
Облыста төрт түлікке қауіпсіздік шаралары күшейтілді
Қызылқоға және Жылыой аудандарында өзен бойына жақын орналасқан шаруашылықтарға арнайы ескерту жасалып, қауіпсіздік талаптарын сақтау қажеттігі хабарланды.

Атырау облысының төтенше жағдай жөніндегі жедел штабының мәліметінше, Қызылқоға ауданында 78 шаруа қожалығы, 2 ЖШС және 3 жеке адам мал шаруашылығына қатысты ескерту алды. Өңірде 7 мыңға жуық мүйізді ірі қара, 12 мыңға жуық қой-ешкі, 3 мыңнан астам жылқы және 100-ден астам түйе өзен бойында бағылып отыр.
-Жылыой ауданында Қара арна, Қосшағыл, Жем және Ақкиізтоғай ауылдық округтеріндегі шаруашылықтар бақылауға алынды. Мұнда 4 мыңнан астам ірі қара, 7800 қой-ешкі, 1700 түйе және 2760 жылқы тіркелген. Жедел штаб аудандардағы шаруа қожалықтарын қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады, — делінген ресми хабарламада.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ