
Облыс әкімі Наурыз мерекесімен құттықтады
Құрметті жерлестер!
Баршаңызды жер-дүние бусанып, күн мен түн теңелетін Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен құттықтаймын!
Наурыз өркендеу мен жарқын болашақтың энергиясын бейнелейді, адамдарға оптимизм және ең жасампаз да асыл мұраттарының жүзеге асуына деген үкілі үміт сыйлайды.
Көктемнің жарқын мерекесі – жыл басы бізге көнеден келді. Бұл ежелден Жаңа жылдың символы ғана емес, сонымен бірге табиғаттың жаңаруы, мейірімділік, өзара түсіністік пен сыйластықтың белгісі ретінде қабылданады.
Наурыз – адамзат жадының салтанаты, даңқты тарихымыз, біздің сан ғасырлар бойы халқымызға рухани қуат беріп келе жатқан сарқылмас қайнар бұлағымыз.
Көпұлтты және көпконфессиялы Қазақстан халқы әлемдік қоғамдастықта берік достықтың, ынтымақ пен мызғымас бірліктің үлгісі болды және солай болып келеді.
Келісім мен татулық туын атыраулықтар қашанда берік ұстайды. Облыстың айрықша қарқынмен дамуы – осы сүттей ұйыған ауызбірлік пен жарастықты үйлесімнің нәтижесі.
Жаңалықтың жаршысы, жақсылықтың бастауы бұл күні барлық реніш ұмытылып, әр шаңыраққа қуаныш орнайды, көкірегі ояу адамдар бір-біріне жақсылық пен береке тілейді.
Әз-Наурыз бақ-береке мен игілік-молшылық әкелсін. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!
Құрметпен,
Серік Шәпкенов,
Атырау облысының әкімі