Жарнама
Жаңалықтар

ЖАҚСЫ ДОС – ЖАН СЕРІГІҢ

 

1977 жылы Новобогат ауданы қайтадан шаңырақ көтергенде көптеген жігіттер әр жерден қызметке шақырылдық. Бәріміздің басымызды қосқан сол жылдан бастап аудан орталығына айналған Аққыстау селосы еді. Жаңағы айтылған көп жігіттің ішінен осы Аяпберген ауданда алғаш рет өткізілген жастар ұйымының конференциясында аудандық комсомол комитетінің хатшылығына сайланды.

«Жақсымен өткен бір күнің – жаманның өтіп кеткен ғұмырындай» демекші, осыншама мезгіл таныс-біліс, аралас-құралас болып, әрқайсымыз өзімізге жүктелген жауапты жұмыстарды атқарып келе жатқан кезімізде Аяпберген ініміздің ешқандай да оғаш қылығын, тосын мінезін байқамаппын. Қашан, қайда көріп, кездессең де баяғы сол ақкөңіл, ақжарқын, аузын ашса жүрегі көрінетін, мінезі жайдарлы, жаны жайсаң қалпынан танбаған азаматты жүздестіремін. Және бір қыры, ол жұмысына тындырымды, ұқыпты, аса мұқият. Әсіресе, іс-қағаздарын жүргізіп, қажетті құжаттарды ресімдеудің шебері. Оның үстіне, күнделік жазатын әдеті және бар.

Өзімізден гөрі жасы да үлкен, өмірлік тәжірибесі де мол Пазыл Мағазов ағамыз аупарткомның жалпы бөлімінің, мен ұйымдастыру-партиялық жұмыс бөлімінің меңгерушісі болып қанаттас қызмет атқардық. Сәндібек Ғұбайдуллин, Еркінғали Зұлхашев (марқұм), Кенжебай Сағынғалиев және Аяпберген Мұханбетов осында нұсқаушы болып қызмет істеді. Ал, бұл күндері есімдерін ел білетін Мырзағұл Кенғанов пен Серік Сағытжанов ағаларымыз ол кезде бірі  аудандық партия комитетінің біріншісі хатшысы-аудан басшысы да, екіншісі атқару комитетінің төрағасы болатын. Тиісті жерінде кісілік танытып, кішілік көрсетіп жүрсек те, ел басқарған осындай атпал азаматтар қашан да біздерге әкелік қамқорлығын аямай, ақыл-кеңестерін беріп, ілгері тартып жүретін.

Жұмыс болғасын түрлі жағдайлар, күтпеген оқиғалар болып, аяқ астынан мәселелер туындап қалып жататыны да жасырын емес қой. Осындайда жас айырмашылығына, тәжірибесінің аздығына қарамастан, тығырықтан жол тауып, қиындықтан алып шығатын, бәрінің тілін табатын да осы біздің Аяпберген-ді. Оған сан рет өзіміздің де куә бол-ғанымызды жасырмаймын.

Аяпберген – отбасылық өмірде де шаңырағына құт-береке дарыған, татулық пен бірлік жарасым тапқан өнегелі жанұяның басшысы. Отанасы Аққанымдай керемет келініміздің өмірлік серігі, ұл-қыздарының асқар таудай әкесі, немере-жиендерінің ардақты атасы, ауыл-елінің арқасүйер азаматы. Екеуінің отасып, шаңырақ көтерген сәттерінен бастап, перзент сүйген, қыз ұзатып, келін түсіріп, ұрпақтарының қызықтарына кенеліп, шаттығына бөленген бақытты шақтарына куә болып, қуаныштарына да ортақтасып келеміз. Әлі күнге бір мекемеде бірге еңбек етпесек те, күнде көріспесек те, жиі-жиі хабарласып, отбасымен араласып, әңгіме-дүкен құрып, сырласып тұрамыз. Сондай кезде де айтылар сөздің мәнін ашып, ортамыздың сәнін келтірер бірегей азаматтардың санатында Аяпберген Сырым-ұлын атаймыз.

Жайдарбек ЗАЙДУЛЛИН,

облыстық өнер мұражайының директоры,

Атырау қаласы.

 

Суретте: аудандық партия комитетінің бір топ қызметкері: бірінші қатарда (солдан оңға қарай) мақала авторы Жайдарбек Зайдуллин, Пазыл Мағазов, Кенжебай Сағынғалиев; екінші қатарда Аяпберген Мұханбетов пен Еркінғали Зұлхашев.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button