
Өрт қауіпсіздігі: Атырауда әлеуметтік осал отбасылардың үйлері тексеруден өтуде
Атырау облысында жылыту маусымына дайындық жұмыстары басталып, әлеуметтік осал топтағы отбасылар тұратын тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінуде. Бұл туралы брифинг барысында Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Бағдат Абдуллин мәлімдеді, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Спикердің айтуынша, биыл облыс бойынша қауіп-қатерге бейім 1684 үй анықталған. Олардың барлығында рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып, пештердің жағдайы, электр сымдарының қауіпсіздігі және жылыту құралдарын пайдалану талаптары қадағалануда.
– Рейдтік тексерулердің негізгі мақсаты – тұрмыстық өрттің алдын алу. Әсіресе, пеш пен жылыту құралдарын дұрыс пайдалану, зақымдалған электр сымдарын қолданбау және мұржаларды уақытылы тазарту мәселелеріне ерекше назар аударылған, – деді Бағдат Абдуллин.
Соңғы үш жылда өңірде 1200-дей отбасының үйіне түтін датчигі орнатылды. Жылыту маусымы соңына дейін тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жалғасады.
Өткен жылыту маусымында облыста 75 өрт оқиғасы тіркеліп, салдарынан 5 адам қайтыс болған. Сонымен қатар 2 тұрғын жарақат алған. Қызыл жалынның басым бөлігі электр жабдығын дұрыс қолданбаудан және пешті пайдалану талаптарын сақтамаудан туындаған.
Жалпы есептік кезеңде облыс бойынша 37 мыңнан астам үй араланып, 53 мыңға жуық адамға түсіндіру жұмыстары жүргізілді.