Түсіміз басқа болса да, тілегіміз бір

отбасы2 Жаңалықтар

Ару Жайықтың жағасындағы сән-салтанаты келіскен қалада дүниеге келгенімді қалай мақтан етпейін?!  Кір жуып, кіндік кескен киелі мекенді ешбір жұмаққа айырбастай алмаспын. Өйткені, осы жерде менің ғажайып балалық шағым өтті. Өңкей қара домалақ қазақ балаларының ортасында даланың ақ селеуіндей желбіреген шашымды Жайықтан ескен самалға таратып жүретін қайран күндер десеңізші! Өзімнің өзге ұлт өкілі екенімді сезіндірмеген қайран ақ көңіл қазағым-ай! Жомарт, дархан жандар ғой. Қазақ тілін екінші ана тілімдей көрдім. Әбіш Кекілбаевтың, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің шығармаларын оқып, рухани нәр алғанымды қалай айтпай қалайын?!

отбасы2

Қазақтың даласы қандай кең болса, әрбір қазақтың жаны одан да кең! Содан да шығар, қыз болып қылтиып, етек-жеңімізді қымтай бастаған ке-зімде Қайрат Әділбаев деген қазақтың жігітін ұнаттым.       Екеуіміздің балалық күнәсіз сезіміміз махаббатқа ұласты. Сөйтіп, мен сол әулетке келін болып түстім. Беташар айтылып, елдің бәрі жиналған сол бір ұлан-асыр той қалай ғана есімнен ұмыт болсын?! Ата-енем де мені «түрі басқа, ұлты өзге» деп шетке ысырмады, құшағына тартты. Еркелетті, өзімнің туған ата-анамнан артық болды.

Қазақтың бір әулетінің түтінін түтеткесін, ұрпақ қамын да ойлайды екенсің. Көп ұзамай дү-ниеге келген Әнуар, Қайсар есімді ұлдарым отауымыздың бірлігін нығайтып, берекесін мерекеге ұластырды.  Ұлдарымды «нағыз қазақ болыңдар» деп тәрбиелеп жүрмін. Кейде «Алла көз-тілден сақтағай!» деп ырым жасап, өзіме -өзім айтып отыратыным бар. Қазақтың дәстүрі мен салтының өзі айтсаң таусылмайтын бір керемет дүние ғой! Шілдеханадан бастап, барлық әдет-ғұрпын сақтауға тырысамын.

Бір жаңалыққа, тойға бара қалғанда, міндетті түр-де, өзіммен бір-ге шашу ала барамын, ал жолдастарым мен әріптестерім той-жиынға бара қалса, сыбаға сұрайтыным да бар. Осының бәрі адамдардың бір-біріне сыйластығының арқасы емес пе?

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірдім. Қазіргі таңда «Өрлеу» білік-тілікті арттыру институтында заңгер болып қызмет етемін. Айтайын дегенім, қазақ тілінің ғажап байлығы, айта берсе таусылмас құдіреті. Фариза апайдың дүниеге келген мекені, Жұмекен туған топырақта туғаным — менің маңдайыма жа-зылған бақытты тағдырым.

Наталья ЗЕМЛЯКОВА,

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ филиалы Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының заңгері.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз