Атырауда «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауы өтті

Кімнің тауары үздік Жаңалықтар

Жақында қаладағы «Атырау» денешынықтыру және сауықтыру спорт кешенінде «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасының ұйытқы болуымен «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауы өткізілді. 2001 жылдан бастап дәстүрлі өтіп келе жатқан аталмыш байқаудың басты мақсаты – жеке және заңды тұлғалардың отандық өнімнің сапасын арттыруға бағытталған қызметін жандандыруға, ел нарығын жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өніммен толықтыруға, отандық және халықаралық стандарттар негізінде сапаны басқару мен қамтамасыз етудің қазіргі заманғы әдістерін кеңінен енгізуге алғышарттар жасау.  

Кімнің тауары үздік

Өңірлік көрме-байқаудың ашылу салтанатында сөйлеген облыстық  кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ескендір Жаңатаев, облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрайымы Әлия Бекқожиева  «Қазақстанда жасалған» белгісімен тауар өнідіретін шағын және орта бизнес өкілдеріне мұндай көрмелердің зор ықпалы тиетінін, халық арасында өндірілген өнімнің сапа идеясын кеңінен танытуға, өз өнімдерін жұртшылыққа жарнамалауға, бәсекеге қабілетті өнім өндіруге мүмкіндік беретінін айтты.

Спорт кешенінің залында  «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халық тұтынатын үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациялары бойынша аймақтағы 24 кәсіпорын өз өнімдерін көрме қонақтарына ұсынылды.

Көрме-байқауға қатысушылар қатарында бұған дейін де осындай аймақтық конкурстарға қатысып, бақ сынаған, жеңімпаз болған «Карат», «Өнерпаз», «Рауан Налко», «Полимер продакшн» сынды халық тұтынатын тауарлар  өндіруші ұжымдар  бар. Ал, «Каспий Лана Атырау» шұға фабрикасының  түйе мен қой жүнінен жасалған, жылуды сақтауға бейім құрылыс материалдарын дайындайтын «Теплый дом Атырау», минералды су өндіруші «Каспий ботлерс» және «Trans Tech  Іnternаtional» ЖШС-нің  «Дәулет-нан» маркасымен шығатын нан-бөлке өнімдері көрмеге алғаш рет ұсынылды.

Кімнің тауары үздік-2

– Бүгінгі көрмені тамашалауға келген атыраулықтар аймақта өндірілетін тауарларды көріп, ұнаған, қалаған тауарларын қолжетімді бағамен сатып алу мүмкіндігіне ие болды.  Байқау жүлдегерлері әр аталым бойынша І, ІІ және ІІІ дәрежелі «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауының дипломдарымен және таным белгісімен марапатталды. Сондай-ақ, олар төрт жыл бойы байқау белгісін жарнамалық мақсаттарда қолдану құқығына ие болады, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Амангелді Иманов.

Сонымен, конкурсқа қатысушы кәсіпорындар тауарларын саралап, өз бағасын беретін арнайы конкурстық комиссияның шешімімен «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша полипропилен дайындалатын өндірістік орама материалдар өндіретін «Казхим» ЖШС үздік деп танылды. Олардың өнімдері елімізден басқа Ресей, Белоруссия, Украина, Грузия, Әзербайжан, Иран, Түркіменстан секілді шет мемлекеттерге экспортталады. Компания жоғары сапалы полипропилен шпагатын, жұмсақ контейнерлер мен бір келіден екі мың келіге дейін салмақ көтеретін қапшықтарды шығарады.

«Trans Tech  Іnternаtional» ЖШС-нің нан мен ұннан жасалған өніміне, мал етінен дайындалған ет консервілеріне халықтың сұранысы артып келеді. Сондықтан, серіктестіктің аталған өнімдері «Халық тұтынатын үздік тауарлар» сапынан орын алды. Ал, «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымында Махамбет ауданындағы «Первомайский» ЖШС сүт өнімдері өзге тауар өндірушілерінен көш ілгері екендігі мойындалды. Конкурстық комиссия «Өнерпаз» ЖШС-дегі тігінші қыз-келіншектердің тоқыма бұйымдарын, «Амангелді атындағы» ЖШС-нің балық өнімдерін жүлдегерлер қатарында болуға лайықты деп шешті. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен марапатталды.

Бақытжан ЖҰМАТ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз