Облыстық форумда мектепке дейінгі тәрбие мәселесі талқыланды

1 21 Білім

Биыл мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының ашылғанына – 100 жыл. Осыған орай Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында облыстық форум өтті.

1

«Мектепке дейінгі білім беру – ғасырлық тарих шежіресінде» тақырыбындағы шараны өткізуге облыстық білім беру басқармасы ұйытқы болды. Аталмыш саланың тарихымен, даму жолымен, жеткен жетістіктерімен таныстыру мақсатындағы жиынға аймақтың әр түкпірінен келген педагог қызметкерлер қатысты.

Форумда облыс әкімінің орынбасары Нұрсәуле Сайлауова рухани қасиеттерді, білімге деген құштарлықты қалыптастыруды ерте жастан бастау қажеттігін баса айтты.

Айта кету керек, елімізде ең алғашқы балабақша 1917 жылы Верный қаласында ашылып, 1921 жылы олардың саны артқан. Ал, біздің облыста мұндай нысан тұңғыш рет 1928 жылы бой көтерді. Тәуелсіздік алған жылы оның саны 251-ге жеткен. Бүгінде осы салада еңбек еткен мамандардың сапалық құрамы да жақсарып келеді.

Жиында өз ісінің майталмандары деп танылған бірқатар педагог мерекелік төсбелгімен, облыс әкімінің, облыстық мәслихаттың Алғыс хаттарымен марапатталды.

Сондай-ақ, форумға қатысушылар «100 игі іс» тақырыбында ұйымдастырылған көрмені тамашалады.

Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ

Фото aikyn.kz сайтынан алынған

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз