарколог жұмыс жасайды.

«Аудандарда есепке тіркелмеген жасөспірім мүлдем жоқ деу шындыққа жанаспайды. Бұл – жұмыстың жүйелі жүргізілмей, мамандардың тапшылығы салдарынан болып отыр. Сол себепті әр ауданда толық штаттық бірлікте- дәрігер-нарколог жұмыс жасауы керек» деді Шыңғыс Жұмабекұлы. Ол аталған мәселені шешуді облыстық денсаулық сақтау басқармасына жүктеді. Сондай-ақ, есепте тұрған балалар туралы ақпаратты ай сайын жаңартып, «қауіпті топ» санатындағы балалармен психоактивті заттардың зиянын насихаттау бағытында кешенді шаралар өткізуді және жастардың бос уақытын сапалы өткізуге бағыттап, халық арасында салауатты демалу жүйесін қалыптастыруда  үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуді міндеттеді.

Одан әрі күн тәртібіндегі мүмкіндігі шектеулі балаларға жағдай жасау жұмыстары туралы облыстық балалар денсаулығын қалпына келтіру орталығының директоры Нұрлан Құрақов баяндады.

Белгілі болғанындай, облыс бойынша мүмкіндігі шектеулі 5987 бала бар. Оның ішінде мектеп жасындағы балалар – 3763. Инклюзивті білім беру жүйесі бойынша 102 мектеп жұмыс жасайды. Үйден оқыту бағдарламасымен қамтылғандар – 337. Осы орайда айта кеткен жөн, бүгінде экономикалық және экологиялық факторларға байланысты кемтар балалардың дүниеге келуі артып отыр.

«Адамзат саны артқан сайын экологияның ластанып, оның адам денсаулығына әсер етері анық. Сондықтан,  мүмкіндігі шектеулі балаларға жағдай жасауды күшейту керек. Оларға ақпаратты технологияны пайдаланып, онлайн дәрежесінде  оқытуды ұйымдастырған жөн. Мүмкіндігі шектеулі балалардың диагнозына орай жұмыс жасайтын бірнеше үкіметтік емес ұйымдар құру керек. Бұл бағытта қызмет ететін үкіметтік емес ұйымдар неғұрлым көп болса жұмыс жеңілдеп, алға жылжиды» деді аймақ басшысының орынбасары Ш.Мұқан. Ол жаңадан пайдалануға берілетін білім беру ұйымдарының ғимараттарына көтергіш жабдықтар, пандустар, санитарлық бөлмелерде арнайы құрылғылар орнатып, парта, тұтқа, компенсаторлық құралдармен жабдықтауды қатаң қадағалау қажеттігін баса айтты.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button